10:50
Жеңістің мерейгерлік шеруі
ЖЕҢІСТІҢ ӨЛМЕС ТУЫ
Осыдан алпыс бес жыл бұрын
Алыстағы Алман елінде,
Жауыз фашис жерінде,
Әлемге әйгілі Берлинде,
Бас орда – рейхстагта,
Дәлірек оның басында
Желбіреді Жеңістің өлмес туы.
Гитлер-фюрер сұм соғысты бастаған,
«Фашизм» деп жатпай-тұрмай қақсаған,
Алман елін үгіттеген, даттаған,
Жаһан мәнін улаған да таптаған.
Бәз біреуге қазып еді түпсіз ор,
Жерге тоймай, қанға тоймай болды қор...
Тоқтатты оны Жеңістің өлмес туы. 
Төнді қауіп жаймашуақ маусымда,
Жексенбіде, халық жатқан тылсымда,
Оқ атылды ұлы шекара тұсында,
Сілкіндіріп аң, орманын, құсын да.
Дүрлікті кеңес елі ойда жоқта,
Сабылды өңкей батыр майдан жаққа...
Шақырды оларды Жеңістің өлмес туы.
Тылда халық көл-көсір зарлап қалды,
Азаматтар жауға қарсы қару алды,
Ерлікпенен фашизмге күшін салды,
Тылдағылар аямады астық, малды.
Хас батырлар көк бөрідей салды ауызды,
Сескендірді, састырды да сұм жауды...
Рухтандырды ерлерді Жеңістің өлмес туы.
Ұлы күштің екпінімен жау қысылды,
Әлі құрып, айбаты да таусылды,
Өңкей батыр найзағайдай жосыды,
От ауызды айдаһар су сепкендей басылды.
Қан майданға жаңа күштер ағылды,
Фашизмге зілдей күнә тағылды...
Басты мысын Жеңістің өлмес туы.
Қирады жермен жексен зәулім қала,
Қан жылады кең жазира, сары дала,
Бомбалардан опырылды әсем аула,
Зарлады, еңіреді жетім қалған үлкен, бала.
Жауыздарға адамзат тақты мәңгі жала –
Концлагерлерде қырылды тұтқындар айнала...
Кешірмеді осыны Жеңістің өлмес туы.
Бітіп соғыс, бейбітшілік орнады,
Талай ел бұғаудан босап, азат алды,
Қара күндер шежірелі тарихта қалды,
Жаңа өмір қайта түлеп, қуат алды.
Бірте-бірте өткен-кеткен ұмыт болды,
Ұлы Жеңіс мейрамымен орта толды!..
Желбіреді мәңгі Жеңістің өлмес туы!
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
 
 
Просмотров: 1037 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: