23:16 Абай әлемі | |
ТЕРЕКТІҢ СЫЙЫ («Асау Терек долданып, буырқанып...») М.Ю.Лермонтовтың «Дары Терека» атты өдеңінің 1898 жылы Абай тәржімелеген туындысы. Орысша түпнұсқасы 76 жол, қазақшасы 38 жол. Абай өлеңді еркін аударған, алайда жалпы мағынасын, көркемдік құнын қазақ оқырмандарына ұғынықты етіп жеткізген. Кезінде В.Г.Белинский айтқандай, Кавказды мадақтау – Терек өзені мен Каспий теңізі бейнелері арқылы әсем жер аймағын оқырман көз алдына елестету. Кавказдан бастау алып, Каспийге құятын Терек оған қажет сыйлықтар әкеледі. Кәрі Каспий басында қалқыған бойымен өзеннің сыйына селт етпейді, үн шығармайды. Тек артынан «казак-орыс қатыны бір сұлуды әкеліп ем» дегенде көзін ашып, сылқ-сылқ күліп, жылы жүзбен амандасады. Лермонтов өлеңдерінде нақтылы, табиғат суреті мен көркемдік қиял осылай әдемі ұштасып келеді десек, Абай соның бәрін өзіндік бояуын сақтай отырып, әсерлі етіп қазақша айтып жеткізген. Ал, жеке сөздерді, сөйлемдерді аударғанда алшақ кеткен тұстары бар. Көбірек айтылатыны өлеңнің алғашқы шумағындағы: «Арыстанның жалындай бұйра толқын Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып», - деп келетін тармақтар. Бірақ, осындағы «айдаһардай бүктеліп» дегенін еркіндікке атқызсақ та, «арыстанның жалындай» дегені Лермонтовтың басқа бір шығармасындағы: «И Терек, прыгая как львица, С косматой гривой на хребте», - деп келетін сөздермен үндес екені байқалады және жал – аңдар арасында арыстанда ғана болатынын Абай дұрыс ескерген («львица» деп жаңылыс айтылған ғой). Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |