09:37 Абай тағылымы | |
АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ М.Әлімбаев: «Абай – телегей теңіз. Абай – тұңғиық мұхит. Жан-жүрек мұхиты. Абай – түбіне көз түгіл, ой жетпес биік аспан, жеті қат ғарыш... Абай – таусылмас уақыт. Абай – сарқылмас бақыт. Тірлігімнің мағыналы-мәнділігіне куә – рухани ләззаттың бірі болғандығынан да Абай жырлары мені сусындата шөліркетеді, құмарттыра түседі». С.Қирабаев: «Ұлылар өз халқының рухани мәдениетін бүкіл дүниежүзілік озық үлгілерімен табыстырып, оған өз ұлтының өзіне ғана тән ерекшеліктерін, ой-пікір байлығын, сөз өнерінің үлгісін қосады. Абай – қазақ халқының осы топқа қосқан ұлы ақыны, классигі. Оның мазмұны жағынан аса терең, гуманистік-философиялық ой-толғамдарға бай, адамдықты ардақтап, оның рухын биікке көтерген оптимизмге толы жарқын творчествосы кешегіні бүгінгіге жалғастырған алтын көпір сияқты өзінің туған халқын, сл арқылы өзі бауыр тұтқан адам баласының бәріне ерекше қызмет етіп келеді. ол біздің халықтың ұлттық оянауына, сана-сезімінің көтерілуіне, әдебиеті мен мәдениетін жаңа сапада қалыптастыруға, қазақтың әдеби тілін орнықтыруға барынша мол еңбек сіңірді. Ол қазақ өмірін, оның адамдарын, табиғатын, жан дүниесін терең білді және соны бірінші болып көркем әдебиет бетінде жан-жақты бейнеледі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан сәл де болса, жалғандық табу қиын. Бәрі де бар, болған және қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. ұлы суреткер ретінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады». Т.Кәкішев: «Абай – қазақ әдебиетінде талай типтің үлгісін жасаған ұлы ақын. Әсіресе жағымсыз типтерді көп жасады, кейіпкерді типке айналдыруда оған екі мәнді арна – орыс әдебиетіндегі сыншыл реализм бағыты, ұлы сатирик Щедриннің ұстаздық ықпалы, екінші, қазақтың ауыз әдебиетінің тамаша үлгілері әсер етті. Өмір шындығынан алынып, озық идеяға негізделіп, шын ақындық електен қастерленіп шыққан типтер сол өзін тудыруға себепші болған қоғамдық құрылыстың сыр сипатынан хабар береді... Абай творчествосының дені – халықтың қамын жеген, демократтық идеядан нәр алған, өмірді сыншыл реализм бағытымен суреттеген шығармалар». Р.Бердібай: «Абай мұрасы – мәңгілік мәнін жоймайтын, әр заманда да әсері азаймайтын, уақыт озған сайын терең сырлары ашыла түсетін, бүгінгі мен болашақтың сан буынын тәрбиелейтін ұлттық байлығымыз... Ал классикалық әдебиетіміздің асқар биігі болып табылатын Абай шығармаларын әрдайым қайталап оқып, мағынасын ұғып отыру халқымыздың елдік санасын, көркемдік тұшынымын өсіретін мықты құрал болып қала береді. Керісінше, Абайдың асыл ойлары мен ақыл сөздеріне, халқына қалдырған ғибрат, өсиеттеріне немқұрайды қараушылық зындандай қараңғылық, ем қонбас жәһілдік белгісі болмақ. Ендеше, жаңа тарихымыздағы ең ірі, ең нұрлы тұлға туралы пікір тізбегі толастамауға тиіс». баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
