08:40 Тұлғалану толқындарында |
СЫБЫЗҒЫ СЫРЫ Жап-жасыл болып жайқала өсіп тұрған құрақты бір ұста көктей орып алды. Тамырынан ажыраған құрақ-қамыс «Өлдім, біттім, құрыған жерім осы» деп ойлап, қатты өкінеді. «Басқалар секілді жап-жасыл болып жайқалып өсуім керек еді» деп қайғырды. Әлгі ұста қамысты әбден кептіру үшін күнге қақтап, желдің өтіне тастайды. Уақыт өткен сайын бойындағы ылғалын жоғалтып, қурай бастаған құрақ одан бетер өкініп, жап-жасыл болып жайқалып өсіп тұрған балғын шағын жиі еске алады. Басына түскен тауқыметке қайғырады. Құрақ әбден кепкен кезде ұста сыртындағы қабығын аршып, сабағын қалдырды. Қабығынан ажырап қалған құрақ одан әрі қайғыра түсті. Ұста қабықсыз құрақты қызып тұрған темірмен күйдіріп, әуелі ішін босатып, қуыс жасады. Сосын әр жерінен жеті рет жеінен тесілген құрақ-қамысты алып үрлегені сол еді, ғажайып әуен, мұңлы да сырлы саз төгіледі. Бұрын мұндай әсем де әсерлі әуенді естіп көрмеген құрақ-қамыс таң-тамаша күй кешті. Алғашында шығып жатқанына сене алмады. Сөйтіп, ол сырлы сыбызғыға айналғанына қуанды. Мұндай мәртебеге жету үшін көрген азап пен қиыншылық бекер емес екеніне көз жеткізді. Ұстаға алғыс айтып, шүкір етті. * * * Бұл қиссадан не түсіндік? Адам осы құрақ секілді. Басынан өткізген қиыншылыққа сабыр ету арқылы шыңдалады. Сабырмен күту арқылы кемелдене түседі. Құрақтың қабығынан ажырағаны секілді сыртқы алаңдаушылықтан құтылады. Іші қуысталып, ойылғаны тәрізді ішкі менмендігінен арылады. Сыбызғының жеті тесігі іспетті нәпсісінің жеті мәртебесінен өтеді. Соңында рухани кемелденіп, кәміл деңгейіне жетеді. Сырлы сыбызғыға айналады. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
