14:43
Ынтамақтастық ырысы

«ЖАЛЫН»  ЖАСТАРДЫ ЖАЛЫНДАТТЫ

Биылғы жылдың қыркүйегінің бел ортасында аудан орталығы Аққудағы «Нұр Отан» партиясының аудандық филилалы ғимаратында жастар бастамаларының аудандық «Жалын» орталығы салтанатты түрде ашылған болатын. Содан бері атаулы орталық өз тірлігін бастап, аяғына тік тұрды бүгін. Ауданға қарасты ауылдардағы жастар ісін, саясатын һәм жұмысын жандандыру мақсатымен ауылдарға сапарға да шыға бастады. Осынау ынтымақтастық ырысты мақсат еткен кешенді шара жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің мәжіліс залында жүзеге асырылды.

Аудан орталығынан ат терлетіп келген бір топ жастарды аудандық «Жалын» жастар орталығының директоры Ж.Садуақасова және аудандық Мәдениет үйінің мамандар бөлімінің маманы С.Омарова бастап келді. Ал Бесқарағай ауылынан аталмыш шараны ұйымдастыруда ауыл бойынша жастар саясаты бойынша инспектор Г.Сейітова қонақжайлылық танытты. Сонымен бірге Бесқарағай жастарының көшбасшысы Г.Абылғазинова да ұйымдастырушылық және белсенділік қабілетімен танылды.

Шараның алғашқы бөлімінде Жанар Наурызбайқызы аудандық «Жалын» жастар орталығының тірлігімен таныстырды, осы күнге дейін атқарған жұмыстарына тоқталды, келешекке жоспарлап отырған жұмыстары хақында сыр тарқатты. Бесқарағайлық жастарға жастар саясатына қатысты келелі ұсыныстар тастады. Ауыл жастарын толғандырып жүрген көлденең мәселелерге құлақ түрді. Айталық, кешкі уақытта мектеп спортзалының жұмысын мейілінше жандандыра түсу қажеттігі, демалыс күндерінде жастар бас қосатын тәрбиелік-тағылымдық, демалыс-сергу шараларын ұйымдастыру керектігі тілге тиек етілді. Бойында жастық жігер жалындап тұрған Ж.Садуақасова бесқарағайлық жастардың осындай наздарын қаперге алып, бұл өтпелі кедергілерді енсеруде ықпалдастық жасайтынына сендірді. Жастарды қоғамдық белсенділікке шақырды. Осынау жолда айтарлықтай қоғамдық биіктерге жетуге болатынын нақты мысалдармен дәлелдеп бақты Жана Наурызбайқызы. Ауыл бойынша жастар істерін ілгерәлетуде жатпай-тұрмай қайраткерлігімен танылып жүрген Гүлзия Дәйкенқызына шексіз алғысын білдіруден де аянып қалмады. Самал Мейрамқызы өз кезегінде жастарды жалынды бастамаларға ұйытқы болуға үндеді, белсенді болуға үгіттеді.   

Шараның екінші бөлімінде мәжіліс залының сахнасында аудан орталығы Аққудан келген бір топ жас өз көркемдік өнерлерін көрсетті. Айталық, «Айналайын» дуэті тамаша ән шырқаса, екі бойжеткен орындаған қазақ биі көрермендер көңілінен шықты. Мұрсалимова Мәдинаның орындауындағы ағылшын тіліндегі ән көкейге қонымды тиді. Ал «25 теңге» деп аталатын көңілдідер мен тапқырлар тобы сахналаған түрлі-түрлі өмірлік тақырыптарды қамтыған шағын қойылымдар өзінің әзіл-оспақтылығымен көрермендердің көңіл-күйін бір желпінтіп тастады.

Бесқарағайлық жастар да қарап қалмады. Шараның үшінші бөлімінде ынтымақтасу мақсатымен екеуара тренинг ұйымдастырды. Оны тізгіндеген ауылдағы жастар көшбасшысы Гүлсұлу Құдайбергенқызы аққулық һәс бесқарағайлық жастарды топтарға бөліп, қызыққа толы көріністерді сахналатты. Араласып кеткен жастардың қуанышында шек болмады. Аталмыш тренинг жалынды жастарды шығармашылық жағынан жақындастырды, пікірталас жағынан ортақтастырды, үйлесім жағынан жарасымды үндестірді.

Сайып келгенде, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастар осынау ынтымақтастық ырысы тасыған шара арқылы баянды болашаққа деген талап-жігерлерін мейілінше бір қайрап алды. Ендігі кезекте ауыл жастарының тірлігіне қан жүгіретініне сенім мол. Асылы сол, жастар да қоғамның бірегей маңызды ұяшығы екенін естен әсте шығарып алмасақ болғаны. Жастарға да сенейік, ағайын!        

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 803 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: