12:50 Тіл біл | |
АРАБ ТІЛІ Араб тілін үйренудің ислами мектебінен бастау алатын классикалық жолы ар және ислам дінін ұстанбайтын, батыс ориенталисттерінің, орыс шығыстанушыларының қалыптастырған жолы бар. Ол, әлбетте, шығыстанушы ретінде араб тілін екінші тәсілмен үйреніп бастаған. А.А.Ковалев пен Г.Ш.Шарбатовтың «Учебник арабского языка» кітабы, В.Г.Лебедев пен Л.С.Тюреваның «практический курс арабского литературного языка» кітабы, И.д.Ибрагимовтың «Интенсивный курс арабского языка» кітабы, Шагальдің КСРО кезінен қалған әскери бір кітабы – ол танысқан алғашқы еңбектерден еді. Грамматикадан Берникованың кестесі мен сызбасы, Болотов, одан қалса Сарбулатовтың сарфологиясы, Хайбуллин, Чернов, Юшманов, Яковенколардың оқу құралдары қолға түсіп, етістіктерді 12 баппен жаттап шыққан. Қазақстандағы шығыстанушылардың бәрі осы еңбектерді оқиды. «Әл-Китабуль Әсәси», «Арабия байна ядайк», «Мединский курс», «Лондонский курс» кітаптарының мәтіндерін, хиуарларын (диалог) жатқа соғып жарысатын. Үй жақтағы мешітке барып ондағы «Мәбдәуль-қырағат» кітабының дәрістеріне қатысып, араб тілін жан-жақты дамытуға тырысып бақты. Түрлі жасалған еңбектер, танытқан қажыр-қайрат – күндердің-күні сыртқа шығып, өз жемісін берері сөзсіз. Те сол сәтті сабырмен күте білу керек және соған қарай жүре білу қажет. Алланың қалауымен бірінші курстың жаз айында Марокко корольдігіне оқуға бару мүмкіндігі пайда болды. Ата-анасы бетінен қаққан жоқ, оқуға деген ынтасын көрген соң, жіберуге келісімдерін берді. Бір жыл бойы жиған араб тілі білімін пайдалана алатын араб еліне баратынына қатты қуанды. Университет қабырғасында араб тілінің грамматикасын орыс тілінде үйреніп жүрген ол, «мубтада», «хабар», «джумлә исмия», «джумлә фи’лия» деген сынды атауларды Мароккоға барып, араб ұстаздардан үйренді. Оған дейін есімдіктің «дамир» екенін білмеді дей алады. Айтпағы, араб тілінің грамматикасын араб тілінде үйрену қажет. Орыс немесе батыс шығыстанушыларының еңбектерін тек қосалқы ізденіс жұмыстарына ғана пайдалануға болады. Марокко Корольдігінің Солтүстігінде Тетуан деген қалада «Абдулмәлик әс-Сәәди» атты университеттің «Усулуддин» факультетіне барып түсті. Әлбетте, олар ол жақта «Араб тілі және Марокко мәдениеті» атты бағдарлама аясында оқыды. Сонда оқитын жергілікті студенттермен, магистр және докторанттармен жақсы достық қарым-қатынас орнатты. Араб еліне барып араб тілін тереңірек үйренуге, оның грамматикасымен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Араб тілінің грамматикасына қатысты елеулі еңбек қалдырған Ибн Аджрумның «Аджрумия» кітабымен де сол жақта танысты. Көптеген кітаптардың кіріспелерінде ғұламалардың: «Қандай да бір кітаптың қабыл болуы – оның кең таралуынан көрініс табады», - деген сөздері келтіріледі. «Әл-муқаддиматуль Аджрумия» еңбегі де солардың қатарынан деп сенеді. Аджрумияға жазылған ең үлкен шархтардың (шарх – түсіндірме) бірі – Мухаммад Мухиддин Абдульхамидтің «Тухфатус-сания» атты кітабы. Мароккода жүргенде арнайы бір блокноты болатын, көшеде қандай да бір жаңа сөзді көрсе, соны жазып алып, аудармасын біліп, жаттап жүретін. Ең жақсысы, блокнот әрдайым жаныңда болса, кез-келген уақытта ашып жібересің де, сөздерді қайталай бересің. Осы секілді кішкентай әрекеттерді кейде көрмейді екенбіз. Үлкен жетістікке жету үшін, үлкен қадамдар жасау керек деп түсінеміз. Алайда, шын мәнінде, тамы аз-аздан тамса да, тасты тесе алатынын естен шығармау керек. Араб еліне тіл үйренуге бара болсаңыз, осы кеңеске жүгіне аласыз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |