20:03 Абайтануға айқындама | |
ЖАЙЛАУ – САЙРАН Табиғаттың бояуы ескірмейтін бір көрінісі – жазғытұры. «Тәңірінің көзі әділ» демекші, қыстан жүдеп-жадап шыққан пенделеріне көгілдір көктемде күн шуағын, мейірімі-шапағатын Тәңірім үйіп-төгіп береді. Көктемде тамнан киіз үйге шығу, үңгірден шығып, күннің шуағына бөленумен парапар-тұғын. Әже-анасы жанында, бірде күлше нанның, бірде тезектің исі мұрынды қытықтаған киіз үйде, текемет, алаша үстінде кең тыныстап жатып-тұрғаннан артық балаға бақыт бола ма. Көкек (сәуір) айының соңында қар суынан пайда болған үзік-үзік жайылма көлге өзге әлемде қыстаған мыңдаған құстар (қаз, үйрек, тырна, ұзақ, қу, қызғыш, т.б.( ұшып келіп айналаны шуға толтырады. Сол шақтарда жердің көркі еніп, күйзелген адамдар әлденеді, жан-жануар отығады, сөйтіп қысқы ауыртпалықтар тез ұмыт болады. Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі. Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі. Жаздың көркі енеді жыл құсымен, Жайраңдасып жас күлер құрбысымен. Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. Көктемнің керемет құдіретін осылайша суреттеген Абай. Қазақ баласы «жайлау – сайран» деп білетін. Оның салтанаты қыстағы көрген қиындық, азап атаулыны көрген түстей тез ұмытырған. Бір жағынан, мөлдір ауа, аспанда торғай, жерде шегіртке шырылы. Айнала көк кілемдей жусанды дала. Бұл суретке не жетсін, кім-кімнің де жабырқаған жанын қайта жадыратады, адамның күйзелген тәнін өзі емдеп, айықтырып алады. Екінші жағынан, «кәрі құда» қыстың кезінде томаға-тұйық, бір-біріне араласпай өмір кешкен ағайындар сағынысып, жайлауда бір ауылды бір ауыл ерулікке шақырады. Көш сыйлайтын қуаныштарды тілмен айтып жеткізу қиын. Балалар асау тайларын үйретіп әуре болса, бозбалалар тәуір киімдерін киіп, жақсы аттарын мініп, қызды ауылды қырындайды. Жиын-мәжілістер мен ойын-тойлардың баршасы – бесік той, сүндет, тұсаукесер, атқа алғаш отыру, неке, құдалық, қонақ шақыру, қонаққа бару, бәйге, ас беру, т.с.с. жайлау төсінде өтетін-ді. Көш шын мәнінде қызық думанға, романтикаға толы болған. Қазақтың әндері мен күйлерінің көпшілігі жайлау төсінде дүниеге келгені содан. Міне, жайлауды мұқым жұртшылық, әсіресе бала-шаға асыға күтуінің астарында осындай себептер жатты. Тайға міндік, Тойға шаптық, Жақсы киім киініп. Үкі тақтық, Күлкі бақтық, Жоқ немеге сүйініп. Балалық, жастық шақтың бір сәтін ақын осылай өрнектеген. Жидебайға Зере, ұлжан және Құнанбайдың үшінші әйелі Айғыз қыстап отырды. Абай осы аналардың қамқорлығына 15 жасқа дейін бөленеді. Ұлжан мен Айғыздың арасында тел өскен соң, былайғы жұрт Абайды «Телғара» атаған. Айғыздан екі ұл: Халиолла және Смағұл туады. Ұлжанның тұңғышы Тәңірберді (Тәкежан) бала күнінде атасы Өскенбайдың қолында өсіпті. «Абай жолы» романында кіші інілеріне көп қосылмай, саяқ жүретін себебі сол. Ал Ысқақ Құайбердімен бірге Күнкенің қолында өседі. Сондықтан Абай інілері Халиолла, оспан және Смағұлды соңына ертеді. Жаз шыға және күзгі айларда оларға малшы-қызметші көрші-қолаңның балалары қосылып алуан қызықты ермек етеді. Асық, ләңгі, тығылмақ ойнау, тау етегінен жиде, бүлдірген теру, Көлқайнарға барып суға шомылу, үйрек-қазға қаршыға салу, тай үйрету. Қыр балалары үшін естен кетпес қызықтар осылар еді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |