08:40
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз

* * *

Өзіңе деген сенімділікті арттыруға көмектесетін 5 әдіс

Адам өмірге бірден сенімді болып келмейді. Бірақ күнделікті әдеттерге байланысты оны қалыптастыруға болады. Себебі сенімділік - туа біткен қасиет емес. Бұл өздігінен дамытуға болатын икемді дағдыға жатады.

Ал өзімізге сенімді болу үшін не істемек керек? Ол үшін біз ұсынған кеңестерге көз жүгірт.

Алдыңа үлкен мақсат қой

Бұл мектептегі мұғалім немесе жұмыстағы бастық, яки жақын адамдарыңның талаптарына негізделген мақсат болмауы керек. Өзіндік, яғни өмірдің кез келген саласына арналған, шынайы жүрек қалауыңнан шыққан мақсаттарды қоя біл.

Ол сен үшін маңызды әрі құнды болуы қажет.

Біреуін іске асырғаннан кейін жаңа мақсат қоюды әдетке айналдыр. Оған жету үшін, әрине, күш қажет. Сол себепті әр уақыт деңгейіңді көтеріп отыр. Дағдыларды дамыт, жаңа нәрсені үйрен, әдеттегі мінез-құлықыңды бақылап, жаман жағын өзгерт, жақсы әдеттерді қалыптастыр.

Қалаған бағытыңда әрекет ет

Мақсат қою - 50% жетістікті құрайды. Бірақ тілектерімізді жүзеге асыру үшін нақты әрекет қажет. Сенімділікті қалыптастыруды кішкентай қадамдардан баста. Бірден үлкен, ауыр тапсырмаларға асықпа. Алдымен мақсатыңа жету жолын егжей-тегжейлі бақылап, сен үшін ең қарапайымынан баста.

Бірінші кезеңді аяқтағаннан кейін, жеткен жетістіктерің үшін өзіңді мадақта. Осылайша, келесі кезеңнің мақсаттарына өтесің. Мұндай әрекет өзіңе деген сенімділікті арттырады.

Жетістіктеріңді мойындап үйрен

Бір кездері сен велосипед тебуге, білім алуға, кітап оқуға және жаңа адамдармен қарым-қатынас құруға күш салдың. Бүгінгі күнге дейін жинақтаған тәжірибең мен көрсеткен нәтижелерің мүлдем елеусіз болып көрінсе де, олардың арқасында сен белгілі бір дағдыларды дамытып, табысқа жеттің. Жетістіктерді қадағалау күш-қуатыңды түсінуге, жинаған тәжірибеңді бекітуге көмектеседі. Бұл өзіне сенімділіктің негізі болып табылады.

Ендеше, жетістіктерді бақылауға көмектесетін және табысқа жету жолын анықтаудың қызықты әдісін ұсынамыз.

Дәптер немесе ақ парақты ал.

Жетістіктеріңнің тізімін жаса. Кем дегенде саны 30 болсын.

Әрбір жетістіктің жанына қандай әрекеттер мен дағдылар нәтижеге жетуге көмектескенін егжей-тегжейлі жаз.

Жазылған дағдылар мен әрекеттер тізімі арқылы ең мықты тұсыңды анықтау қиын болмайды.

Бұл әрекетті жыл сайын қайталап, жазып отыр.

Мықты тұсыңды пайдаңа асыр

Кәсіби дамуда мықты тұстарыңа назар аудар. Ол үшін мына қасиеттерді бақылауға ал.

өз ерекшеліктеріңді мұқият зертте;

өз мүмкіндіктеріңді бақылауға ал;

не істей алатыныңды және не істей алмайтыныңды жаз. Сонымен қатар қандай нәрсені оңай әрі тез орындай алатыныңды назарға ал;

өзіңнің ерекше қасиеттеріңді және артықшылығыңды біл;

қандай нақты әрекеттер тұлғалық өсуіңе көмектесетінін түсін.

Әрдайым ізденісте бол

Бүгінгі таңда кез келген табысты адам тез үйрену қабілетімен ерекшеленеді. Бұл олардың басты ұстанымына айналған. Сондықтан оқуды жаңа әдетке айналдыр. Өз салаңа байланысты біліміңді кеңейтіп, білгендеріңді өміріңе және жұмысыңа енгіз.

Жаңа білімді үйрену және оны практикада қолдану дүниетанымыңды кеңейтіп қана қоймай, өміріңізді жаңа бояу енгізеді. Себебі ми мұны жаңа жетістік ретінде қабылдайды. Бұл өз кезегінде сенімділіктің артуына әсер етеді.

* * *

Отырар теңгелері туралы не білеміз?

Отырар алқабында қола теңгенің бірнеше түрі шығарылды. Бұл теңгелердің бет жағында шаршылы садақ және конус тәрізді құрбан шалатын орын, «X» нысанды таңбасы бар белгілер бейнеленген. Оларды Қаңлы мемлекетінің мұрагері, түрік бірлестігінің әртүрлі билеушілері соқтырған болса керек.

Шу аңғарының қалаларында ақшамен сауда жасаудың дамығанын түргештер мен тухустардың теңгелері дәлелдейді. Олар VII — VIII ғасырларда қағанаттарда шығарылған. Бірақ XI ғасырға дейін айналыста болды. Жетісу теңгелері диаметрі 12 миллиметрден 28 миллиметрге дейін жететін, ортасында шаршы тесігі бар, мыстан құйылған дөңгелек болып келді.

Ең көп тарағандары — «түргеш» және «тухус дөңгелектері» дейтін теңгелер. Түргеш теңгелері қаған атынан шығарылған. Мұны олардың бір бетіне айналдыра «Түргеш қағаны (Құдайдың қалаулысы) мырзаның теңгесі» немесе «Түргеш қағаны мырза» деген соғды жазуы дәлелдейді.

Тухус теңгелерінің көлемі кішірек әрі сапасы нашар болған. Жетісу жиынтығы арасында бұл теңгелер төрт түрге бөлінді. Олардың ішінде таңбалардың түрлі нұсқалары салынуымен, түсінік сөздердің болуы немесе болмауы арқылы ажыратуға болады. Теңгелер салмағы мен дайындалу тәсілі жағынан әртүрлі еді. Яғни, не құйылған, не соғылған болып келді.

Соңғы онжылдық ішінде жергілікті жерде Арслан әулеті соқтырған теңгелер тобы анықталды. Арслан, Қарахандардың алдындағы әулет болса керек. Невакет камалын (Қызылөзен қаласының жұрты) қазған кезде осындай теңге табылды. Қола шеңберінің диаметрі 20—22 мм, шеңбер ішінде шаршы тесігі бар, теңгенің салмағы — 2,35 г. Соғды курсивімен сағат тіліне қарсы: «Арслан-білге қаған мырза. Фан (Чаглан)»,—деп түсінік берілген.

Жергілікті теңгелердің Отырар жиынтығы Жетісуға қарағанда неғұрлым ертеректе қалыптасқан. Алайда ол Жетісуда неғұрлым көп таралған. Мұнда жүздеген теңге табылды. Ал Отырардан он шақтысы ғана табылған еді.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 5 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: