23:11
Абай тағылымы

АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ

М.Ақынжанов:

«Абайдың қоғамдық—саяси көзқарасының шоқтығы – халық үшін еңбек ету, кетігін тауып, кірпіш болып қалану. Ол үшін білім алу керек, алған білімді халыққа беру керек. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқалармен оздым дегеннің бәрі – ақымақтық».

Абай өмірі, тілегі, мақсаты, міне, осы. Үйрету, үйрену, оқу, талпыну, талаптану – осының бәрі халық үшін.

Абайдың асыл қазыналары, оның халықтық идеясы, демократизмі, халықты шексіз сүюшілігі, халық рөлін жоғары бағалап, оның тарихтағы орнын биік шыңға көтеруі, халықтар достығын жоғары бағалауы – бүгін де бағалы».

А.Машанов:

«Әлеуметтік ойын қорыта келіп, Абай артындағы ұрпаққа аманат артады: «Ей, жүрегімнің қуаты – перзенттерім, «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша біткендігінен емес» дегенді айтады. Мен бастадым, сендер әрі іске асырасыңдар» дегені.

Данышпан ұстаздың осы ауыр аманатын мойынға алу, соған еңбек ету, соған тілектес болу, сол жолдағы адамға қол ұшын беру бәріміздің адамдық міндетіміз деп білемін».

Х.Сүйіншәлиев:

«Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абай Құнанбаев – өз ұлтының реалистік, гуманистік жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ поэзиясын қоғамдық дамудың озық деңгейіне бағыттап, өз кезінің ең басты мәселелерін дәл бейнелеп, дұрыс қорытынды шығара білген прогресшіл ақын. Ол халқының болашағы үшін жан аямай қызмет етті, оны мәдениет нұрына үндеді. Белгілі бір тарихи кезеңнің алға қойған сұрауына жауап беріп, елінің әдебиет көшін зор мақсатқа меңзеді.

Кемеңгер ақының ұлы мақсат-мүдделері бізге тамаша гуманистік әдеби еңбектері арқылы жетті. Абай қалдырған бұл мұралар өз дәуірінің алуан түрлі мәселелерін қамтыды, сол кездегі қазақ елінің шын сырын ашты».

Т.Әлімқұлов:

«Абай – азамат, қайраткер, санаткер, ойшыл, ақын! Ол – өз заманының перзенті, тұстасы, ағасы, атасы. Ол – өз дәуірінің күрескері, ақылгөйі. Осының баршасын топтастырғанда, «Абай» деген кемеңгер тұлға туады... Психологияны анықтайтын ғылым бір бейімді адамды талант тобына телісе, бірнеше бейімнің басын қосқан кісіні данышпан деп таниды. Абай Құнанбаев осының соңғысына жатады».

Ә.Нұршайықов:

«Енді ойлап қарасақ, Абай жас жандарға ғана емес, қарт адамдарға да сондай ерекше әсер етеді екен. Оның себебі қалай десек, Абай өзінше бір Күн екен. Ақыл мен ойдың, даналық пен данышпандықтың Күні. Ақын ойынан тараған өлеңдердің күн сәулесі жолдары мен шумақтары өмірдің ойы мен қырын жарқыратып, алдыңа, алақаныңа жайып салады. Оның әр қатпарындағы адамдардың мінез-құлқын, айла-әрекетін, мақсат-ниетін, жүрегі мен миының қай қалтарысында не жатқанын дөп басып, дәл көрсетеді. Міне, осы шыншылдығымен Абай өлеңдері кәрінің де, жастың да көкейінде мәңгі сақталады».

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: