23:56 Тіл біл | |
АРАБ ТІЛІ Таңертеңнен бесін уақытына дейін университетте сабақ болатын. Сабақтан шыққан соң Жерорта теңізіне түсіп, біраз тынығатын. Студенттік кампусқа оралған соң, бас алмай сабақтарын қарайтын. Қандай да бір жаңа сөздер, тіркестер болатын болса, соларды стикерлерге жазып, бөлмесінің қабырғасына жабыстыратын. Сол уақытта бірге барған студенттердің бәрі осы нәрселердің куәсі болды. Бөлмеге кіріп-шыққан сайын сол қабырғаға көзі түседі. Көзі түскен соң бір оқып жібереді зудыратып. Солай бір күнде қабырғаға жазылған сөздер толыққанды жатталып отыратын. Оны ең қуантқаны – ата-анасының оны оқыту үшін мал аямағандығы. Жақындарының қолдауы алдына қойған мақсаттарына жетудегі қозғаушы күш болды. Деп айта алады. Қандай мүмкіндік бар, соның бәрін пайдаланды. Университетте жүріп танысқан Кот-д’Ивуардан келген Мухаммад Амин есімді қаримен (қари – Құранды толық жатқа білетін адам) жақын араласты. Олар оқып жатқан факультетте докторантураны аяқтап, докторлық диссертациясын жазып жүрген кезі еді. Университеттегі сабақтан бөлек сол аға-бауырынан оған Құраннан және араб тілінен сабақ беруін өтінді. Қосымша сабақ алу үшін студенттік кампуста қонбай, сол Мухаммад Аминнің үйінде қонатын кездері болды. Өзі мысырдағы Әл-Азһар университетін бітірген, білімі терең адам еді. Фикһта Шафиғи мазһабында, ақидада Ашғари мектебін ұстанатын. Құраны да пысық. Соның үйіне барғанда жұмыс үстелін көріп, білімге деген, зерттеуге деген ынтасы еселеп ашылған еді. Арнайы өзінің лупасы бар. Жұмыс үстелінде көптеген махтуталар (махтута – қолжазба) шашылып жататын. Соларды оған оқып берген кезінде миы жарылып кете жаздаған. Сол уақытта харакаты бар арабша мәтіндерді әзер оқығандарына мәз боп жүргендерінде, адам түсініп болмайтын арабша қолжазбаларды талдайтын. Араб елінде жүрген соң күн сайын араб тілінде сөйлесіп, тіршілік етіп, тілді толықтай сезіп, бойыңа сіңіресің. Бір жыл бойы бірінші курста оқып-жаттаған нәрселерінің бәрін пайдаланды. Сол себепті ең әуелі оның арабша сөйлеуі керемет дамыды. Студенттік кампустың алдында әдемі мешіт бар еді. Қосымша сол жердегі Мәлики мазһабы имамының дәрістеріне қатысатын. Ол жерде халыққа арналған тәрбие, әдеп уағыздары болатын. Бір көше ары – кезінде католиктік шіркеу болған, қазіргі хәлінде кітапхана бар. Кітапханашы да өте керемет адам болатын. Сол кітапханаға барып, қосымша сабақтармен айналысуға мүмкіндік болды. Кітапханада өзге де мықты студенттермен танысасың. Біліми орта қалыптасқан соң, күнделікті тынысың тек білім болады. Білгеніңді айтып бір тексертіп аласың да, білмегеніңді сұрап отырасың. Ол кезде қате болса да, тоқтаусыз бәрімен сөйлесе беретін. Солай-солай көптеген қателерді түзеткені есінде. Сонда жүріп иғроб (иғроб – араб тілі грамматикасындағы сөйлемдерді талдау) әлемінің есігін ашты. Өзіне түрлі сөйлемдерді жазып, соларды отырып алып иғроб жасайтын. Сол оқуды мумтаз (мумтаз – өте жақсы, керемет) деген бағаға аяқтап, емтиханды үздік тапсырып, елге оралды. Келе салып университеттегі араб тілінен сабақ беретін ұстаздармен арабша сөйлесе алғанына қатты қуанды. Тахаддус (тахаддус – сөйлесу қабілеті) жағынан тілі ерте дамып кетті. Оған әсер еткен – араб тілді орта және көп сөйлесу еді. Араб тілінде сөйлесуге келгенде ода еш уақытта «дұрыс болмаса ше» деген жасқану болмаған. Тілдер үйренудегі ұтымды қабілеті – осы деп біледі. Елге қазан айында оралғаннан кейін, екінші курстың жаз мезгіліне тағы бір сапарды жсопарлай бастады. Алайда ол сапар – рухани болуын көздеді. Күз мезгілінен жазға дейін Мекке мен Медине қалаларына барып, Умра қажылығын орындау үшін қаражат жинауға кірісті. Әлбетте ол жаққа бару үшін қаражаттан бұрын қажыр таныту керек екендігін жете түсінді. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |