22:00 Абай тағылымы | |
АБАЙДЫҢ ТАНЫЛУЫ Қ.Бекхожин: «Абайдың негізгі көздеген мақсаты қазақ халқын қараңғылық, жауыздық дүниенің қысымынан құтқарып, мәдениетті елдердің қатарына қосу, қазақ халқының мәдениет арқылы өсіп-өркендеуі, әділеттік, адамгершілік салт-санаға ие болуы еді. Өмірді қайта жасауда өнер-білімнің зор құрал екенін Абай баса айтады... Абай – қазақ халқының ұлы ақылгөйі, қамқор ақыны. Өзінің жүекті тербеткен көркем шығармаларында ескі ой, асыл пікірлер айтып, сол кездегі қазақ қоғамындағы қым-қиғаш қарым-қатынастарға кемеңгер төреші, әділ сыншы, жарық жол іздеуші халықтың батагөйі болды». М.Қаратаев: «Қай халықтың да белгілі бір заманда бетке ұстап, бедел тұтар дара тұлғалы данышпаны болады. Ол өзінің озық ой-санасымен халқының тарихи дамып жеткен бүгінгі рухани дәрежесін таныта отырып, оның алдындағы болашақ мұрат межесін меңзейді. Сондай кісінің бірі және бірегейі біздің қазақ халқының өткен ғасырда өмір сүрген ұлы қлттық ақыны Абай екені әмбеге аян... Біздің қазақ жерінің шығысында таң сәріде жарқырап туған Шолпан жұлдыздай, ұлы Абай халқымыздың дара туған данышпан тұлғасы, жарығы мен жалыны еді ғой». Т.Нұрғазин: «Абай – ...эстетикалық, творчестволық мәдениеті жоғары жазушы, орыс демократтарының озық эстетикасымен қаруланып, заман тілегіне сай өрелі идея дәрежесіне жеткен елге әйгілі ақын... Абай өзінің толық тұлғалы өлеңімен қазақ поэзиясының өрісін кеңітті; бұрын қазақ поэзиясының ауқымына сыймаған мәселелерді, өмір көріністерін шығармасына арқау етіп жырлады. Әлеуметтік, тұрмыс-экономикалық мәселелерді сипаттау, адам характерін, образын жасау, сүйіспеншілік нәзік сезімдерді суреттеу , табиғат көркін бейнелеу, міндіні қаза мінейтін сатира жасау өнеріне Абай – өнегелі озық шебер». Ә.Тәжібаев: «Ақынның реалистік шындықтан өмір сұлулықтарын, туған жері мен туысқан елінің жылы, жастық шақтарын, бақытты кезеңдерін көріп сүйсінулері біржақты, сыңар тарта мадақтау болып шықпағанын көрдік. Жаратылыстың табиғи қалпындай., Абай жасаған дүниеде жарық пен көлеңке өлшеулері кілең мөлшерлес жүреді... Оның лирикасы қандай тақырыпқа жазылса да, я шексіз сүйсінуден, я шексіз күйінуден туады. Толғатпай, күймей, қиналмай, қаны тулап, жүрегі алқынбай жазылған жыр Абайда некен-саяқ... Ақын қазір тас бұлақтың суындай сылдырлаған әсем келісімге (гармония) ғана ғашық. Сұлу келісім – оның көзінде ерке жардай ең қымбаты... Мұның бір сөзі ғана ма, бір дыбысын алуға я өзгертуге болмайды». Ә.Қоңыратбаев: «Абай Құнанбаевтың ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі қызметі орасан зор. Ол халық тілімен жазылған жаңа реалистік әдебиеттің негізін қалады. Әдебиетті қоғамдық өмірдің прогрессивтік талаптарына құрал ете білді. Өмір шындығын терең қамтып, оның қайшылығын көрсетіп берді. Халық өмірін поэзия кестесіне түсіріп, көркем әдебиетте жаңа образдар галереясын жасады». Ә.Марғұлан: «Абай – әлемдік әдебиеттен белгілі орын алған кемеңгер ойшыл, адам баласын шындыққа, игілік іске, еркіндікке шақырған ұлы ақын. Ақынның жазғандары өзінің бейнелі көркемдігімен сәулетті дүниедей адам көңілін баурап алса, оның мазмұны да жүрекке сәуле түсіргендей, жаңа бір қызықты, қуанышты дүниеге кіргізгендей болады». баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
