23:12 Абай айнасы - рухани кемелдену | |||
ЖАРАТУШЫНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ Алла тағаланың сегіз сипатын Абай отыз сегізінші қара сөзінде былай деп атайды: «Алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәміғ, Ирада, Кәлам, Тәкин». Енді Абай жүйесімен Алла тағаланың осы сегіз сипатына жеке-жеке тоқталып, Оны түсінуге ұмтылайық. 6. ИРАДА (ТІЛЕК, МАҚСАТ, ҚАЛАУ). Алла тағаланың бұл сипатының маңызын Абай баса көрсетеді. Себебі Алла тағаланың барлық әрекеті осы сипатымен түсіндірілсе керек. Ол қалауы бойынша әрекет етеді. Оның қалауы болмаса әрекет те болмайды. Алла тағаланың қалауы бүкіл әрекеттердің себебі болып табылады. Біздің әрбір әрекетіміз де Алла тағаланың қалауы бойынша болып отыр. Оның қалауынсыз ешқандай да өмір болмақ емес, тіпті шөп басы да қимылдамайды. Алла тағаланың бұл қасиеті, Оның қуаты әлемдік сымбатында да бар. Сонымен бірге барлық бөлшектерінде, тірі жандарда да бар. Тірі жандардың мақсаттары Алла тағаланың қалауымен сәйкес болу керек. Сонда үйлесімді кемелді өмір болады. Өкінішке қарай, жан иелері өздеріне берілген аздаған еркіндікті дұрыс пайдалана алмай, өз мақсаттарын Алла тағаланың қалауымен сәйкестемейді. Бұл Алла тағала мен жан иелері өмірі арасындағы сәйкестікті бұзады. Сөйтіп жан иелері Алла тағаладан ажырап, адасу жолына түседі. Адамдардың түрлі діндерге бөлінуі, не болмаса ол діндердің өзгешеліктерін өздерінің саяси мүдделеріне қолдануға ұмтылуы бүгінгі адамзат қоғамында көптеген зардаптар тудырып отырғаны белгілі. 7. КӘЛАМ (СӨЗ, ТІЛ). Сөз Алла тағаланың жаратушы құралы тәрізді. Інжілде де жаратылыс болмай тұрып «әуелі сөз болды» делінеді. Сөз арқылы барлық білім беріледі. Ал өмір білім арқылы болады. Білім жоқ жерде өмір де жоқ. Сонымен бірге, «Сөз» деп бұл арада адамдардың пайдаланатын сөзі ғана емес, барлық қуат түрлерін түсіну керек. Сондықтан бұл тек дыбыс толқыны ғана емес, басқа да толқындар түрінде болуы мүмкін. Алла Тағаланың сөйлеуі, көруі, естуі жан иелерінен мүлде өзгеше. Оның сөзі дауыссыз, ал көретін көзі, еститін құлағы жан иелерінікіндей емес, Өзіне ғана тән ғажайып сипатты. Абай бұл туралы: «Ол ирада – ғылымның бір сипаты кәлам, яғни сөйлеуші деген: сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, самиғ, яғни көруші, естуші деген Алла тағаланың көрмегі, естімегі біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты», - деп жазады. Абай «Алла тағаланың көрмегі... ғылымның бір сипаты» дегенде «ғылым» сөзін бүгінгі күндегі материалдық ғылымды, онан әлдеқайда кең мағынадағы Алла тағаланың қасиеттерімен байланыстырып, болмыс көріністерін білдіру үшін қолданылатынын тағы да ескерте кетейік. Абай бұл сөзінде Алланың материалдық әлемнен тыс рухани қасиеттерін береді. Оны түсіну үшін адамның алған білімі немесе ақылы жеткіліксіз. Алла тағаланы Оған қалтқысыз сеніп, қапысыз иланған адам ғана тани алады. Рухани дене адамның қарапайым тәнінен мүлде бөлек. Оны материалдық сезіммен танып-білуге болмайды. Алланың денесі материалдық емес, рухани болғандықтан, Оның мекені де материалдық әлемде емес, рухани әлемде болуы керек. Абайдың «Лай суға май бітпес, қой өткенмен» өлеңінде Алла тағаланы «ләмәкан» (мекенсіз) дегені соны білдіреді. Рухани дүниені материалдық ақыл-еспен, сезіммен тануға болмайтыны белгілі. Оны рухани көзі ашық адам жүрегі арқылы ғана сезе алады. 8. ТӘКИН (ТУДЫРУ, ЖАСАУ, БАР ҚЫЛУ). Бұл Алла тағаланың жаратушылық сипаты. Ол Өзінің қалауына сәйкес ләззаттануы үшін болмысты жарататыны бұған дейін айтылды. Болмыстың өзі Алла тағаланың көрінісі, себебі Өзінен басқа ешкім де, ештеңе де жоқ. Сондықтан Ол жаратқанда барлығын Өзінен шығарады. Осыдан Алла тағала жалғыз және бір, барлық себептердің себебі деген тұжырым шығады. Онсыз ешқандай да себеп жоқ. Оның болмысының себебі – Оның Өзі. Ол барлығын жаратқан. Бірақ қалай жарату Оның өзінің ықтиярында. Абай «Махаббатпен жаратқан адамзатты» деп Алла тағала адамзатты қалай жаратқанын айтады. Алла тағала Өзін қанағаттандыру үшін ләзатты махаббатпен жаратады. Бұл да адамзат үшін көрсеткен Алла тағаланың бір мейірімі. Ықтиярсыздық Алла тағалаға тән емес. Алланың еркі шексіз. Оның хикметтерінің кереметтігі туралы данышпан былай деп жазады: «Тағы бір қасиеті – тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, Алла тағаланың сипаты өзіндей қадім, һәм әзәли[i], һәм әбди[ii] болады да, һәмишә[iii] барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші болуға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ықтиярсыздық Алла тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі құдіретіне ғана бір шара. Бұл ғылым, құдірет екі сипат бірлән сегіз сипат бұзылмастан түшел болады. Ол ғылым құдіретте ішбір ниһаятсыз[iv] ғылымында ғафлят[v], құдіретінде епсіздік я нашарлық жоқ. Бұл көзге көрінген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикмет бірлән жарастырып, қандай құдірет бірлән орналастырған, еш адам ұғылының ақылы жетпейді».(жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 10 | |||||||||||
| |||||||||||