Ауыл мектебі хал-ахуалы КОМПЬЮТЕРЛІК БАЗАНЫҢ ТОЗЫҒЫ ӘБДЕН ЖЕТТІ Басқасын қайдам, ал осы күндері Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің компьютерлік базасы тозып тұр. Бұндай күйге түсуінің бірден-бір себебі осыдан тоғыз жыл бұрын орнатылған компьютерлердің ескіріп, талапқа сай қызмет көрсете алмауында екені айдан анық. Қазіргі білімдену жатпай-тұрмай ақпаратты-коммуникациялық технологияларды мейілінше кешенді пайдалануды талап ететінін ескерсек, салымыз суға кетіп тұрғандаймыз. Айталық, тозығы жеткен компьютер арқылы қолда бар электронды оқулықтарды кеңінен қолдана алмаймыз, себебі компьютер жадысы тар, күші де жеткіліксіз. Осыдан екі жыл бұрын орнатылған интербелсенді тақтаның да жұмысы өрге баспай тұр. Оны тежеп тұрған онымен әкелініп, іске қосылған ноутбуктің сапасыздығы: ұзаққа шаппай, мезгілінен ерте істен шығып қалғандығы. Оны оңдайтын мекеннің жақын маңда болмауы жығылғанға жұдырық болғандай. Мультимедиялық дәрісхана замана талабына сай аса қажет. Интернетке шығу ұмыт қалғаны қашан, өйткені модем істен шығып, жарамай қалды... Ақиқатында, жыламаған балаға емшек бермес. Компьютерлердің тозығы жете ескіруінен теперіш көріп отырған жалғыз біздің мектеп емес. Ондай-ондайлар жетіп артылады да. Әрине мектеп әкімшілігі бұны назарда жіті ұстағанмен, бөлінетін қаржы көзі тапшы. Әйтеуір қолда бар мүмкіндікпен принтер, сканер жұмысын ұқсатып келеміз. Айтпағым, алыс һәм жақын жатқан ауыл мектептерінің компьютерлік базасын жетілдіретін, жаңартатын кез есік қағып сұранып тұр. Әйтпегенде, осы тұралағанымыз тұралаған. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
|