16:22 Тұғырлы Тәуелсіздік тағылымдары | |
ЕЖЕЛГІ – ТҰРАНСЫҢ, БҮГІНГІ – ҚЫРАНСЫҢ! Әлбетте, Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан ғой біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Ұлт көшбасшысы һәм Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткен өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатыр. Зерделесек, халқымызға ғасырлар бойғы, сонау Күлтегін және Кенесары хан аралығын қамтыған, арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Әлқисса, осынау мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде осымен жиырма үшінші мәрте аталып өтілуде. Сараптасақ, Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты һәм көп клнфессиялы Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайтыны сөзсіз. Сондықтан да бұл күн қылшылдаған жиырма екі жастағы мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар, өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанды құрметтеу сезімін әкелетін осынау мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық және ұлтжандылық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды алдымызға қойып отыр. Ата-бабаларымыздың жүрегінде тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда оны нығайта түсу міндеті тұр ғой әрдайым. Ақиқатында, елімізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтерілістері, ата-бабаларымыздың қандай ауыртпалықты да көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Бұл еркіндік сүйгіш, патриоттық дәстүр әйгілі 16 желтоқсан оқиғаларына дейін жалғасты. Осылайша бұл тәуелсіздік күнінің оңайлықпен келмегенін білеміз. Шындығында, біздің халқымыздың ата-мекенді ардақтау сезімі әуелден өте терең. Қазақ үшін туған жерді қасиет тұту – қанға сіңген қасиеті, ежелгі дәстүр. Бұл таным біздің жанымызға ана сүтімен дарыған десек те артық етпес. Халқымыздың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген даналық пікірін ойлап қарасақ, ата-бабаларымыздың асқар таудай ақылында, өз өмір тәжірибесінен өткен өнегелі істері – елін, жерін қорғау – бірлікте, ынтымақта өмір сүріп, еліне елеулі, халқына қалаулы болу – парыз деген ізгі мұраты екен. Қарап отырсақ, байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, өрлеудің өзіндік өрнегін оюлауда. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен жаөанға әйгілі. Бүгінгі Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел. Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамудың берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан дүниежүзілік экономикада өз орны бар елге айналды. Шындығында, қазақ халқымен бірге әр түрлі ұлт-ұлыстардың да Отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әр түрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді. Әрине, бүгінде Қазақстанның негізін қазақ халқы құрайды. Біздің елдегі осынау халықтар басын біріктіріп, олардың ұлттық тегіне қарамастан, теңдігін бекітетін құжат бар. Ол – еліміздің Ата Заңы, яғни Конституциямыз. Асылында, тарихта талай-талай ауыртпалықты бастан кешірсе де, ешкімге басын имеген қазақ халқы қазір әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде. Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең-байтақ ұлы Отанымыздың Тәуелсіздігі нығая берсін, көк аспанымызбен астасқан Туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін, ежелгі Тұранымыздың ақиқат көзіндейін бүгінгі Қыранымыз Егмендік, Еркіндік, Тәуелсіздік кеңістігінде аспандай берсін әлбетте! әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |