19:30 Уақытыңды басқар | |||
ИСЛАМ ҒҰЛАМАЛАРЫНЫҢ ІЗІМЕН «Замандар ішінде заман бар, мекендер ішінде мекен бар». Абдулқадир Жәйләни Тарихқа көз жүгіртер болсақ, кешегі өткен ғұламаларымыз өз уақыттарын тиімді пайдалана білгеніне куә бола аламыз. Олар Құран және намаз оқумен, зікір етумен, ілім үйретумен және ілімдерін арттыруымен айналысып, көптеген баға жетпес пайдалы еңбектер қалдырып кеткен. Уақытты бағалау мен оны орынды жұмсауға ерекше мән беруімен ғұламалар арасында ең танымал болғаны – имам Ибнул-Жәузи (һижри 508-597 ж.ж.). Ол 89 жыл өмір сүрді, бес жүзге жуық ғылыми еңбек жазып қалдырды. Өзінің «Сайд ал-хатыр» атты кітабында имам былай дейді: «Өзім туралы айтар болсам: мен бала кезімнен ғылымға қызығып өстім, содан өсе келе ғылыммен айналыса бастадым. Және бір ғана ғылым саласын емес, барлық ғылымды бірдей ұнаттым. Әрі ғылымның бір бөлігін ғана емес, оны толығымен зерттеп шығуға асығатынмын. Себебі уақыт көп емес, қашанда аз ғой». «Көпті көрдім, сендер сияқты ақша мен малдың ортасында жүргендерді де, уақыттың соңына түскен адамдарды да көрдім». Хасан Басри «Уақыттың зор құндылық екенін және оны ізгі істерге арнау қажеттігін түсінгеннен кейін, мен ол нәрсені (адамдардың пайдасыз кездесулерін) ұнатпайтын болдым. Сонда да өзімді екі нәрсенің ортасында қалғандай сезіндім: егер адамдармен мүлде жолықпайтын болып, маған келулеріне тыйым салсам, онда қоғамдағы салтты бұзғаным үшін жалғыздықта қалар ма едім, бар уақытым солармен өткелі тұр. Соңында, шамам келгенше адамдармен жолығудан ұзақтайтын болам деп шештім. Ал олай болмаған жағдайда, кездесу уақытын созып алмау үшін, көп сөзден қашып, ойымды қысқа жеткізетін болдым. Әңгімеге кедергі болмаса, сол аралықта, өз ісіммен де айналысып үлгеретінмін, өйткені бос отыруға мүлде болмайды. Сол кездесулер үстінде қағаз қиып, қалам ұштап, кітапшаларды түптеп отыратын едім: бұлай істеу ол іске ойыңды жинақтауды қажет етпейді. Осы секілді кейбір істерді арнайы кездесу уақытына қалдыратынмын, есесіне, уақытым зая кетпейтін». Сонымен қатар имамның кітабындағы мына сөздерге аса мән бергеніміз жөн: «Менің түйгенім, Алла Тағала уақыт пен денсаулықтың құндылығын түсінуді тек Өзі жәрдем беріп, нығметтерді қалай пайдалы жұмсау керектігін ұғындырған пенделеріне ғана береді». Ғалым бұл сөзінде Құранның мына аятын меңзеген: «Әрі бұған тек ұлы үлеске ие болғандар ғана жетеді». Бұл сүренің тәпсірлерінде айтылғандай, Алла Тағала Исламның барлық игіліктерін сабырлы, өз нәпсісінің қалауларымен күресе білген әрі қиындықтарға төтеп бере алатын иман еткен құлдарына сыйлайды, сонымен бірге, Алла бақыттың бұл ұлы үлесін пендесіне екі дүниеде де нәсіп етеді. Сонымен қатар ғалымның мына бір өсеті де құлақ асуға тұрарлық: «Адам бірде-бір сәтін құлшылықтан өзге бос нәрсемен өткізіп алмауы үшін, уақыттың қадірі мен оның мәнін түсінуі тиіс. Ісі мен сөзінің ішінен алдымен ең маңыздысын орындауы қажет. Мүмкіндігі келгенше, әрдайым ізгі амалдарды орындауда белсенді ниет білдіргені жөн, себебі хадисте де «Мұсылманның ниеті – амалынан хайырлы» делінген. «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатамын» дейді имам. Оның өміріне көз жібергенімізде, расында да, уақытты өте үнемді пайдаланғанын байқаймыз. Ол бүкіл ғұмырын ғылым-білім, жазу, пәтуамен өткізген. Ғылымның түрлі саласында еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340-тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз. Ибнул-Жәузидің кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен екен. (жалғасы бар) жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |