19:29
Уақытыңды басқар

УАҚЫТ ХАҚЫНДА ТҮЙІН СӨЗ

Уақытты жоспарлау мен қатаң тәртіппен өмір сүру адамды жалықтырып, шаршатып, өмірдің қызығынан айыратындай болып көрінуі мүмкін. Ереже бойынша адамға ұнамсыз болса да, алдымен барлық мәселелерді шешіп, тапсырмаларды орындап, мақсатқа жету қажет болмақ. Мұның жолы адамды жалықтыратындай, ешқашан бақытқа қол жеткізбейтіндей болып көрінуі мүмкін. Алайда мұсылман жан «Жаннат адамның нәпсісіне ауыр көрінген нәрселермен, тозақ адамға жағымды көрінген нәрселермен көмкерілген» екендігін білуі қажет. Сонымен қатар Алла Тағаланың «Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселерің түбінде өздерің үшін зиянды болып шығуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер» деген ескертуін есте ұстап, бастапқыда жағымсыз әрі қажытатын ауыр тапсырма болып көрінгеніне қарамастан, бұл әдетті үйренудің соңында тек жақсылыққа жеткізетінін әу бастан санасына құйып алып, алға ұмтылғаны жөн.

Негізі мұсылман адам үшін нағыз бақыт ақыретте болмақ. Дегенмен бұл жалғанда бақытты өмір сүруге болмайды деген тыйым жоқ. Адам уақытын тиімді пайдаланатын болса, «уақытты босқа өлтіріп жатырмын» деген ұждан азабынан арылып, бақытқа жетуі жеңілдей түседі.

Біз болып жатқан жайттарға оң көзқараспен қарағанда ғана өмірдің рақатын сезіне аламыз. Алайда адам баласы ең алдымен қауіпті әрі жағымсыз дүниелерге назар аударады. Құдды бір қара нүкте қойылған ақ парақтан бірінші қара нүктесін көретіні тәрізді. Ертеректе адамзаттың өмірін сақтап қалуы үшін мұндай қорғаныштың көмегі тигені рас. Дегенмен қазір бұл айналамызға оң көзқарас танытуға және бақытты болуға кедергі жасауда. Сондықтан ақырындап болса да, оң көзқарас қалыптастыруды үйренген жөн.

Уақытты адам өмірі деп білген Имам Ғазали былай дейді:

«Балам! Бүгін өлдім деп ойла. Өміріңді ғапылдықпен өткізген сәттеріңе қаншалықты өкінесің. «Шіркін-ай, қайран өмірім-ай!» дейсің, бірақ амалың қанша?!»

Әр мүмін таң намазын оқыған соң өзіне мынаны ескертуі керек:

«Менің бар қазынам – өмірім. Өмірім таусылса, қазынам да таусылады, оны қайта табуға мүмкіншілік те қалмайды. Бүгін жаңа бір күн басталып келе жатыр. Алла Тағала ьүгін де маған өмір сыйлады. Егер жанымды алғанында, әлбетте, бір күнге болса да бұл дүниеге қайтарылып, ізгі амалдар істеуді өтінер едім ғой. Олай болса, қазір өлдім, сосын дүниеге қайтуыма бір күн мұрсат берілді деп ойла. Бүгін күнәлі істердің маңына жуыма, уақытыңның бір сәтін де босқа өткізбе. Өйткені әр алып-шығарған тынысың – баға жетпес нығмет!»

Өмір бір дем алумен басталып, келесі бір дем шығарумен аяқталмақ. Жаратушымызға қауышу үшін алғаш алған демімізді қайта ақтық деміміз ретінде шығарудың кезегін күтудеміз.

Бұл дүние – еңбектенудің, ақырет – жемісін көрудің мекені. Ақыретте бір нәрсе табу немесе жоғалту деген болмайды. Осы тұрғыдан бұл дүниедегі уақыттың құны тым жоғары. Ол – бес күндік жалғандағы шектеулі уақытта шексіз рақатқа қол жеткізудің мүмкіндігі.

Ақыреттік іс, дүниелік іс деп бөліп жармай, әрбір ісімізде қарытеттік табысты көздеуге тырысайық. Барлығын Алла разылығы үшін, сүннетке сай жасауға тырыссақ, мал табу ісі, демалу мен тамақтануға дейін сауапты амалға айнала алады.

Ақыретке иманы жоқ тек бұл дүниеде шектеулі уақыт өмір сүретінін ойлайтын батыстықтар сол уақытын барынша тиімді пайдаланып, өмірде көптеген жетістіктерге жетіп қалуға ұмтылып жатқанда осы дүниедегі әрбір сәтіміз ақыреттегі мәңгі өміріміздің сапасын белгілейтінін білетін біз, мұсылмандар, уақыт мәселесінде олардан да мұқият болуымыз қажет емес пе?

Алла Тағаланың әділдігімен олар уақытты дұрыс пайдалана отырып, бағындыруға тырысқан шыңдарына жетіп, жетістік пен жеңістің дәмін татып отыр. Ал мұсылман баласы уақытын тиімді пайдаланса, екі дүниеде де орасан зор жетістікке жете алмақ. Осы жолда әрекетін жасап тырысып бағу мен ісінің жеңілдігін тілеп Алладан дұға етуді қатар алып жүретін болса, әрбір мұсылман жан мұрат еткен шыңдарын бағындыра алады. (жалғасы бар)

 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 145 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: