09:12 Тіл біл | |
ТҮРІК ТІЛІ Ол өзі шығыстанушы-арабтанушы. Осы жолға енді қадам басып, оқуға түсіп жатқан кезінде түрік тілі туралы еш ойлап көрмеді. Алайда Алла Тағаланың қазына есіктерінің көп екенін, сол жолда сапарларын жалғастыра келе ұғына түсті. Бұл еңбекте түрік тілін не үшін үйреніп бастады, қалай қадам жасады, қай жақтарға сапар шекті, кімдерге кездесті, ол нәрселер қандай нәтижелерге әкелді, қай жақтардан шыға келді деген сынды тақырыптарды тарқататын болады. Одан бөлек, көптеген тілдерді үйренген адам ретінде тіл үйренуге қатысты мардымды кеңестер, жарамды тәсілдерді ұсынбақ. Түрік мақалында келгендей: Bir dil bir insan, iki dil iki insan Иә, шынында, бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам. Біз жаңа бір тілді игерген кезде жай ғана сөздер жаттап, басқа дыбыстарды игеріп қоймаймыз, сонымен бірге жаңаша танымды, дүниеге көзқарасты игереміз. Білім сапары – ғажап сапар. Түрлі сынақтарға, шытырман оқиғаларға толы, бастысы, Алла разылығына жетуге болатын игі жолдардан болып табылады. Әуелі, түрік тілі туралы аз-маз ақпарат бере кетейік. Тарихи санамыздың шайқалғандығы себепті «түрік» сөзін толыққанды ұға алмай келудеміз. Қанды саясат салдарынан өзіміздің түп-тамырымыздан алыстап, негізімізді жатсынып қалдық. Түрік тілі дегенде, әлбетте, санамызға бүгінгі Түркия Республикасының ресми тілі келеді. Осы орайда, қосымша дүниетаным ретінде, тарихи сананы қозғау мақсатында бірқатар дүниелермен бөлісуді көксейді. Түрік тілі – ол қазақ тілі, қырғыз тілі, өзбек тілі, әзірбайжан тілі, татар тілі, ноғай тілі және т.б. болып жалғасып кете береді. Бүгінгі таңда Түркия Республикасының ресми тіліне қатысты (телехикаяларда / сериалдарда көріп жүрген) «Анадолы түрікшесі» деген ұғым қолданылса, біздің тілген «Қазақстан түрікшесі», өзбек тіліне «Өзбекстан түрікшесі» деген сынды атаулар кең қолданыла бастады. Шынында, тарихи дұрыс атауы да сол деген болар еді. Мектептегі тарих кітаптарында «Түрік» емес, «Түркі» дегенді көруші еді. Ол атау қайдан келді? Сонда қалай атаған дұрыс? Белгілі қаламгер Мұхтар Мағауин «Біз «Түркіміз» бе, «Түрікпіз» бе?» мақаласында толыққанды, әдемі түсінік бере білген. Қазақ баспасөзі мен кітаптарда соңғы жиырма-отыз жылда «түркілер», «түркі халықтары», «Түркі қағанаты» дейтін атаулы сөздер кеңінен қолданылып жүр. Қазақ тілінің ішкі үйлесімі бойынша, «түркі» дейтін ешбір оғашы жоқ, бірақ бұл – зат есім емес, сын есім – «қазақы» деген тәрізді; адами, кәсіби, ғылыми – бәрі бір орайда. Сондықтан «түркі» - мүлде басқаша ұғым бермек. (Осыған қарайлас «түрки» бар – яғни «түрік тілі»). Тарихи тұрғыда негізі жоқ, теріс қана емес, қисынсыз: «қазақ» этнонимін «қазықа», немесе «қызақ» деп түрлендірген сияқты. «Түркі» дейтін халық та, «Түркі қағанаты» дейтін мемлекет те болмаған, сондай-ақ, бүгінгі, түп негізі бірлес, тілдері үйлес, ағайын жұрттардың ортақ атауы да «түркі» емес. Бұл жер астынан жік шыққан барлық «түркінің» ақиқат түбірі – «түрік». Орта ғасырлар тарихында жарым әлемге қанат жайған, құдірет-күші кенеусіз «Ұлы Түрік қағанаты» болды, мемлекетке ұйытқы, негізгі халық – «түрік» атанды... Бұл халық тарихтың келесі кезеңінде бүкіл Еуразия құрлығына таралды. Ұрпақтары уақыт оза келе әрқилы аталғанымен, бәрі де түрік жұрағаты болып қала берді. «Түрік халықтары» дейтін ортақ атау – Еуропа ғылымында, бар тарихта біржола қалыптасты (орысша – әуелде «татарские народы и племена», кейінірек Батыс әсерімен «турецкие народы»). Ежелгі тарихты кәміл таныған қазақ зиялылары да ХХ ғасырдың басында осы «түрік» этнонимін жаңадан жаңғыртып, жалпыға ортақ «түрік халықтары» атауын қатарға қосады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
