11:34
"Абай жолы" роман-дәуірнамасының қысқаша баяндалуы

І КІТАП / ҚАЙТҚАНДА

1

Абайдың жасы 13-ке тақалды. Орыс мектебінде 3 ай оқымай, ауылға қайтсын деп әкесі Байтас және Жұмабай деген кісілерді жібереді. Ауылға үш күндік жол қалғанда бала шәкірт барын салды. Ол асып, алға шауып кете берді. Байтас баланы қуып жетіп: "Енді асықпа, Есенбайдың жырасында ұры жатады" - дейді. Бала шәкірт сөзге қарсы орайын білдірмей, біраз бірге жүреді. Соңсоң тағы шауып кетіп, екі-үш белден көрінбей кетеді. Байтастың мінгені Құнанбайдың қара жал бұрыл аты. Ал Жұмабайдың астындағы да Құнанбайдың Найманкөк деген үлкен көк ала аты болатын. Олар баланың соңынан жарыса кетті. Бір бел асса бала көрінбейді. Аздап уақыт өткен соң Жұмабай арт жағынан тасырлап келе жатқан ат дүбірін есітті. "Е, бұл Есенбайдың жырасындағы жау болар", - деп ақ-көк атты тепкілей берді. Күндіз шабатын ұры бет-аузын таңып алыпты. Артынан қуып жеткенде Жұмабайдың қалың қара тымағын көзіне қарай баса кигізіп жібереді. Ақбозат бірдемеге тіреліп тоқтады.

Жұмабайдың реңі қашып қара тымағын алса, ол ұры емес, өзі айтқандай "Құнанбайдың бөлтірігі" Абай екен. Байтас пен Абайдың ішек-сілесі қатып күлді. Аз уақыт өткен соң Абай Жұмабайдан орынсыз ісі үшін кешірім сұрады.

Бұл Шыңғыс бөктеріне үш-төрт ауыл қоныпты. Бұлар "Құнанбай ауылы" деп аталады. Абай ауыл ортасындағы ақ үйлердің қасында қарап тұрған екі шешесі Ұлжан мен Айғызға жеткенше асықты. Аттан түсе салысымен шешесіне беттей берсе, Ұлжан: "Әуелі әкеңмен амандас", - деп, Құнанбайды меңзейді. Сосын Абай әкесі және қасында тұрған кісілерге барып, сәлемін береді. Онымен бірге Байтас пен Жұмабай да келіп сәлемдеседі. Әкесі Абайдан: "Молда болдың ба? Бойыңа қоса білімің де өсті ме?" - деді. Соңсоң шешесіне баруын меңзеп, өзі батыстан келе жатқан төрт-бес салт аттыға қарап тұрып қалады. Абайды шеше-жеңгелері сүйіп, Телғара деп еркелете түседі. Абай бәрімен амандасып болып, бәрінен де көп сағынған Зере әжесінің құшағына енеді. Кеш түсіп, Абай әжесіне арнап өлеңдер айта бастап еді. Біршама уақыт өткен соң Құнанбай баласын шақыртып алады. Абай келіп отырысымен іштегілер қала, оқу жайын сұрастыра кетті. Сөйткенше сырттан Оспан кіріп келеді. Ол Абайдан бес-алты жас кіші інісі. Оспан біраз тыныш отырды да, нашар сөздер айта бастады. Құнанбайдың ашуы келіп, Оспан жұлқып жібереді де, атшабарға алып кетуін бұйырады.

2

Үй іші бірталай жым-жырт болып, отырып қалды. Тек Құнанбай Абайға таныс сөздермен, кей-кейде ыза, зілмен сөз сөйлеп жатыр. Құнанбай біршама тоқтаусыз уақыт сөйледі. Сол кезде Абай жалығып, іште отырған кісілердің жүздерін (беттерін) дәріптей бастады. Абай әкесінің сөздерінде «Қодар сұмның қылығы» дегенді естігенде, ол әуелі

«Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» жырындағы Қодарды елестетеді. Құнанбайдың айтуы бойынша Қодар қазақта болмаған лағнетті іс жасаған көрінеді. Соның шындық не өтірік екенін талқыға салып отыр. Байтас пен Жұмабай қалаға тек Абайды алып қайтуға ғана емес, Құнанбайдың тапсырмасы бойынша Ахмет Риза хазіреттен осы іске фәтуа сұрауға барыпты. Ол болса: «Жазасы дарға асу», - депті.

Жалпы бұл жерде жиналған кісілердің мекені Тобықты болады. Тобықтының өзі бірнеше рудан тұрады. Соның ішінде Жігітектен – Бөжей, Көтібақтан – Байсал келіп отыр. Сүйіндік Бөкеншінің адамы, ал Құнанбай Ырғызбай руынан. Ал басты мәселе Қодар Барсақ руынан еді. Жиреншенің үлкендер арасында әбден іші пысып, сыртқа шығады. Бала Абай оны жақсы танитын. Содан Қодардың кім екенін білгісі келіп, ол да тысқа шығады. «Жаңағы осы Қодар деген кім?», - деп сұрады Абай. Сонда Жиренше: «Ол мынау Шыңғыстың ет бөктерінде тұратын жақыны жоқ, жалғыз үйлі бір Барсақ. Қодар биыл қыстыгүні жалғыз баласы өлгеннен кейін келінімен жақын болыпты», - деді. Абай алдымен түсінбеді. Сосын Жиренше бір тұрпайы қозғалыстар жасап, түсіндіре кетті. Содан барып Абай түсінгендей болды. Кейін ол үйге қайтып кірмей, шешесіне қарай беттеді.

 

3

Қодар баласы Құтжан өлген соң келіні Қамқа екеуі біраз қайғырды. Ел ішіне араласпай да қойды. Малдары да шағын. Мал қарауға мүмкіндігі шектеулі Қодар ауыл ішіндегі үйсіз қаңғырған кісі Жанпейісті жанұясымен өз үйіне көшірген болатын. Сол Жанпейіс қой бағып жүргенде басқа қойшыларға бұл сұмдық болмысты таратыпты. Осыған орай Қарашоқыда елдің игі жақсысы жиналып отыр екен. Ол жердің старшыны Майбасар, ал бастығы Құнанбай. Майбасар атшабары Қамысбайға бір-екі атты қосып, Қодар мен оның келінін алып келуді бұйырады. Атты кісілер аса бір ызамен келіп, ол екеуін де қолын артына байлап, атқа мінгізіп алып кетеді.

 

4

Қарашоқы Қодар қыстауынан алыс емес еді. Олар жиын қонысына жақындай бергенде Қарашоқының Барсағы Жексеннің ауылы көрінеді. Соңсоң Қодарларды алып келісімен барлық жұрт сыртқа шықты. Жиында Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар – бәрі бар. Қодар оларға сәлем де айтпады. Ол екеуін сүйреп алып барарда, Қодар: «Ең әуелі ақ-қарамды біліп, содан кейін өлтір», – деп айғай салды.

Бастарына қапшық секілді бірдеңені кигізіп, мойнына жіп (арқан) салады. Сосын атан түйеге қосып тарта бастайды. Қамқаның жаны көпке бармай ұшты. Ал Қодар берілер емес. Азды-көпті уақыт өткен соң Құнанбай қолды сермеп, Қодарды түсіруді бұйырады. Енді жанталасып жатқан шалды құз төбеге алып шығып, тастардың үстіне лақтырады. Сол сәтте Абай мен Жиренше де келген-ді. Байғұстың өлгенін көріп, Абай бет бұрды. Сол кезде, Құнанбай бар дауысымен: «Әлі жаны шыққан жоқ. Енді анау кәпірден өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшін қырық рудың қырық кісісі кесек атсын», – деп, өзі де кесек алып атады. Қодардың ең жақын туысы Жексен ең үлкен тас алып, жиіркенішпен лақтырады. Мұны көрген Абай шыдай алмай, Жексеннің артынан соғып: «Не деген имансыз едің, кәрі төбет? Е ...», – деп, аты тұрған жаққа жылдамдады. Абай атына міне салысымен ауылға шаба жөнелді. Жиналған жұрт үнсіз, жым-жырт тарасты.

 

5

Абай мен Жиреншенің бүгін бұл бәледен шығамыз деген ойы жоқ   еді. Жиренше таңертең бір әдемі Желқұйын деген тазыны Құнанбай ауылына ертіп әкеледі. Абай екеуі біраз қымыз ұрттап, Қызылшоқы деген ұсақ адырға қоян аулауға кетеді. Қызылшоқыға кіре бере Желқұйын қуып, бір қоянды әрең дегенде алады. Олар оқыста аралап жүріп, Шыңғыстың Қарашоқы тұсына келіп қалады. Ол жерде Майбасардың атшабары Жұмағұлға кез болады. Жұмағұл Қарашоқы маңында Қодарды жазалау мақсатында жұрт жиналып жатқанын айтысымен, Абай атын қамшылап жөнеле кетеді. Көргені әлгі. Соңсоң Абайдың іші мұздап, денесі дірілге басып, ауылға қайта жөнеледі. Үйге жетісімен, көрпеге     оранып, жатып алады. Осыдан ол ұшынып қалды ма әлде қатты әсері болды ма, біраз сырқаттанғансып, орнынан тұрмай қояды.

Күн өтті. Күн артынан біршама уақыт өтті. Көктемнің көзі шығып, ел көшуі жақындады. Биыл ел көшіне белгілі қоныстар: Талдыбұлақ, Барлыбай, Қызылқайнар. Абай атқа мінуге жарағанымен, үйден аса көп шықпайтын. Оған әжесі көп-көп ертегілер мен әңгімелер айтушы еді.                                               Соның   ішінде   «Еділ-Жайық»,   «Жұпар   қорығы»,   «Құла   мерген», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Жүсіп-Зылиқа» секілді жыр-дастандар болатын. Осындай әдебиетке зейін қойып, тыңдап жүрген күндердің бірінде үйге екі бөгде қонақ келіп қонады. Бірін Абай таниды. Ол былтыр жайлауға келіп, «Қозы Көрпеш- Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Екіншісін бала Абай танымағанымен, шешесі жақсы біледі екен. Ол кісі Барлас деген ақын болатын. Сол түні Барлас «Қобыланды Батыр» жырын сұлу да әсерлі етіп жырлап береді. Абай шешесімен екі қонақты бір айға шейін жібергісі келмеді. Телғара осы аралықта Асан қайғы, Бұқар жырау, Марқабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сыбанбай, Алпыс ақындардың жырларына молығады. Абайдың ауырғаны да есінен шығып кеткен болатын. Ұлжан да риза болып, қонақтардың кетерінде Барласқа семіз көк атты, ал Байкөкшеге торы құнанды сыйға береді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 263 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: