01:25 Уақытыңды басқар | |||
ТҮНГІ ҚҰЛШЫЛЫҚ және ОТБАСЫ Пайғамбарымыз (с.а.с.) уақыт мәселесінде адамға тағы бір жауапкершілік жүктейді: мүмін адам уақыт мәселесінде жеке басының істерін ғана жоспарлауы жеткіліксіз. Бұл мәселені отбасына да түсіндіруі қажет, уақытқа қатысты пайдалы әдеттерді олардың да бойына сіңіруіне жағдай жасауы керек. Бұл жөнінде Алла Елшісі (с.а.с.) бір хадисінде түнде құлшылық үшін тұруға байланысты Дәуіт пайғамбардың (а.с.) мысалын келтіреді: «Алланың пайғамбары Дәуіттің түнде отбасын оятатын уақыты бар болатын. Ол уақытта отбасын оятып, былай дейтін: Уа, Дәуіттің отбасы, тұрыңдар да, намаз оқыңдар. Себебі бұл уақытта Алла сиқыршы мен үшір алушыдан басқаның барлығының дұғасын қабыл алады». Пайғамбардың (с.а.с.) Рамазанның соңғы он күнінде отбасын түнгі құлшылыққа тұрғызатынын Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен. Алла Елшісі (с.а.с.) отбасында әйелі не ерінің бірі тұрған кезінде екіншісін де түнгі құлшылыққа оятуына да талпындырған: «Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және әйелін оятқан, егер де, ол тұрмаса бетіне су сепкен адамға Алла рақым етсін! Түнде ұйқысынан тұрып намаз оқыған және күйеуін оятқан, егер де ол тұрмаса бетіне су сепкен әйелге Алла рақым етсін!» Риуаяттардан түнде құлшылыққа тек ері мен әйелі бір-бірін оятумен ғана шектелмеу керектігін көреміз. Себебі Алла елшісі (с.а.с.) күйеу баласы болған Әлидің үйіне барып, есігін қағып, оны және қызы Фатиманы оятып, намаз оқуларын бұйыратын. Бұл әрекеті тұрақты түрде қайталанбағанымен, Алла Елшісі (с.а.с.) мұнысымен түнгі құлшылықтың орны мен оған басқаларды да құлшындырудың қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп кеткен. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
|
Всего комментариев: 0 | |