15:29
Жас түлек - 2014

ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АЛТЫН НҮКТЕСІ ҚОЙЫЛДЫ

Майда мамырдағы күміс қоңыраудың соңғы сыңғырымен оқу жылын аяқтаған биылғы жылдың түлектер маусым айында ерекше тебіреніспен күтетін тағы бір айтулы салтанат бар. Ол – жалпы орта білім курсын толық бітіргені туралы аттестатты салтанатты түрде табыс етуді ту ететін жас түлектер кеші. Ресмиленген түрде кеш деп әспеттелетін осынау қайталанбас мейрам осымен бесінші жыл қатарынан аудан орталығы Аққудағы кең де жарқын Мәдениет үйінің сахнасында тал түсте ойдағыдай ұйымдастырылды күні кеше. Лебяжі ауданына қарасты барлық жалпы орта білім беретін мектептерден ерекше саән-салтанатпен киінген 2013/14 оқу жылының түлектері ілгері жүгірген бұлақтайын ағылды. Олармен бірге он бір жыл бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан ата-аналары, туған-туысқандары, мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері, арагідік пән мұғалімдері, ауылдастары және еріп келді.

«Жас түлек – 2014» салтанатты шарасының басында сөз алған Лебяжі ауданы әкімі А.Құрманова көрермендер залын мейілінше толтырған лебяжіліктер мен қонақ-меймандарды, әсіресе осынау мерекенің өтуіне бірден-бір куәгерлер – мектеп түлектерін жүрекжарды тілегімен бірден баурап алды. Айзада Амангелдіқызы еліміздің екпінді қарқынмен дамып келе жатқанын мақтанышпен айта келе, бүгін жеке өмірге қанат қаққалы отырған жас түлектердің баянды болашақта елдің еңсесін тіктеуде айырықша үлес қосатынына, елге елеулі, халыққа қалаулы нағыз азаматтар болып қалыптасатынына үлкен сеніммен қарайтынын азаматтық тұрғыдан жеткізді. Биылғы ҰБТ қорытындыларына да көңілі толған аудан әкімі келешекте де бұнымен тоқтамай, нәтижені еселей түсуге көп күш жұмсау қажеттігін шегелеп тұрып айтты. Артынша биылғы оқу жылы қорытындысы бойынша білім жолында жоғары көрсетекіштерге қол жеткізген жас түлектерді марапаттау рәсімі басталып кетті.  

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі үшін биылғы түлектер кеші ерекше болды. Екінші маусымда өткен ҰБТ сынағында бес пәннен 118 ұпай еншілеген һәм барлық бес пәннен «үздік» бағаға ие болған Айгерім Тілектесова «Алтын белгіге» қол жеткізіп, берісі мектеп, арысы аудан мерейін мәртебелетті. Өзгелерден оза шауып, сахна төріне ең бірінші болып көтерілген Айгерімге аудан әкімі Айзада Амангелдіқызы өз қолымен омырауына «Алтын белгі» медалін қадады. Сонымен бірге осынау жетістікке жеткені үшін Айгерім облыстық білім басқармасы тарапынан ноутбукпен, ал Лебяжі ауданы әкімі атынан плазмалық теледидар және арнайы қол сағатпен салтанатты түрде марапатталды. Көрермендер тарапынан көрсетілген қошемет-құрметте шек болмады. Кеш барысында барлық түлектер атынан сөз алған Айгерім Тілектесова бұл биікті бағындыруына себепші болған пән мұғалімдеріне, ата-анасына, басқа да тілектес жандарға деген риясыз ризашылығын мақтанышпен білдірді. Бесқарағайлық басқа да түлектер жалпы орта білім курсын толық түрде бітіргенін кәуландыратын аттестаттарды және естелік сыйлақтарды А.Құрманованың қолынан алды.

Кең пішінді бейне арқылы әр түлектің фотосуреті һәм бағындырған жетістіктері туралы қысқа да нұсқа баяндалған слайд бүкіл кеш барысында көрермендер назарына ұсынылды. Аймақ орталығынан арнайы шақырылған көркемөнерпаздар ұйымы тамаша әндерден шашу шашса, аудан орталығындағы Мәдениет үйіндегі би үйірмесіне қатысатын қыздар мың бұралған керемет билерін сахна төрінде өрнектеді.

Бабалар рухына тағзым ретінде биылғы лебяжілік түлектер Ұлы Отан соғысы жылдарында Ұлы Жеңіс үшін қайталанбас ерлікпен жанын қиған батырларға арнап тұрғызылған Даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің мәжіліс залында аудандық білім басқармасының ұйымдастыруымен жас түлектер құрметіне берекелі де мерекелі дастарқан жайылды.

Жаңа күннің арайлы шапағымен түлектердің жеке өмірлік сапары бастау алды.     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылыі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 973 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: