20:33 ұ | |
ДОМАЛАҚ АНАДомалақ ана (Нұрила) Түркістан қаласында Қаратау, Балабөген өзенінің жағасында жерленген, есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Әкесінің есімі – Әли Сылан, анасының есімі – Нұрбике. Нағашы ағасы Уәйіс хан Моғолстанның ханы болған. Домалақ ананың әкесі Әмір Темірдің әскерінде қызмет етіп түзде жүреді, ел анасы ерте қайтыс болып, жетім қалады. Сөйтіп Нұрила атасы Мақтым Ағзам қожаның қолында тәрбиеленеді. Кейінірек Бәйдібек бидің шақыруымен Мақтым Ағзамның отбасы Қаратау маңына көшіп барып қоныстанады. Мақтым Ағзам жаңа қонысында мектеп-медресе ашып, мешіт салдырады. Осында жүріп бой жеткен Домалақ ана атасы Мақтам Ағзамның өсиетімен 19 жасында (1397 жыл) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Домалақ ананың елге ақылдылығымен, даналығымен, тазалығымен аты шыға бастағаны осы кез еді. Оның даналығы, әулиелігі, тапқырлығы жайындағы әңгімелер ел арасында кең тараған. Соның бірі – «Домалақ ана» атауы жөніндегі ел аузында айтылатын аңыз. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, Домалақ анаға «Диһнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі оның даналығына тәнті болып қойған екен. «Диһнат мама» парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. «Диһнат мама» сөзі уақыт өте келе тілдің даму заңдылығына орай дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған. Домалақ ана ел арасындағы даулы мәселелерге араласып, бітімгершілікпен шешімін табуға өз үлесін қосқан. Домалақ анадан ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылдылығымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы әуелі Ташкент әмірлігінде кеңесші, кейін бүкіл Жетісу өлкесінің ұлысбегі болған. Оны Домалақ ананың нағашы атасы Моғолстанның ханы Уәйіс хан қолдап отырған. 1429 жылы Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есен Бұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. Көш Балабөген өзенінің жағасына келген кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. Домалақ ананың немересі, ұлысбегі Дулат Бұхарадан Абдулла Шери ұстаны алдырып, Домалақ ананың басына төрт қанатты, төбесі күмбезбен көмкерілген кесене там тұрғызады. Домалақ ананың бұл күмбез-зираты қастерленіп, елдің арнайы келіп, зиярат ететін орнына айналған. Кесене 1957,1996 жылдары қайта жөндеуден өткен. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |