17:12 Тіл біл | |
АРАБ ТІЛІ Сол жыл – ол үшін тағы бір рухани тәрбие жылы болды. Өзі университетте ақылы бөлімде оқиды, елордадағы тіршілігі бар. Соның бәрін ескеріп, ата-анасынан қаржы сұрай алматайтынын түсінді. Шығатын жолы – қосымша табыс көзін іздеу. Ол нәрседе де өзіне: «Айналысайын деп жатқан ісім – білім алуыма еш кедергісін келтірмейтіндей болуы керек», - деген темір қағида қойды. Жасы 18-де, 2-курсқа енді өткен кезі. Жастық жалын және Мароккодан алып келген тәжірибе бар. «OLX» желісіне «Ағылшын және араб тілінен Астана қаласында сабақ беремін», - деп жарнама шығарды. Ешқандай ұсыныс таппай көп жүрді. Адамдар хабарласпады емес, хабарласты. Алайда студент екенін білген кезінде, ары қарай сөйлесуді де қаламайтын. Бірнеше апта өткеннен соң бір тілдік курсқа ағылшын тілінен дәріс беруге шақырды. Бірнеше уақыт өткен соң бір кісі хабарласып, араб тілінен сабақ беретін адам керек екендігін айтты. Алайда сабақ алатын адам – қызметтегі, кішкене өзінің талаптары бар, қосымша сұрақтары көп жан екендігін ескертті. Ол дұға етті де, бисмиллә деп келісімін берді. Ол ағасының есімі – Марат Сәрсенбаев болатын. Алғаш кездескен кезінде: «Ал, балам, не білесіз? Қайдан боласыз? Кім боласыз?» - деп бастаған еді. «Осыдан бірнеше күн бұрын бір қыз баласы келіп еді сабақ беремін деп. Бәләд (Бәләд сүресі – қасиетті Құранның 90-сүресі, 20 аяттан тұрады. «ел» деген мағына береді) сүресін сұрап едім, айта алмады. Ананы сұрадым, айта алмады, мынаны сұрадым, айта алмады. Мен оны төмендеткенім емес, Құдай сақтасын! Біраз қобалжыған да шығар. Алайда маған білім берейін деп жатқан адамның менен көп білетініне көзім жетуі керек. Қарындасымыз жылап кетіп қалды. Мен де өзімді ыңғайсыз сезініп, артынан барып, кешірім сұрап, сыйлығын беріп, кешірімін алғандай болдым. Ал енді бүгін өзіңізді көрейік!» - деп әңгімесін осындай сарында бастады. Бірінші сабақта тақтаға сызып тұрып «Араб тіліндегі сөздердің түрлері» тақырыбына кіріспе жасап, есім, етістік деген не, оларды қалай айырамыз, қалай бөлінеді, соның бәрін түсіндіріп берді. Оларды айырып түсініп алмай, сөйлем мәнісін түсіне алмайтындықтарын, грамматикаға кіре алмайтындықтарын жеткізді. Қобалжымай, сабақты түсіндіре алғанының бір себебі – ағылшын тілінен сабақ беріп жүруінің арқасы. Марат аға орнынан тұрды да: «Жасыңыз нешеде?» - деп сұрады. 18-де екенін айтты. «Әкеңіз қай жылғы болады?» - деп сұрады. 1964 жылғы екендігін айтты. «Оо, тіпті әкеңізден үлкен екен менің жасым», - деп жалғады. – Бірақ біліміңіз менен асып тұрса, жасыңыздың кішілігіне қарамай, ұстаз деп айтуға дайынмын. Енді маған араб тілін жақсылап үйретсеңіз болғаны», - деді де, телефонына нөмірін «Арсен ұстаз» деп сақтап алды. Бүгінге дейін хабарласып, хат алысып тұрады, сол уақытта үнемі «Ұстаз» деп қаратпа жасайды. Марат Сәрсенбаев ағасы оны қанша жерден «Ұстаз» десе де, ол ол кісілерді «Шәкірт» деп атай алмайтын. Себебі үйреткенімен, ол кісіден үйренгені көп деген болар еді. Үйіне қонаққа барған уақыттарда, дәрістен тыс кездерде өмірлік тәжірибесінен, түрлі адамдармен араласа жүріп түйген ойларымен бөлісетін. Үлкен өмірдің баспалдақтарын енді аттап бастаған жас Арсен үшін өте қажетті әңгімелер болатын. Үйінен шықпас бұрын міндетті түрде батасын сұрап алатын. Қандай да бір жетістіктер – біздің кереметтілігімізден болмайды. Иә, адам өз тарапынан әрекетін жасайды міндетті түрде, бірақ оның берекетін беретін тек Алла Тағала. Бір кездерде жасалған дұға, үлкен кісілердің батасының қабыл болуы – біздерді бүгінгі хәлімізге алып келген болуы мүмкін. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |