20:07
«Абай жолы» роман-дәуірнамасының қысқаша баяндалуы

І КІТАП / ҚИЯДА

1

17 жаста Абай әке атанады. Ділдәдан үлкен баласы Ақылбек туды. Бір жыл өте кейінгі қызы Күлбадан дүниеге келеді. Бұл кездері Абай өзін әке сезініп жүрген жоқ еді. "Әке болдың" деген жұрттың сөзінен ұялып, қиналып жүретін. Осындай кездердің бірінде көктем келіп, сәуір, мамыр айлары шықса да үскірік боран тоқтамай, ауылдарда мал қырылып, жұт болады. Осындай жұтшылықтан қашып Ырғызбай қыстауларына Бөкенші Дәркембай келе жатты. Дәркембайдың отыз-қырық қойынан шөп қызғанып, Тәкежан Жұмағұлды жұмсап қуа кетеді. Майбасар старшындықтан түскеннен кейін Жұмағұл да атшабарлықтан қалып, Тәкежанмен дос болып алған болатын. Абай үйінде Ербол, Жиренше, Асылбек және Базаралылармен әңгіме құрып отырғанда Дәркембай келіп көмек сұрайды. Абай, Ербол екеуі лезде тұрып, барып Жұмағұлды жақсылап сабап, атын алып қояды. Содан кейін қойлар тегіс маяларға бас қояды. Ал Жұмағұлды үйіне жаяу қайтарады. Абай Дәркембайға жұттан қиналып жатқан барлық ауылдардың малын жинап, алып келуді бұйырады. Бір күн өтпей қорыққа келген ауылдардың саны елуден асты. Сол күні Тәкежан Қарашоқыға бет алып, әкесіне Абайдың үстінен шағымданыпты. Құнанбайдың сәлемін Жидебайға жорға Жұмабай алып келеді. Әкесінің сөзіне көнбей, Абай оны да қайтарып жібереді. Құнанбай бұған ызаланып, ендігіде Жақыпты жібереді. Оған Зере, Ұлжан мен Абайлар да қарсы шығып, Құнанбайдың қыстағы ақылдаспай істеген ісіне ренжігендерін білдіріп, Жақыпты да жөнелтеді. Құнанбайдың биыл қыста бүлдіргені – ешкіммен ақылдаспай төртінші қатын алғаны болатын. Бердіқожа деген қожаның қызы Нұрғанымды тоқалдыққа алған еді. Абай дәл осы істі Жақыпқа айтып жібереді. Құнанбай бұйрығынан құтылған соң Ұлжан мен Абай бар ынтасын көпті күтуге салады. Он бес күн өтеді. Көктемнің шырайы ашылып, жылы жел соға бастайды. Абайдың арқасында елу ауылдың мың жарымдай қойы мен барлық ірі қарасы жандарын сақтап, аман қалады.

 

2

Көктемнің ескегі соға бастасымен жұрт жазғытұры жайлауларына көше бастады. Көші-қон кезінде Зере қатты сырқаттанады. Бір-екі күнде тынысы тарылып, қозғала алмайтын болып қалады. Бір күні таңсәріде Зере көзін ашып, Ұлжан мен Абайға соңғы сөздерін айтады да, әжім басқан көздерін мәңгілікке жұмады. Күн шығысымен хабар шартарапқа тарап, ағайын тегіс жиналады. Абай түңіліп, ешкіммен сөйлескісі келмей, қайғыға батып кеткен болатын. Қырқына шейін әжесінің рухына арнап Құран аударып жүреді. Ұлжан Абайдың қатты ойға түскенін байқап, Ерболмен бірге ел аралап қайтуын сұрайды. Сүйіндіктің Асылбегі Абайды қонаққа шақырыпты. Олар солай қарай бет алысты. Біраз күн ол жерде қонақ болып, Қадырбай ауылына Қарашаш және бір топ жастармен барады. Сұрастыққа тек мамырдың жұтын сұрайды. Қызық ойын-сауықтар болады. Осы екі жеті ішінде Абайдың бетіне күлкі жүгіргендей болып, Тобықты жайлауына сергіп қайтады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 190 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: