08:41
Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз

* * *

Қадақ, бір қазан: Көшпенді қазақ азық-түлікке байланысты қандай өлшемдерді қолданған?

Қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктері мен кәсіптік қажеттілігіне байланысты байырғы қазақ өлшем бірліктері қалыптасты. Нақтырақ айтсақ, халықтық өлшем жүйесіне ұзындық, қашықтық, аумақ, көлем, салмақ, уақыт, мезгіл өлшем түрі кіреді. Мәселен, «бір қыдыру жер», «түстік жер», «айшылық жол» деген сөз тіркестері қашықтықты білдіреді.

Тағы бір мысалға сүйенсек. Шығыс халықтарының көбі ең кіші салмақ өлшеміне арпа дәні алынған деп баға береді. Кейбір жазба әдебиеттерде “арпа дәні” ұғымы алтын мен асыл тастардың салмағын теңеуге арналған қазыналық өлшем ретінде қолданылған. Яғни, бір арпа дәні шамамен 45 мг болған. Басқа жерде осы арпа дәні ұзындық өлшемі ретінде де пайдаланылған. Ал арпаның алты дәнінің еніне тең өлшем бармақ деп аталған.

Сондай-ақ халық арасында сұйықтықты болжауға арналған өлшем бірліктері де болған. Қымыз, шұбат сақтайтын көнек, жанторсық, торсық, мес, саба тәрізді мал терісінен жасалған ыдыстар сол сұйықтықтың мөлшерін шамалауға жиі қолданылған. Мысалы, торсыққа жеті – сегіз аяқ (литр) қымыз сыйса, местің сыйымдылығы екі жарым – үш торсыққа тең.

Салмақ өлшемдері

Қадақ - 200 грамм, ал кейбір деректер бойынша 400 грамм;

Бір шелек (сүт, су) - 10 литр;

Бір торсық (айран) - 6-7 литр;

Бір саба (қымыз) - 10-15 литр;

Бір қап (ұн, қант) - 50-60 кг;

Бір арқа (жүк) - 45-50 кг;

Найза қап, қанар - 70-80 кг;

Пұт - 16 кг;

Бір құлақ су - 3-4 текше метр;

Азық-түлікке қатысты өлшемдер

Бір асым (ет) - 4-5 кг;

Бір табақ (ет) - 4-6 кг;

Бір ожау (сүт, су) - 300-400 гр;

Бір қарын (май) - 10-15 кг;

Бір қазан - 20-22 кг;

Бір жұтым (сүт, су) - 50-60 гр.

* * *

Қарахан мемлекетін әлемге танытқан сауда қаласы

Қарахан мемлекетінің құрылуы 940 жылдан басталады. Қағанаттың орталық астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн, кейіннен Тараз қаласы болды.

Қарахан мемлекетінің Үзген, Мерке, Құлан сияқты қалаларында ірі алыпсатар алпауыттар мен қолөнершілер мекендеген.

Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан. Сатұқ Тараз және Қашғар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды.

Осылайша, тарихта бұл әулет қарахандықтар әулеті деп аталды. Иә, Қарахан мемлекетінің тарихы X ғасырдың орта тұсынан басталды.

2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы қарахандықтардың астанасы әрі ерте кезден сауда өнеркәсібінің орталығы болды. Мұнда қала мәдениеті қалыптасып, Қарахан мемлекеті тұсында Тараз қаласы үлкен сауда-өнеркәсібінің орталығына айналды. Осы тұста Ұлы Жібек жолының қаласы пайда болды. Шаһарға Индия, Орталық Азия, Иран, Ирак және де көптеген мемлекеттерден сауда көпестері келіп, бір-бірімен байланыс орнатты.

Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа шыққан керуен жолдары арқылы Тараз қаласына ақындар мен жазушылар, ойшыл ғалымдар, дің таратушылар, өнерпаздар келіп, өз халықтарының мәдениеті мен дәстүрін жандандырды. Қаланың рухани және мәдени дамуы көтеріліп, материалдық және рухани құндылықтар алмастырылды.

Тараздың көне қала тарихына жоғарыда айтқандай Қарахан мемлекеті үлкен үлес қосты. Бұл жердің жанданып, гүлденуіне қарахандықтардың тигізген пайдасы көп. Қарахан дәуірінен қалған моншалар, ескі қала орындар, ғасыр ескерткіштеріне жататын «Қарахан мазары», «Айша Бибі» мазарлары соның айқын дәлелі.

Тараздың қала ретінде үлкеюіне Қарахан әулетін басқарған өкіл Сатұқ Қарахан ерекше үлес қосты. Оның ұлы Боғра хан Харун Мұса 960 жылы Тараз қаласында исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Тараздың саяси дербестігі мен аймақтағы автономдығы экономика мен мәдениеттің дамуына әсер етпей қоймады. Осылайша қала әр ғасырдың айтулы тарихи өзгерістерін басынан кеше отырып, мол мұрасымен, құнды жәдігерлерімен біздің заманымызға жетті.

Міне, бүгінде Тараз қаласы көпшіліктің қызығушылығын оятып келеді. Қазіргі уақытта көне қаланы көруге, сонау жерден туристер де келуде.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 5 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: