17:16
Тарихи түптөркін

Байдалы – көл, Аршалы ауд., Ақмола обл. Абылай хан билерінің ішіндегі білгір де шешен, ақылды да алғыр биі екен. Кезінде ел ішінде «Абылай аспас асқар бел» деген лақап аты да жайылыпты. «Бірде Абылай хан бір жас батырын жасаған қылмысы үшін айыпқа бұйырып, жазаламақ болыпты. Содан оны жан-жағынан қоршаған төлеңгіттер үш тағанды ағаш қыспаққа отырғызып, бүрістіріп қояды. Батыр жігіт Байдалы биге жүгінгендей бақырая қарайды. Өйткені ол Байдалы бимен рулас екен. Қатты намыстанған би жігітке қарап: «Неменеге бақырайып қарайсың, ешкі құрлы қауқарың жоқ па, соятын кезде ешкі де бақырады ғой!» - деп ашуланыпты. Содан соң Абылай ханға бұрылып: «Хан! Сен қалың қазақтың ішінде отырған ат төбеліндей ғана төресің, қалың қазақ қаптап кетсе, қайда барарыңды білмей қаларсың. Халық қаһарына ілінбей, мына батырыңды босат!» - деген екен. Байдалы бидің қаһарынан сескенген хан жас батырды босатып жіберген», - деген халық аңызын «Ана тілі» газеті 1991 жылы бір санында «Абылай аспас асқар бел» деген тақырыппен жариялаған еді.

 

Байқоңыр – ғарышкер қаласы, Шұбартеңіз көліне құятын ұзындығы 207 км өзен, Жезді ауылынан 96 км жердегі ауыл. Топоним «бай» және «қоңыр» сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Тіліміздегі «бай» сөзі көп мағыналы: 1) ауқатты, әлді, мол, көп, көл-көсір; 2) шексіз көп, ұлан-асыр; 3) ауыс. ұшы-қиыры жоқ, шексіз. Қоңыр: 1) қоңырқай, сұрғылт (түс); 2) ауыс. (дауыс туралы) қоңыр, майда, жұмсақ дауыс, үн; 3) ауыс. (жайлы мінез) тыныш, біртоға, жайлы; 4) ауыс. (ауа райы туралы) салқын, қоңыр күз, т.б. «Қоңыр» сөзі арқылы жасалған топонимдердің де мағыналарының басқа тілдерде әртүрлі екендігі сөзсіз. Мәселен, монғолша хонхорхой – «шұңқыр, ойпат, үңгір, сай, жыра». Осы тілдегі хонгур – «сарғыш, қоңырқай», хонор – «төбе, төбешік, қырат»; «күштілік» мәндегі сөз.

Шексіз өлкені алып жатқан Байқоңыр жерінің бет-бедері де әр алуан. Кең-байтақ осы сар даланың, оның ойпаттары мен құмды-құмайт жерлерінің түсі де, жер бетіндегі шөптесін өсімдіктерінің түсі де сарғыш тартып, күн күйдіруінен «қоңырқай, сұрғылт да сарғыш түске бай өлке» болуына байланысты осы атау қойылса керек.

 

Бақай – өзен, Балқаш ауд., Алматы обл. орталығында Бақанас атты өзен, Солтүстік Қазақстан облысыынң Аягөз ауданында және сол облыстың шығысында Нарын, Бақанас, Іле өзенінің бойында Орта Бақанас, шет Бақанас тұлғаларында да кездеседі. Ғ.Қоңқашбаев: (Бақанас – монғолдың баганьус, яғни «келте су» мағынасындағы атау», - десе, А.Әбдірахманов: «Бақанас атауы бақан(а) + с элементтерінен жасалып, «бақандар», яғни «өзен салалары» дегенді білдіреді»,- дейді. Ал Е.Қойшыбаев: «Түр. бақан (бақай) – «айыр» және көне ас (аш > уш > ус > үс > үш) варианттас «су» мағынасындағы тұлғалардан қалыптасқан атау. Бақанас – «тарам су» ұғымын береді», - деп түйеді.

Зерделесек, атаудың бірінші сыңарындағ бірінші сыңарындағы бақан сөзі – түркі-монғол тілдеріне ортақ, көне тұлға. Топонимдер құрамындағы бақ, бақа, бақан сөздерінің түп мағынасы «кішкене, қысқа, келте, шолақ» дегенге саятындай. Өйткені тіліміздегі бәкене – «ласа, тапал», «кішкене» сөзі бақана сөзінің жіңішке тұлғасы болса керек. Демек, Бақанас «тарам, айрық» деген мәннен гөрі, «кішкене, қысқа, келте, шолақ өзен» деген мағынаға бейім тұрғандай.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 261 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: