09:33
Абай әлемі

«МЕН КӨРДІМ ҰЗЫН ҚАЙЫҢ ҚҰЛАҒАНЫН...»

Абайдың 1898 жылы аударған өлеңі. Туынды түпнұсқада 16 жол болса, аудармада – 20 жол. 1945 жылғы толық жинақта бұл өлең М.Ю.Лермонтовтан аударма деп көрсетілген. Кейінірек академик З.Ахметов бұл өлеңнің «Я видел березу – сломилась она» деген орыс романсының (сөзі – В.А.Крылвтікі, музыкасы – А.Г.Рубинштейндікі) аудармасы екендігін анықтады.

Я видел березу – сломилась она,

Верхушкой к земле преклонилась она;

Но листья не блекли на тонких ветвях,

Покамет не спряталось солнце в горах.

Я бабочку видел с разбитым крылом,

Бедняжка под солнечным грелась лучом,

Стараясь и слабость и смерть превозмочь,

Пока не настала холодная ночь.

Стрелка видел я, как он лань подстрелил,

Животное пало в крови без сил.

Со смертью бороться оно не могло,

И жить перестало, как солнце зашло.

Ах, мне изменила подружка моя,

И солнце померкло давно для меня;

Но смерть и покой я напрасно зову

И с сердцем разбитым живу да живу.

Абайдың аудармасы орысша мәтінде мағынасы жағынан түпнұсқаға жақын болғанымен, көркемдік шеберлігі жағынан әлдеқайда артық екені айқын көрініп тұр. Өлеңде айналадағы табиғат, жан-жануар тіршілігінен, адам өмірінен төрт қайғылы көріністі алып, қатар қойып, мұңды сарынның барған сайын үдей түсуі арқылы, ғашық жардың опасыздығына қапаланған көңіл күйін неғұрлым әсерлі көрсетуге ұмтылғандық байқалады. Абай өз өлеңінде осы бейнелеу тәсілін өте шебер қолданады. Ол құлап жатқан қайыңды жанды бейне кейпінде алып:

«Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,

Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?» -

деп сипаттайды. Кеудесіне оқ тиіп, қансырап жатқан қызыл киікті суреттегенде де: «Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?» - дейді. Осындай қайғылы сурет – көріністер аяныш сезімін туғызу үшін ғана емес, өмірге құштарлықты өнеге ету үшін берілгені анық. Оны күн шуақта сынық қанат көбелектің қалт-құлт етіп жатқанын баяндай келіп Абайдың:

«Жылы жүрек суынды, жара түсті,

Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік...» -

дейді Абай. Орыс ақынының өлеңі осымен аяқталады. Соңғы түйінді ой – ғашық жардың уәде бұзғандығы, баянсыз махаббаттың азабы. Абай онымен тынбай, тағы бір шумақ өлеңді тыңнан қосып, өмір, дүние жайлы кең көлемде ой толғайды, адамның опасыздығын «жеп жүр ғой біреуінің біреу етін» деп, қоғамдық қарым-қатынас тұрғысын көрсетеді. Өлеңді:

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші – түтін...» -

деп түйіндейді. Сөйтіп, Абай өлеңнің ғибраттылық мәніне үлкен әлеуметтік пікірді үстемелеп, қазақ қоғамының өмірінен алынған қорытынды-түйін жасайды. Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасы өрнегімен кестеленген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланған.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: