21:22 Абай айнасы - рухани кемелдену | |||
ЖАРАТУШЫНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ Зәредей толық бөліктердің, яғни тірі жандардың, Толық Бүтінді тануға мүмкіндігі бар. Бірақ жүрек көзін фәни өмірдің шелі қаптағандықтан адам Оны тани алмайды. Соның салдарынан адамзат Жаратушыдан бөлініп, «толық қанды өмір сүру үшін» табиғат байлықтарын қарақан басының қажеттілігін өтеуге жұмсайды. Бірақ бұрыс жолға түсіретін бұл әрекеттер алдамшы өмір бастауы болып табылады. Толық Бүтінмен бірікпейінше адам өмірінің бақытты болуы мүмкін емес. Айталық, қол денемен бірігіп тұрғанда ғана оның толық бөлігі болып табылады. Ал егер оны денеден бөліп тастайтын юолса, ол қолдың түрі сақталғанымен, қолдық қасиеті жоғалады. Сол сияқты адам баласы Толық Бүтіннің бөлінбес бөлшегі болғандықтан дүниеде өз орнын тауып Толық Бүтіннің ықпалымен әрекет етсе ғана өмірі толық болмақ. Өмір өзінің негізгі мұратына бағытталмаса, оның құны жоғалады. Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген сөзінің осындай терең мағынасы бар. Алланың сипаттарының барлығы өзара тең. Ол туралы Абай былай дейді: «Бірақ әуелде айтқанымыз; ғылым, құдірет – біздің ұғуымызға ғана екі хисап, болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса, сипаттар өз орталарында бірі табиг[i], бірі мәтбуг[ii] болады ғой. Бұл болса, тагриф раббыге[iii] жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «ла ғаиру уә ләһу»[iv] болып, былай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамигат[v] шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды әрбірін басқа-басқа дегенде көп нәрседен жиылып, ииттифакбірлән Құдай болған болады. Бұлай деу бутыл[vi], бір ғана құдірет пендеде болған қуат». Абай Алла тағаланың мейірімділік сипатын да көрсетеді. Мейірімділік сипаты сегіз сипатының ішінде көрсетілмесе де оны Алла тағаланың Жарылқаушы, Мейірімді, Кешіруші, Сүюші, Қорғаушы, Ара тұрушы, Ырыздық беруші, Пайда берушң, Басқарушы, Жақсылық жасаушы деген есімдерін саралап білуге болатынын айтады ойшыл. Оған дәлел келтіреді. Сонымен Алла тағаламен рухани әлемде де, материалдық әлемде де ешкім тең келмейді. Алла тағала бүкіл болмысты өзінің қанағаттанып ләззаттануы үшін жаратса, онда бүкіл болмыстың міндеті – сонымен бірге бүкіл адамзаттың міндеті – Оны ләззаттандыру. Ол іс-әрекет арқылы, яғни қызмет арқылы орындалады. Сонда ғана бұл болмыс, сонымен бірге бүкіл адамзат өзінің міндетін орындайды. Барлық қасиетті кітаптарда айтылатын адамның негізгі міндеті – Құдайға құлшылық Абай ілімімен осылай дәлелденеді. Үлкен машинаның әрбір бөлшегінің өз орны, өз қызметі бары тәрізді, әрбір адамның да бұл өмірде өз орны, өз міндеті бар. Аллаға құлшылық жолында әркім өзінің сол орнын тауып, бүкіл әлеммен бір мақсатта қызмет етуіне шақырғандай болады хакім Абай. Сонда ғана бүкіл әлемге ортақ бейбіт те бақытты өмір орнамақ. Құдайға деген сүйіспеншілікке дету Онымен қарым-қатынас арқылы ғана болғанда Оны танып, Оның сүйіспеншілігіне бөленуге мүмкіндік туады. Бұның бәрі – тұлғалық қарым-қатынастар. Сондықтан Алланың тұлғалық сипатын қабылдағанда ғана Онымен байланыс орнайды. Сені де сүйе білетін тұлғаны сүюге, өзара қарым-қатынас орнатуға болады. Ендеше, Алланың Тұлға екенін түсінбейінше Абайдың «үш сүюіндегі» Алла тағалаға деген сүйіспеншілікке жету мүмкін емес. Абай көрсеткен Алланың осы қасиеттерін сезінгенде ғана Оны тану мүмкіндігі туады. Оның керемет қасиеттері болып табылатын ең жоғары құдіреттілігін, даңқын, байлығын, білімін, әдемілігін, сонымен бірге Оның бүкіл болмысты алаламай, бірдей көретінін түсіне аламыз. Сонда адам баласында Аллаға толық мойынсұну құштарлығы туады. Бұны «толық адам», яғни Алла тағалаға жетудің ең тура жолы деп көрсетеді данышпан. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 2 | |||
| |||