17:17 100 нақты қадам | |
ІСКЕРЛІКПЕН ІЛГЕРІЛЕЙМІЗ Асылында, осынау қадамдар көкірегінде түйсігі бар әр адамды елең еткізбей қоймайтын, ұлт болашағы үшін жанын беруге дайын әр азаматты осы Ұлы жолда бірге болып, қызығы мен шыжығына атсалысуға шақыратын өте ауқымды шаралар екені даусыз. Оны іс жүзінде жаһандық һәм ішкі сын-қатерлерге жауап бере алатын, жаңа тарихи жағдайларда еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі басты құжаты деп айтуымызға әбден болады. Ел мен Ұлт дамуының басты ұстынына айналатын Ұлттық жоба деп айтса да жарасады. Өйткені ол экономикалық дерттердің сыртқы белгілерін әдемі сөзбен сылап-сипап қоюды емес, оны жүйелі іскерлікпен емдеуді, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге және ілгерілетуге негіз қалауды мақсат етеді. Елбасы ұсынған бес институттық реформа – бес мемлекетке жүк болатындай-ақ, ал оларды іске асыру үшін жарияланған 100 нақты қадам – жүздеген мемлекеттерге үлгі болатындай жан-жақты ойластырылған, жүйелі үйлестірілген айқын стратегиялық жоспар. Жоғарыда айтылғандай, Президент жариялаған бес институттық реформа, оны іске асыру бағытында жасалатын 100 нақты қадам туралы жүздеген мақала, мыңдаған ой-пікірлер жазылуда. Бірде-бір қазақстандық, елімізге жанашыр, тілеулес іштегі, сырттағы ағайын қолдау білдіруден тыс қалып жатқан жоқ. Әлбетте, тарихи қозғалыс басталды. Осы тарихи оқиғалардан тыс қалмау – әр қазақстандық үшін үлкен сын. Елбасы мемлекеттік қызмет тақырыбын өзі жариялаған бес реформаның ең біріншісі етіп тектен-тек қойып отырған жоқ. Оны жүзеге асырудағы жасалатын 100 қадамның да алғашқы он бес қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Өйткені мемлекетіміздегі реформалардың іске асуы, басқару жүйесінің тұтастығы, кәсіпкерліктің дамуы, ел әлеуетінің артуы мемлекеттік аппараттың, ондағы қызметкерлердің жұмысына, кәсіби шеберлігіне, ұлтжандылығына тікелей байланысты. Реформалар сапында көрсетілген заңның үстемдігін қамтамасыз ету де, елдегі индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету де, ынтымақ пен бірлік те, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру да кадрларға, мемлекеттік аппарат жүйесіне, соған қатысы бар мемлекеттік органдардың біліктілігі мен пәрменділігіне, ондағы қызметкерлердің сана-сезіміне келіп тіреледі. «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Н.Ә.Назарбаев маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың түрлі деңгейлердегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен «зардап шегіп» жатқанын баса айтты. Бүгінгі әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екенін, бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз кәсіби басқару қажет болған кездің өзінде де шешім қабылдауды саясаттандыратынын, мемлекеттік аппараттағы жиі кездесетін белгілі бір қамқоршының патронаты тамыр-таныстықты туындатып, жемқорлық үшін жағдайлар туғызатынын, кадрлық әлеуетті төмендететіндігін тілге тиек етті. Елбасының жанайқайында негіз бар. Жасыратыны жоқ, оқуды жаңа ғана бітіріп келіп, белгілі бір аппараттың «майлы» жеріне орналасып алып, қарапайым халықтың көзін жәутеңдетіп, жер беретін жерде жер-жебіріне жетіп, рұқсат берер кезде ұрсып, дөрекі мінез көрсетіп, өткізген құжаттарын көрер көзге жоғалтып, сарсаңға салып, шаршатып жүрген шенеуніксымақтар жоқ емес. Өкінішке қарай, еркін экономиканы желеу етіп, дүниеқорлыққа, өзімшілдікке шалдыққан ондайлардың көпшілігі көкелерінің арқасында бір түйме не бір ине өндірмей-ақ байығандар екендігін ел білмей отырған жоқ. Елбасының жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп келе жатқандығы да, үлкен мәжілістерде бірде қатты, бірде қатаң, бірде намысқа, бірде ұятқа салып, қайта-қайта айтып жүргені де тегін емес. Ел де, Елбасы да білмей отырған жоқ, мәселе әр адамның ары мен ұятында, құлқыны мен жұтқыншағында жатыр. Құлқыны таза еместің, қылығы таза болмайды. Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін реформалауда, аппараттың жұмысын қағазбастылықтан арылтуда, республикалық органдар мен жергілікті атқарушы биліктің ара-қатынасын ажырату бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осылайша, басқару мазмұны өзгеріп, елмен, халықпен ашық жұмыс істеудің жаңа сатысына көтерілуге, мемлекеттік қызметтің жаңа саяси мәдениетін қалыптастыруға қадам баспақшымыз. Сөз жоқ, қазіргі басқару аппараттарының өзінде де күрделі жұмыстарды жүзеге асыруға дайындығы бар, оған деген құлшынысы, рухани батылдығы, саяси ерік-күші жетерлік қызметкерлер аз емес. Ұлттық бағдарламаның «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тармағындағы мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын нәтиже бойынша төлеу, лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу туралы алтыншы және жетінші қадамдарға да артылатын үміт мол. Әр өңірде жер жағдайы да, ел жағдайы да әртүрлі, халықтың саны да бөлекше. Мемлекеттік қызмет өңір тұрғындарының проблемаларын шешуге, әлеуметтік тұрмыс-жағдайын жақсартуға арналып, жұмыспен қамту, ел арасындағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты мыңдаған проблемалармен тікелей байланысты. Сондықтан жергілікті мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің санын тұрғындар санымен үйлестіріп белгілеу де өте маңызды. Мемлекеттік қызметтің жаңа этикалық кодексін жасау, жаңа этикалық ережелер енгізу туралы қабылданып жатқан он екінші қадамның да шенеуніктердің моральдық-этикалық болмысын қалыптастыруда атқаратын рөлі зор болмақ. Мемлекеттік қызметкер – ол, ең алдымен, халықтың қызметшісі болуы тиіс, тұрғындардың мұң-мұқтажын шешу үшін қызмет етуді басты міндеті деп санаған, өзін ешкімнен де биік қоймайтын, артық көрмейтін, елді бөлмейтін қызметкер ғана нағыз мемлекетшіл азамат деп бағалануы керек. Өкінішке қарай, ел арасында менменшіл, өркөкірек, жеке басының пайдасын мемлекет мүддесінен жоғары қоятын, ел байлығына қол сұғып, құлқыны тоймайтын шенеуніктер де жоқ емес. Ондайлармен мемлекет ымырасыз күрес те жүргізуде. Бір өкініштісі – сондайларға қарап, ел арасында бүкіл мемлекеттік қызметшілерді қаралау, жек көру, сенімсіздік білдіру психологиясы белең алып барады. Көрермендер үшін күлкілі, оқырмандар үшін осал тақырып әкімқаралар болды. Мемлекеттік қызметкерлер құқық қорғау органдарының ермегіне айналды. Жемқорлыққа қарсы сауатты, тәжірибелі, алдын ала профилактикалық жұмыс жүргізудің орнына қоғамда үрей орнату үшін түрлі деңгейдегі әкімдерді ұстап, бұқаралық ақпарат құралдарына бұрқыратып ақпарат беру үрдіс алды. Газет беттерінен оқысаң, тек әкімдік, министрлік қызметкерлері ғана жемқор сияқты, ал құқық қорғау органдарының арасынан ұсталғандар туралы ақпарат жоқтың қасы. Жемқорлықпен күресу – ел, мемлекет мүддесі, мемлекет басшысының мызғымас саясаты, халықтың, елдің, мемлекетіміздің дамуының басты кепілі. Оған дау жоқ. Айтпағымыз – мемлекет мүддесін ластап жүргендермен күресе отырып, мемлекеттік қызметті жерге ұрмауымыз керек. Мемлекеттік қызметкерлердің абыройын көтеру, абыройын сақтау, қорғау шараларын да қамту өте маңызды. Шекпендінің кемшілігін көрсетіп, мүлдем жазбасын, айтпасын демейміз. Бірақ, оларды негізсіз қудалап, артына түсіп, ар-намысына тимеген жөн. Қазіргі мемлекеттік қызметкерлер арасында күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылып, бүкіл өмірін мемлекет мүддесі үшін сарп етіп, бұйырған жалақыға тәубешілік жасап, таңертеңнен кешке дейін ел игілігі үшін қызмет етіп, әр тұрғынның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, көшенің, ауылдың тазалығы деп шырылдап жүрген шенеуніктер аз емес. Халық олардың асыл игіліктерін білгені абзал. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы | |
|
Всего комментариев: 0 | |