17:06 Абай айнасы - рухани кемелдену | |||
ЖАРАТУШЫНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ Ақиқатында, адамның түсінігіне ең тиімдісі Алла тағаланың тұлғалық қасиеттері болып табылады. Себебі әрбір жан иесі тұлға болғандықтан өте аз мөлшерде болса да ондай қасиеттерге ие. Сондықтан өмірде барлық сипаттары бірдей ұқсас келетін адамдарды табу қиын. Адамдардың барлығы да бір-бірінен бөлек, мінез-құлық, түр-сипат, әдеттерімен бір-біріне ұқсамайды. Абай олар туралы «Өздерің де ойлаңдар, неше түрлі жан барсың» дейді. Тіпті хайуанаттар дүниесі де түрлі тұлғалардан құралады. Әрбір жануардың, малдың, аңның мінез-құлқы, сезіп-білуі бөлек. Бұл бір түр мен екінші түрдің арасында ғана емес, бір түрдің ішінде, тіпті бір топ хайуанаттың арасында да аңғарылады. Өсімдік әлемінде де түрлі өсімдіктерді байқауға болады. Бір өсімдік пен екінші өсімдіктің арасында бір қарағанда ұқсастық болғанымен, көз жіберіп қараған адам көптеген айырмашылықтар табады. Айталық, ұқсас деген екі ағашты салыстыратын болсақ, шын мәнінде олардың көптеген айырмашылықтарын көреміз, ал ішкі әлемінің өзгерісі өз алдына. Бұл әрбір жан иесінің өзіндік ерекше қасиеттері барын көрсетеді. Олардың әр алуандығының негізі жан қасиетінде жатса керек. Абай «Ақыл мен жан – мен өзім» деп әркімнің негізгі болмысы жан екенін тегін ескертіп отырған жоқ. Жан таза рух болғандықтан, оның қасиеттері өте көп. Бұл әрбір жан иесінің өзіндік қасиеттерін тудырып, табиғаттың шексіз әр алуандығын жасайды. Бұл Алла тағаланың шексіз көп тұлғалық қасиеттерінің бар екенінің дәлелі. Алла тағаланың өзіндік қасиеттері барын басқаша дәлелдеуге болады. Егер пенделерде ерекше сипаттар болатын болса, онда оларды жаратқанның Өзінде де сондай сипат болу керек. Себебі Жаратушы өзінің жаратқан пенделерінен кем болуы мүмкін емес қой. Бұл туралы Абай былай дейді: «Бірақ пендесінде ақыл – хүкімші, қайрат, қуат – қызмет қылушы еді. Соған қарап ойлайсың: Алла тағаланың сипатында да солай болмаққа тиіс». Абайдың айтуына қарағанда, барлық жан иелері тәрізді Аллаға да сүю, кешіру, мейірім, жақсылық жасау, тағы басқа да ерекше қасиеттер тән. Ол да сезеді, біледі, қалайды, қанағаттанады. Иә, Ол да ләззаттанады. Ләззат алу – Оның көп қасиеттерінің бірі. Олай болса Алла тағала болмысты Өзін қанағаттандыру үшін жаратады. Барлық болмысты Алла тағаланың Өзі жаратқандықтан, Оған басқа ештеңенің қажеті жоқ, сонымен бірге, тіпті қажет болғанның өзінде де басқа алатын жер жоқ. Сондықтан Алла тағалада керектінің барлығы бар және толық қанағаттана алады. Олай болса Жаратушыда Өзін қанағаттандырып, ләззат алудан басқа ешқандай да мұқтаждық болмаса керек. Адамзат та Жаратушының, яғни болмыстың бір бөлігі. Бұл – бүкіл адамзат, барлық болмыс Жаратушымен біртұтас деген тұжырымға келеді. Сонымен бірге жан иелері және Жаратушы әрқайсысы жеке тұлғалар болғандықтан, олар бір-бірінен бөлек. Жан иелерінің міндеті – Жоғары Тұлғаны қанағаттандыру. Бұл түсінік «адам Құдайға құлшылық етуі керек» деген Абай ойының теориялық негізі тәрізді. Алла тағаланың сегіз сипатын Абай отыз сегізінші қара сөзінде былай деп атайды: «Алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәміғ, Ирада, Кәлам, Тәкин». Енді Абай жүйесімен Алла тағаланың осы сегіз сипатына жеке-жеке тоқталып, Оны түсінуге ұмтылайық. 1. ХАЯТ (ӨМІР, ТІРЛІК). Абай былай дейді: «Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдіреті сипаты бірлән сипаттадық. Жә бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олула[i] боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты – мағлұм, бірі – ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге әрекет бермейді, һәммаға әрекет беретұғын өзі». Абай сөздерінің өте терең, эзотерикалық (құпия) мағыналары әсіресе осы отыз сегізінші сөзінен көрінеді. Жоғарыдағы келтірілген сөзінің мәнін түсіндіріп көрелік. Әлбетте, бірлік, барлық, ғылым, қабілет – құдіреттіліктің нышандары. Олардың нәтижесі – өмір және қаламақ. Өмір деген ұғым барлықты, тірлікті, ғылымды (білімді) біріктіреді. Өмір дегеніміз барлық болмыстың өзара байланыстағы қозғалысы. Ол байланыс болу үшін ғылым (білім) керек. Бірақ ғылым немесе білімнің өзі ешнәрсеге әрекет бермейді (инертті). Болмыс туралы білім болғаннан кейін ол білімді іске асыратын қалау пайда болады. Ол қалаудың іске асуы үшін қозғалыс, әрекет керек. Ол әрекетті білім жасай алмайды. Ол әрекетті жасайтын Алланың Өзі. Сөйтіп Алла тағаланың қалауының нәтижесінде ғарыш қозғалысқа келіп, оның өмірі басталады. Болмыстың әр бөлшегі де өздерінің қалауларына байланысты қозғалысқа кіріп, іс-әрекет жасайды. Осылай Алла тағаланың қалауымен бүкіл болмыс тіршілік жасайды. 2. ҒЫЛЫМ. Абай ғылым деген сөзді кең мағынасында алып, бұл түсінікке бүкіл өмір болмысы туралы білімді, зерттеу жұмыстарын, өнерді, іс-әрекетке бейімділікті, сонымен бірге адамның имандылық қасиеттерін де қосады. Алла тағаланың ғылымдық қасиеті осындай кең аумақты қамтығанда ғана толық болуы мүмкін. Мебебі Алла тағаланың Өзі ғылымға толы, сондықтан Онан шығатын жоғары қуат (жандар) та ғылымға толы. Ғылымның өзі Алла тағаланың көп қуатының бірі болып табылады. Бұл арада ғылым деген сөз тек қана ақпарат білімді ғана білдірмейді. Бұл ұғымға ақпарат білім, оны сезініп-түсіну арқылы жан иесінің өз қасиетіне айналдыру және сол қасиет бойынша әрекет жасау жатады. Ғылым қалауды тудырады. Сөйтіп ғылымның әсерімен Алла тағала жаратады, түрлі әрекеттер жасайды. Материалдық әлем болсын, рухани әлем болсын ғылым түрлі әрекеттер жасауға мүмкіндік береді. Адамзат қоғамының қозғаушы күші де ғылым болып табылады. Қоғамның жетілу дәрежесі қоғамдағы ғылымның толықтығы мен рухани тазалығына байланысты болады. Әйтпесе қоғам күйзеліске ұшырайды. 3. ҚҰДІРЕТ. Алла тағаланың ғаламдық көрінісінің өзі – Оның құдіреттілік қасиетінің бір көрінісі. Себебі Ол құдірет сипатымен бүкіл әлемді жаратып отыр. Абайдың Алла тағаланың бүкіл ғаламды қандай хикметпен жарастырып, қандай құдіретпен орналастырғанына адам баласының ақылы жетпейтінін ескертуі – осының дәлелі. Алла тағаланың құдіретіне ой жүгіртіп, Оның шексіздігін сезіну адамның Оған деген сенімін молайтады, Жаратушының алдында бас идіреді. 4. БАСАР (ТҮСІНУ, БІЛУ, ҚАБЫЛДАУ). Алла тағаланың бұл сипаты Оның әлемдік көрінісінің жасампаздық және ғылым сипаттарымен үндеседі. Ол ғылымға толы болғандықтан, Оның түсініп, біліп қабылдауы табиғи нәрсе. Бүкіл әлемдегі қаншалықты кереметтей күрделі құбылыстардың болмысы Оның осы сипатына байланысты болмақ. Барлық болмысты Оның Өзі жасайтын болғандықтан, олардың барлығын Оның Өзінен артық білетін ешкім жоқ. 5. СӘМИҒ (ЕСТУШІ, ТЫҢДАУШЫ). Абайдың сөзіне қарағанда, Алла тағаланың естуі жан иелерінің естуіндей емес. Оның денесі рухани болғандықтан, Ол – Абсолют. Яғни Оның мүшелерінің барлығы бірдей барлық әрекеттерді жасай береді. Барлығы Одан шығатын болғандықтан, Оның ғаламдық көрінісіндегі барлық тірі жандардың естуі немесе басқа да қабілеттері Алла тағаланың қабілеттері болып табылады. Яғни әлемде қанша еститін құлақ болса, Оның еститін құлағы да сонша деген сөз. Себебі барлық жан иелері Оның әлемдік порымының мүшелері. Жан иелерінің істеген әрекеті Алла тағаланың ғарыштық порымының әрекеті болып табылады. Осыны сезініп-түсінген адамдар табиғаттың әрбір көрінісінен Алланы көре алады. Себебі барлығы – Алла тағала. Алла тағала – барлығы. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
[i] Құдіретті болу, күшті болу, қабілетті болу. | |||
|
Всего комментариев: 22 | 1 2 3 » | ||||||||||
| |||||||||||
1-10 11-20 21-22 | |||||||||||