19:42 Рухани-танымдық сүрлеулер |
ҚАРСЫ АЛАТЫН КҮЛІМДЕП, ТОЙЛАРДЫҢ ҚАЗАҚТАРДА ТҮРІ КӨП Сүндет тойы Мүндетке отырғызу өмір қажеттілігінен туған, мұсылмандылықтың бірден-бір кепілі саналатын әдет-ғұрып және медицина тұрғысынан алғанда да пайдалы дәстүр. Ол – гигиена, ауруларға қарсы профилактика кепілі де. Сүндетке отырғызудың пайдасынан басқа еш зияны жоқ. Сүндеттету баланы шыдамды-төзімділікке, жасық болмауға бейімдеп, ер жетіп есеюіне септігін тигізетін тәлімдік-тәрбиелік мәні бар әдет-ғұрып. Сүндеттелген бала дініне, тіліне, аманатқа адалдықты сезінеді. Сүндетке 5 немесе 7 жаста отырғызып, той жасайды. Бұрын баланың басына, екі иығына үкі тағып, туыстары мен жекжаттарын аралатқан. Барған жерінде ол балаға құрмет көрсетіліп, шашумен құттықтап, тақия кигізіп, жас төлдерге ен салған. Ен салған құлын баланың «сүндет аты» есептелген. Қазір бұл дәстүр сәл өзгешелеу. Тап бұрынғы кездегідей киінген баланы, бар жабдығымен әсемделген тай-құнанға мінгізіп, қоржынымен тойда аралатады. Тойдағылар көрімдігін қоржынына салып, шашуларын шашып, тойханасына ұсынар ізеттерін той иесіне тапсырып, тойды ары қарай ұластыра береді. Тойды ауыл ағалары – ұлағатты қариялар батасын беріп ашады. Сүндет тойын ашардағы батаның нұсқасы ретінде мына төмендегі батаны келтіре кеткенді жөн көрдік: Бүлдіршін баламның Есейгенін білдіртіп, Сұлулатып, сәндеттік. Мұсылман болды бүгіннен Құрметіне бүгін біз, Той тойлаймыз әндетіп. О, Жаратқан ием! Баламызға бере көр: Шыңдалған мықты денсаулық Өмірін ұзақ сәнді етіп. Тіршілік бер молынан, Таусылмасын таң нәсіп! Жігіт боп өс, батырым! Намыс пен арды ойлайтын, Өмірге терең бойлайтын. Қолға алған ісіңді, Асқар атаң сияқты Тындырмай сірә қоймайтын. Мінгенің тұлпар болсын! Жақсылықпен ортаң толсын! Дастарханың молайсын! Азамат бол ел білер, Әжетке әр кез жарайтын. Еліңе елеу, жұртыңа жаға бол! Бақ-дәулет орнасын. Даңқың өсіп, Шартарапты шарласын! Алла әмсе қолдап, Жаманшылық болмасын! Бата деген адамның адал жүрегінен, жанға ізгі ниет тілеп берілетіндіктен, берілген бата тілектердің бәрін Алла қабыл алсын деп тілеу артық болмас. Баланың сүндет тойын өткізу, іс жүзінде баланың қара құлақ болып, қатарға қосылуының алғашқы белесін тойлауы болып табылады. Сүндет тойлар көп болсын деп тілейік, ағайын. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|
|
Всего комментариев: 0 | |