10:36 Абай әлемі | |
ХҰП БІЛЕМІН, СІЗГЕ ЖАҚПАС... Абайдың 1889 жылы А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» атты романынан аударған үзінді өлеңі. Онда Онегиннің арада бірнеше жыл өткеннен соң өзі бір кезде жар етуден бас тартқан Татьянаға қайтадан жолыққанда ғашықтық сезімін білдіріп жазған хаты көркем кестеленеді. Орысша нұсқа 60 жол, басы «Предвижу все, вас оскорбит, Печальной тайны объясненье, Какое горькое презренье, Ваш гордый взгляд изобразит!» деп басталады. Абайдың өлеңі 64 жол. Ақын туындының жалпы мағынасын ғана сақтап, оны мүлде еркін аударған. Мысалы, «Сен бетіңді әрі бұрсаң, Шықты көзім, болды көр. Жанды аларсың разы болсаң, Біздің орын – қара жер» немесе «Бар ма өмірім, қармалайын, Жоқ болса, мен өлейін» деген сияқты жолдар түпнұсқада жоқ. Онегин аузына Пушкин: Я знаю: век уж мой измерен; Но чтоб продлилась жизнь моя, Я утром должен быть уверен, Что с вами днем увижусь я...» - деген сөздерді ғана салған. Абай болса, Онегинге тек қана «Менің өмірім таянып тұр, Үзілуге әм жаным» дегенді ғана емес, оған өмірмен қоштасуға бел байладым дегенді айтқызады. Бұл – Абайдың өлеңді еркін аударудағы өзіндік тапқан көркем шешімі. Осы орайда Абай Пушкиннің «Евгений Онегин» романында «Онегиннің өлердегі сөзі» деген өлеңді өзі шығарып, Онегинге: «Атам-анам қара жер, Сен аша бер қойныңды», - дегізіп, оны өмірмен қоштастыратынын да еске түсіру артық емес. Өлең 7-8 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Мүрсейіт қолжазбаларының негізінде алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Абай «Хұп білемін сізге жақпас» өлеңіне ән шығарған. А.В.Затаевич: «Хұп білемін, сізге жақпас» аударманың музыка тілі сәтті, жақсы шыққан қазақ авторының туындысы», - деп жазды. Әнді 1939 жылы академик А.Қ.Жұбанов М.Мұхамеджановадан жазып, хатқа түсірген. Ән речитативті мәнерде орындалады, жігерлі характерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар Абай әндерінің ішінде көп вариантты «Татьяна сөзі» әнімен де сарындас екенін аңғартады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |