18:47 Жетістіктің жүз қадамы | |
84-ҚАДАМ: ӨМІРЛІК МҰРАТЫҢЫЗДЫ ҚОЙЫҢЫЗ Кез-келген адамның өмірлік мұраты болу керек деп ойлаймыз. Әр адам алдына мұрат қойып, оған жетуі керек екені даусыз. Егер сіздің алдыға қойған өмірлік мұратыңыз болмаса, онда дереу алдыңызға мұратыңызды қойыңыз. Мұрат дегеніміз мақсат қойып, оған жету. Бірақ мақсаттардың ішіндегі ең маңызды мақсат болатыны анық қой. Сол үлкен мақсат сіздің мұратыңыз болғаны. Алаш зиялыларының өмірлік мақсаттарының ішіндегі ең маңыздысы олар елге қызмет ету, қазақ еліне тәуелсіздік әперу, мемлекетті дамыту болғаны белгілі. Алаш зиялыларының өмір мұраты осылай болған. Айталық, Әлихан Бөкейханұлының өмірлік мұраты «тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын». Әр адамның бойында осы Алаш зиялыларының мұратындай, өзіне тән мұраттары болса екен дейміз. Осы мұрат қоюға байланысты мына сөз есімізге түсіп отыр. «Сенің мұратың – сенің мақсатың. Және басқарылатын кішкентай мақсаттар сені сол мұратқа жетелейді. Мұратсыз сенің жолың бағдарсыз, ал мақсатсыз – соңғы нүктен бар болса да, қозғалтқышың жоқ. Олар бірлесіп жұмыс істейді және саған оның екеуі де қажет». (Доктор франк Мурта кеңесші психолог). Франк Мурта айтқандай, атқарылатын кішкентай мақсаттар сені сол үлкен мұратқа апаратыны даусыз. Алдыңызға үлкен мұрат қойыңыз. Сол үлкен мұратыңызға апаратын мақсаттарыңызды жазып, оны орындауға кірісіңіз. Сол әрбір атқарған кіші болсын, үлкен болсын мақсаттарыңыз сізді мұратыңызға апаратыны даусыз. Өмірде мақсаты жоқ адам ол далада жүрген қаңбақ секілді. Жел қайда тұрса, сонда жылжып кете барады. Сол желдер сізге де соғуы мүмкін. Сол әрбір соққан желге бағытыңыз өзгеріп кете баратын болса, онда алдыңызға қойған мұратыңызға баруыңыз қиын болады. Қандай жел соқса да қаңбаққа ұқсамай, тек алдыға өзіңіз ойлаған мұратыңызға қадам басыңыз. Сізде сол мұратыңызға адаспай қадам басу үшін, көптеген атқарылатын кіші болсын, үлкен болсын мақсаттарыңыз болуы қажет. Алдына мақсат қойған адам жолында кездескен кедергілерге қарамай, мұратына жетуге мүмкіншілігі мақсаты жоқ адамға қарағанда әлдеқайда жоғары болмақ. Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Жақсы дос жеткізеді мұратқа, Жаман дос қалдырады ұятқа. Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
|
Всего комментариев: 0 | |