09:10
Абай тағылымы

АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ

З.Қабдолов:

«Ұлт ақыны болу – сол ұлттың сөзі ғана емес, өзіне айналу... Абайдың кереметтігі де сондай: қазақтың сөзіне, сөзі арқылы өзіне айналуында... Әр қазақ Абайдың әр сөзінен өзін көреді... Абайдың ұлт ақыны екендігі сол: өз өлеңдеріндегі ұлттық ерекшеліктердің бүкіл адамзат мәдениетіндегі биікке көтеріліп, бірлікке ұласуында жатыр.

Абайдың лирикасы – кең көлемді мол қазына, биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Алдымен, Абай – ақын. Ақын болғанда, бүкіл бір халықтың ұлттық мәдениетінің ғасырлық мерейі, әдебиетінің заңғар биігі болған данышпан, классик ақын...

Ол өлеңді өмірге игі әсерін тигізетін, адамға ақыл-өнеге беретін өнер деп біледі. Ақын алдымен, азамат болуы, халықпен бірге қуанып, бірге күрсінуі керек, сөйтіп, елінің тілегін толғап, мүддесін ойлап, сырын жырласын, ақиқат шындықты суреттесін дейді».

А.Нұрқатов:

«Бүкіл адам баласына хас тақырыптарды Абай әлемдік поэзияның деңгейіне көтеріп, жырлады. Өз шығармашылығына қажет мазмұнды ол сол кездегі қазақ шындығынан тапты. Абайдың дәуір көріністерін ғана емес, тұтас халықтың сипаты мен мінезін , адам бейнелерін жан-жақты әрі барынша шыншыл да терең қамтып жырлағаны соншалық – оның шығармаларын қазір оқығанда да көп күйлерді сезініп, көп бейнелерді айнытпай танып отырамыз. Жарқын жайларды көріп, қуансақ та, жамандықтан түңіліп, жиренсек те, ашу-ызамызды немесе ең абзал сезімдерімізді ана тілімізде білдірмек болсақ та, біз ең алдымен, Абайға ден қоямыз, оның бәрін қамтыған поэзиясынан медет тілейміз...

Абай шығармаларын оқи отырып, біз оның ақындық ойының түпсіз тұңғиықтығына, ақындық сезімдерінің әсерлілігі мен шексізбайлығына, тазалығы мен мөлдірлігіне таң-тамаша қаламыз. Ол өмірге, шындыққа қыранша шырқау биіктен қарады. Бірақ оның көреген көзі еш нәрсені мүлт жіберген жоқ, оның үлкен жүрегі бәріне де сергек үн қатты, дәуір дүбіріне қоса жаңғырықты. Ол ұлы ойлар мен ілгерішіл идеяларға, ғажайып көркемдікке толы тұтас бір әлем тудырды. Әдебиет пен көркем өнерде гуманизм мен демократизмді, халықтық бағытты көксеген суреткерлерге уақыт сол әлемнің есігін айқара ашты».

Т.Қожакеев:

«Қазақтың ұлы Абайы да осындай жандардың бірі еді. Сондықтан да ол өз дәуірінің қатал сыншысы, елдегі сорақылықтардың бітіспес міншісі болды. Ол жалпы әдебиетті ғана емес, оның сатира, юмор саласын да жаңа белеске көтерді. Бұрынғы жыр, толғау, дидактикалық өлең, шешендік сөз түрінде ғана келетін сатира-юморды жаңа түр, жаңа мазмұн, жаңа сапамен байытты».

М.Базарбаев:

«Қазақ халқының әдебиетінде Абай салған жол ерекше. Ұлы Абай өз дәуірінің сөзін айтып, қараңғыда қамыққан жабырқау көңілдің, езілген халқының мұңын шақты. Әділдік пен әділетсіздіктің адам баласы тарихындағы орнын жалпылама айтпай, Абай өзінің туған халқының тағдырын, тұрмыс-күйін, өмір-тіршілігін сөз етті, әділдікке жетуді, сәулеге, жарыққа ұмтылуды уағыздады. Абай «ескі билерше бос мақалдап отырмай», нағыз әлеуметтік, көкейкесті жайларды көтерді. Ақын мен поэзияның қоғамдық рөлін, оған халық жүктейтін парызды аңғартты».

З.Ахметов:

«Абай есімі қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен әлеуметтік рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениетке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы болып қалыптасқан...

Абай епкен ұрық, еккен дәндер бір ғасырдан бері өсіп-өніп, біздің әдебиетімізді, мәдениетімізді, бүкіл рухани өмірімізді көркейтіп келеді».

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: