21:26 Уақытыңды басқар | |||
ТҮНГІ және КҮНДІЗГІ ҰЙҚЫЛАР Бұған дейін келтірілген аятта демалудың жолы ұйқы екендігі көрсетілгенімен, ұйқының уақыты айтылмайды. Адам болмысына және әдетіне қарай түнгі мезгіл ұйқының уақыты ретінде қалыптасқан. Ал Құранда олай «күндізді тіршілік ететін уақыт» ретінде сипаттағанымен, «түн – ұйқы уақыты» деп айтылмаған. Тіпті бір аятта «Түнгі және күндізгі ұйқыларың әрі Оның кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың да оның айқын дәлелдердің бірі» делінген. Бұл аятта күндіз ұйықтауға болатындығы көрінгеніндей, түнде де тіршілік етіп ризық-несібе табуға болатындығы ақын айтылады. Бүгінгі күні ауысыммен жұмыс істеушілердің жұмыс тәртібіне назар аударатын болсақ, осы жайттың іс жүзінде көрініс тапқанына куә боламыз. Құран кәрімде жоғарыда аталған жайтқа қаншалықты мән берілгенін түскі ұйқы жайлы сөз қозғаған аят арқылы көз жеткізе түсеміз. «Нұр» сүресінде келген бұл аятта демалу мезгілі ретінде әрі ұйқы үшін күндіз бір ауық уақыт бөлудің маңыздылығы баяндалады: «Уа, иман еткендер! Қоластыларыңдағы құлдарың мен қызметшілерің һәм араларыңдағы балиғатқа толмаған жас балалар мына үш мезгілде жеке бөлмелеріңе кіру үшін рұқсат сұрасын: Таң намазының алдында, түскі уақытта тынығып алу үшін киімдеріңді шешкендеріңде және құптан намазынан кейін. Міне, осы үш мезгіл сендердің ұятты (яғни, абиырларыңның ашылып қалуы әбде мүмкін болған) шақтарың. Ал бұдан өзге уақыттарда сендер үшін де, олар үшін де бір-біріне рұқсатсыз кіріп-шығудың айыбы жоқ». Аятта түскі уақыт тынығып алу үшін ұйықтауға арналған мезгіл екендігі ишарат етілген. Мұны «қайлулә» деп атайды. Алла Елшісі (с.а.с.) түнгі құлшылыққа тұруды жеңілдететіндіктен, бұл ұйқыға аса мән берген. Риуаяттарға назар аударар болсақ, Алла елшісі (с.а.с.) көбіне бесін намазынан соң, жаздың ыстық күндерінде бесін намазының алдында, жұма күндері жұма намазынан кейін ұйықтағандығы белгілі болады. Бұл тақырыпта кездесетін Құран мен хадистен алынған мәліметтер мен Алла елшісінің сүннеті бізге бірқатар жайттың басын ашып береді. Түнде түнгі құлшылық арқылы түнгі уақытты тиімді пайдалану қажет болғанындай, күндіз қайлулә ұйқысы арқылы тынығуға да уақыт бөлген жөн. Қайлулә әсіресе ауа райы ыстық болатын мезгілдерде аса маңызды. Өмірдің барынша пайдалы өтуіне септігін тигізе алады. Аталған жайттың Құранда да сөз етілгеніне қарағанда, күндізгі ұйқының жан-жақты (денсаулық, жұмысқа қабілеттілік, уақытты тиімді пайдалану, отбасымен қарым-қатынас, тәрбие, т.б.) пайдалары бар екендігі айқындала түседі. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының 2№ ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 0 | |