11:59 Тіл біл | |
АРАБ ТІЛІ Бір күні Марат ағасы үйіне етке шақырды. Тек өздері бар екен. Қарт ата-анасы қолында тұрады. Күн сайын солардың қызметін жасайды, күнде батасын алып отырады. «Аа, табыстылығының бір белгісі сол екен» деп түйді. Жасы үлкен болса да ата-анасының алдына түсіп, солардың көңілдеріне қарап сөйлейтінін байқады. Ас бөлмеге кірген кезде оған: «Ал енді, ұстаз, сіз екеуміз бергі жақтан отырамыз. Төр – шал мен кемпірдікі», - деді. Дастарқан үстінде анасының табандылығы турасында айтып, еш уақытта харам ас ішпегенін тілге тиек етті. Әрбір ісін сол кісілердің батасын алмай жасамайтындығы – ол түйген жақсы өнегелерден болды. Тамақтанып болған соң: «Осы атаңыз бен әжеңіздің батасын алып қалыңыз! Бұл кісілер күнә жасайтын жаста емес, дұғалары қабыл, ин ша Алла», - деді. Солайша Марат Сәрсенбаевты өсірген ата-анасының батасын алғаны есінде. Осы мысалмен жеткізгісі келген бір ой – білімді берекетімен алу керек. Алла бастамаңызға тауфиқ (тауфиқ, таупық – сәттілік) берсе, өзіңіз ойламайтын жерлерден табылып отыратын боласыз. Маңызсыз боп көрінген нәрселер – әдетте үлкен маңыздылыққа ие. Умра қажылығын мақсат етіп, әрекеттеніп жүрген жылы – сол мақсаты себепті берекелі өтті деп сеніммен жаза алады. «OLX» платформасынан берген жарнамасын көріп, күндердің күні бір ана хабарласты. 12 жасар ұлына араб тілін және ағылшын тілін үйрететін, тәлімгер болатын ұстаз іздеуде екен. Үйлеріне шақырды. Балам білімсіз қалып кетпесін деген, перзентінің руханиятына алаңдаған ананы көрді. Баланың өзімен танысып, шамасын байқады. Екеуі жақсы тіл табыса білді. Солайша шәкіртікке алып, аптасына 3 мәрте үйіне барып, сабақ беретін боп келісті. Ол отбасымен өте жақын араласып кетті. Сабақ өтіп болған соң, міндетті түрде дастарқанға шақыратын. Шәкіртінің есімі – мұхаммед-расул. Сол уақытта ойын баласы, Play station деген нәрсеге әуес, футболды сүйетін, болашақта футболшы болуды армандайтын. Ол шай үстінде болсын, оған басқа насихат беретін. Адамның дені сау боп, спортпен шұғылданғаны – өте құптарлық іс. Алайда бүкіл өміріңді соған арнап, уақыт өткізуді жөн көрмеңіз. Сонымен қоса Расул – зерек те болатын. Берген тапсырмаларды тиянақты орындайды және ең бастысы – өзінің де оқуға деген қызығушылығы бар-тын. Тек бала болған соң ойынға деген қызығушылығы көбірек ауып кете беретін. Осы орайда кез келген үйреніп жүрген тіліңізді дамытудың бір жолын жаза кетейік. Қандай да бір тілді игеруде белгілі бір деңгейге жетіп алған соң, сол тілден сабақ берсеңіз немесе өзге бір адамға үйретсеңіз – тіл біліміңіз нығая түседі. Себебі өзгеге сабақ беру үшін адам өзі қайталайды, қосымша материалдар іздейді. Ертеректе бір ұстазы: «Білім талап етуші адам қабил және мурсил болу керек», - деп айтып еді. Қабил – қабылдап алушы, мурсил – жөнелтуші. Яғни бір тараптан білімді алып отырасың да, екінші жақтан соны беріп отырасың. Міндетті түрде ақылы курс жасап, сабақ өткізу шарт емес. Кемінде – үйіңізде іні-қарындастарыңыз, сіңіліңіз болатын болса, соларға үйрете аласыз. Бастысы – үйрету. Өзі жақсы түсінген адам өзгеге түсіндіре алады. Ал енді Умраға оралатын болсақ, сол жылы бара алды ма? 2-курс тамам болды. Сауд Арабиясы Королдігінің шекарасының жабылайын деп жатқан уақыты. Зуль-Хиджа айына дейін елді үлкен қажылыққа дайындау үшін шекараларды жабады. Әр жерде сабақ беріп, бір айда 10 мың теңгенің көлемінде ақша алып, ай сайын тапқанының бәрін жинай берді. Алла қалап, кіші қажылыққа соңғы ағыммен, Қазақстан және Түркия азаматтарын қабылдайтын боп, тізімге ілігіп кетті. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |