21:35
Тұлғалану толқындарында

РЕАКТИВ ЕМЕС, ПРОАКТИВ БОЛ!

Қоғамдық тәртіпті сақтау, өзге адамдардың қақсын құрметтеу – ішкі құндылығы бекем пенде үшін қалыпты жағдай. Ол кісі үшін көше бағдаршамының жұмысы, бейнебақылау, полиция қызметкерлерінің болуы шарт емес. Өйткені ондай адамның бағдаршамы да, қадағалаушы полициясы да өз ішінде. Сол сияқты отбасы өз өмірінің басты қөұндылығына айналған адам оларға бөлінуге тиіс уақытты басқа нәрсеге айырбастай алмайды.

Ал ішкі құндылықтары қалыптаспаған боскеуде пенделердің басты сипаты сыртқы әсерге реакция берумен ғана шектелетін реактив адам ретінде қалыптасады. Оларға ықпал ететін күш – сыртқы әлем. Сондықтан олар құбылмалы мінезге ие. Үнемі өздерін дәлелдеуге ұмтылады. Ішкі қалауларымен үйлеспесе де, басқаларға ұнайтын әрекеттер жасауға тырысады. Жағымпаздықты жар етеді. Кімнің тарысы піссе, соған тауық болуға дайын тұрады. Ондайлар сыртқы алаңдаушылықтың салдарынан өз өмірін емес, өзгенің өмірін сүруге мәжбүр болады.

Мұндай реактив адамың сипаты ішкі дүниесіндегі бос кеңістікті қымбат материалдық заттармен толтыруға әрекеттенеді. Яғни өз әлсіздігін мансаптың күші, атақтың буымен қалқалауға тырысады. Осы атақ-мансап, ақша-байлығы жоғалған күні өзін де жоғалтады. Тіпті өмірден түңіліп, күйзеліске ұшырайды. Өйткені олардың тірегі ішкі құндылықтары емес, сыртқы құбылмалы жалған дүниелер болатын.

Мұндай адамдар басқалардың қошеметіне, мадақ-мақтауына зәру. Сондай-ақ өзіне бағытталған кез келген сын мен сынақтан өлердей қорқады. Еш нәрсе жасалмаса жасалмасын, ең бастысы жұрттың сыны мен даттауынан аман болса болғаны. Осыны көңіліне медет тұтады.

Реактивті пенделер үнемі «ел не дейді?», «жұрт қате түсініп қалмасын», «дұрыс жасай алмасам, елге күлкі боламын», «ағайын-туыстан ұят болады», т.б. алаң үстінде өмір сүреді. Мұндай ішкі қорқыныш келелі іс бастауға, жүйелі жоспар жасауға кедергі келтіреді. Өйткені бар ынта-жігері мен қайрат-қуатын сыртқы алаңдаушылық ыдыратып жібереді.

Біздің қоғамда сыртқы алаңдаудан құтыла алмай, өзіндік құндылықтарды жиыстырып қойып, өзінің емес, өзгенің өмірін сүру жиі байқалады. Адамдардың көбі, сыртқы алаңдаушылық салдарынан банктен нсие алып, қарызға белшеден батып дүркіретіп той жасайды. Егер ішкі құндылық басым болғанда, мұндай кіріптарлыққа ұрындыратын әрекетке бармас еді. Керісінше, үлкендердің бата-тілегін алып, көрпесіне қарай көсіліп, шағын ғана той жасар еді.

Мәуләнаның «қандай болсаң, солай көрін немесе қалай көрінсең, солай бол!» дегені қандай керемет айтылған. «Жұрт не дейді?» деген қорқыныш пен «Ел десе екен» деген мақтангершілік сені әрдайым өз болмысыңнан ажыратып, «қандай болсаң, солай көрінуге» кедері келтірері анық. Бұл түсінік өзіңнің емес, өзгенің қалағанындай өмір сүруге итермелейді. Нәтижесінде, сен «сен» болудан қаласың.

Уақыт сүзгісінен өткен ішкі құндылығың терең ой, таза ақыл, ыстық қайрат негізінде қалыптасқан болса, елдің сен туралы не ойлайтыны маңызды емес һәм елдің сөзі үшін алаңдап қорқудың, ұялудың қажеті болмас еді. Ежелгі ғұламалардан жеткен сөз бар: «Жасап жатқан ісіңе ұлы Жаратушы риза болғаннан кейін, бүкіл әлем қарсы болса да, ондай қарсылықтың еш зияны жоқ. Ал, керісінше, барлық адам риза болып, Жаратқан ол ісіңді дұрыс көрмесе, ондай ризашылықтың да еш пайдасы жоқ».

Кейде қарапайым әрекеттің өзін жасауға сыртқы алаңдаушылық бөгет болып жатады. Мысалы, «басшының алдына барып, мына мәселені көтерсем, қате түсініп қалмай ма?» деп қандай да бір қателікті айтуға батылың жетпей жатады. Көптің алдына шығып сөз сөйлеуге қысылып, тартышақтауға да себеп осы сыртқы алаңдаушылық. Абай атамыздың: «Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды, Әдеті надан адамның» дегені дәл осы реактивті қозғалыс.

Қандай да бір істі жасауға сыртқы алаңдаушылығыңыз кедергі келтіріп тұрса, өзіңізге «менің жасайын деп тұрған ісім дұрыс па, әлде теріс пе?» деп сұрақ қойыңыз. Егер дұрыстығы мен қажеттілігіне көзіңіз жетсе, ешкімнің сөзінен де, өзінен де қорықпаңыз. Ниеттенген жұмысыңызды бастаңыз. Адамдардың бәріне ұнау мүмкін емес. Баршаға жағуға міндетті емессіз. Адам бар жерде түрлі ой да, пікір де болады. Қарсы пікір айтатын, басқаша ойлайтын адам әркез табылады. Бастысы, өз құндылығыңа сай өміріңді сүру.

Біздің кез клеген әрекетіміз дұрыс құндылықтарға негізделіп, түзу өлшемдердің тезінен өткен кезде, ешкім бізге теріс ықпал ете алмайды. Біз өзіміз түзелгенде, адамдардың біз жайлы сөздері де, өздері де кері әсер етпейтін болады. Бұл жайлы Құранда: «Уа, иман келтіргендер, сендер әуелі өздеріңді түзеңдер. Өздерің дұрыс жүріп, тура жолда болсаңдар, өмірде өздерін жоғалтып, адасқандар сендерге кесірін тигізе алмайды» («Мәида» сүресі, 105-аят).

Бірақ өз құндылығыңмен өмір сүруді «бетпақтықпен» шатастырып алмаңыз. Егер жасап жатқан ісіңіз қате һәм шынымен де ұят тірлік болса, онда кешірім сұрап, кері шегініңіз. Өйтпегенде, ұятсыздық, бетпақтық болады.

«Сіздің өміріңіз шектеулі. Сондықтан оны басқалардың өмірін сүру арқылы босқа өткізбеңіз. Сізді басқалардың ойымен өмір сүруге итермелейтін догмалық тұзаққа түсіп қалудан абай болыңыз. Ішкі үніңді басқа адамдардың ой-пікірінің шуы лы тұншықтырып тастамасын. Оған әсте мүмкіншілік бермеңіз. Ең бастысы, жүрек үні мен ішкі түйсігіңіз бойынша әрекет етуден қорықпаңыз. Өйткені жүрегіңіз сіздің кім болғыңыз келетінін жақсырақ біледі».

Стив Джобс

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: