22:19 Тәңіршілдік турасында | |
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ Көне деректер арғы түркілердің сенімі – бір Тәңір болғаны жөнінде хабарлар жеткізгенімен, түркілердің кейбір ру-тайпалары келе-келе өзге дін насихатшыларының ықпалымен бір Тәңірден басқа да діни сенімдерді қабылдаған тәрізді. Мысалы, Әл-идрисидің «Нузхат әл-муштақ фи-ихтирақ әл-афақ» атты шығармасында Орталық Қазақстанда орналасқан Лалан қаласының тұрғындарының пұтқа табынатынын, қимақтардың мәжуси дінін ұстанатынын, Хақан қимақтарының күнге мінәжа ететінін, азкиш түркілерінің сәуле шығаратын барлық заттарға құлшылық қылатынын, ал түркештердің отқа табынатынын жеткізеді. Ал, Зәкәрийа ибн Казунидің (1203-1283( «Әсар әл-билад уа ахбар әл-ибад» (Елдер ескерткіштері және Алланың құлдары жайлы хабарлар) атты еңбегінде: «түркілер нақты бір дінді насиқаттамайды. Олардың ішінде жұлдыздарға, отқа табынатындар, христиан, манихей, дуалистер, сиқыршылар бар» дейді. Сондай-ақ, ибн Казуни осы жазбасында татарлардың күнге табынатынын, оғыздардың насрани екенін, қимақтардың қарт адамға сиынатынын, түркістан түріктерінің пұтқа, жұлдызға, отқа және христиан дінін ұстанатынын айтады. Қудама ибн Жағфардың (948 жылы қ.б.) «Китаб әл-харадж уа санат әл-китаба» («Салық және хатшы өнері туралы кітап) атты жазбасында Нушажанды мекендейтін қарлұқтардың көпшілігі мәжуси, кейбіреулері дінсіз екенін хабарлайды. Ибн Хордабек «Китаб әл-масалик уа-л-мамалик» (Жолдар мен мемлекеттер) атты еңбегінде «тоғыз-оғыз түркілерді мәжуси және зиндық» (дінсіз) деп сипаттайды. Әл-Мақдиси (947-1000) «Ахсан ат-тақасим фи марифат әл-ақалимда» Такабкет және Харран қаласында зиндықтардың (дінсіз) тұратынын баяндайды. Әл-Бақри (ХІ ғ.) «Әл-масалик уа-л-мамалик» атты еңбегінде түркілердің көпшілігінің манихейлікті ұстанатынын жеткізген. Орта ғасырлық тарихи дереккөз «Насабнамада» VIII ғасырда Түркістан аймағын мекендеген түркілердің «муғ» (манихеизм немесе зороастризм) сенімінде болғандығы баяндалады. Жалпы ғалымдардың пікіріне қарасақ, түріктер арасында таралған буддашылдық, отқақұлдық, манихей секілді діндер олардың қайраттылық, ержүректілік, қаймықпастық сықылды қабілеттерін тежеп, жауларынан жеңіліске ұшырауына апарып соқтырған. Түркі халықтарының ежелгі тарихы туралы көптеген еңбектер жазып, әсіресе «Фадаил-ұл Әтрак» (түріктердің фазилаттары, үстем сипаттары) деген еңбегімен дараланған ғалым әл-Жәһиз (776-869) мынадай тұжырым жасаған: «Түріктер зындықтардың (будда, манихей, отқақұлдық) дініне кіргеннен соң соғыстарда жеңіле бастаған. Ең жауынгер түрік ұлысы тоғыз-оғыздар сан жағынан қарлұқтардан аз болғанына қарамастан, әрдайым алға қарай ұмтылып, батылырақ соғысушы еді. Бірақ, олар зындық дініне кіргеннен кейін жасық бола бастады! Өйткені, осы зындық діндері адамды бұл дүниеден жасытып, түңілтуде христиандықтан төмен насихат жасамаған, міне, сондықтан олардың қаһарманшылық сезімі жасып, әуелі жоғалып кеткен, айбаты қайтқан». ІХ ғасырдың бірінші жартысында Ертіс бойындағы (Шығыс Қазақстан) қимақ елін басып өтіп, ұйғыр мемлекетіне бірнеше дүркін сапар шеккен араб саяхатшысы Тәмим ибн Бахр тоғыз-оғыздар арасында таралған буддашылдықтар басқа отқақұлдық пен манихей нанымдарының да көп белгісі кездесетінін, тіпті, манихеизмнің болуына байланысты отқақұлдықтың беделінің төмендеп бара жатқанын айта келе, осы діндердің аса жауынгер түрік халықтарының ұлттық мінезін өзгертіп, соғысу күшін қалжыратып жібергенін таң қаларлық сезіммен баяндайды. Көріп байқағанымыздай түркілер әу баста бір Тәңірге сенгенімен, кейін саяси-рухани ахуалдардың өзгерінуінк орай басқа халықтармен қарым-қатынасқа түсу арқылы және олардың дін уағызшыларының ықпал етуімен паганизм белгілері бар түрлі діни сенімдерді ұстанған. Тіпті, әртүрлі діни сенімді ұстану түркілердің рухани ғана емес, саяси тұтастығына сына қаққанын аңғарамыз. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
