16:37 Абай әлемі | |
ТІЛІМ, САҒАН АЙТАЙЫН... («Әбдірахманға Кәкітай атынан хат») Абайдың 1894 ж. Жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 17 шумақтан тұрады. Абай заманында айтқан ойын басқа біреу арқылы білдіру кең тараған. Мысалы, ғашығына деген ниетін жеңгесі арқылы айту, қайын жұртқа деген базынасын баласы (жиені) арқылы білдіру, жеткізу. Абай бұл өлеңінде өз ойын жеткізу үшін сондай тәсілді пайдаланған. Кәкітай арқылы өз айналасындағы шәкірт ақындар шығармаларының сарапшысы Әбдірахманнан әділ-қазылық күткендей. «Мен жазайын сізге хат, Оқып көрсін ол шындап...», яғни жазған өлеңдерінің бағасын енді сенің аузыңнан да бір тыңдап көрсінші дейді. Ақынның білімді баласына шағынып отырғандығы, сөз ұқпаған біреуге іштей күйінгендігі байқалады. «Ұрлаған сөз деп айтасың, Сөз ұрлыққа жүре ме?...» деп, мәйекті сөз тіркесінің бір ақын емес, бірнеше ақынның жыр жолдарына түсіп, әр қилы мағына беріп жатуы оғаш нәрсе еместігін ескертеді. Абай ақын балалары Мағауия мен Кәкітай арасындағы шығармашылық тартыстың төрелігін енді Әбдірахманнан күтеді. Өлең соңы негізгі тақырыптан ауыңқырап, енді хат жазушының әкелік, інілік сезімін танытады. Алыста жатқан ағасының жанына барып, қызмет ете алмай жүргеніне өкінішті екенін білдіреді. Дімкәстау бауырының денсаулығына деген алаңдаушылық еміс-еміс елес бергендей. Өлең 7-8 буынды шалыс ұйқас үлгісінде жазылған. Алғаш ақынның 1933 ж. жарық көрген толық жинағында жарияланды.
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |