22:26 Тәңіршілдік турасында | |
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ Ескендір Зұлхарнайынның түркілерге қатысы бар екендігі Махмұт Қашқаридің «Лұғат ат-Түрік» атты еңбегінде де айтылады. Шығарма иесі «ұйғыр» атауының шығу тегін тарқатқанда Ескендір Зұлхарнайынның түркі жауынгерлерінің аттың үстінде тұрып садақ тартуда алдындағы нысананы қалай көздеп атса, артындағыларды да солай көздеп ататын мергендігін көріп: «Инан Хузхуранд» («бұлар ешкімге мұқтаж емес», яғни аң атып күнін көре алады мағынасында) – деген көрінеді. Махмұт Қашқари кейін «Хузхур» сөзі өзгеріске ұшырап «Ұйғыр» болып аталғанын баяндайды. Кейбір тарихшылар Құран-кәрімде аты өтетін Ескендір Зұлхарнайынды әл-Мунзир ибн ас-Сама немесе Әбу Қариб әл-Химияри десе, келесі бір зерттеушілер оны атақты жаһангер Александр Македонскийге ұқсатады. Ал тәпсірші ғалымдар Ескендір Зұлхарнайынды Ибраһим пайғамбар дәуірінде өмір сүрген Йемен елінің құдіретті патшасы деп біледі. Десе де, Ескендір Зұлхарнайынның кім болғандығы, қай дәуірде өмір сүргендігі ғылымда әлі нақтыланбаған. Тек оның Батыс пен Шығысты жаулап, қиямет-қайымда шығатын Яжуз бен Мажуз қауымынан сескеніп, өзінен көмек сұраған тайпа өкілдерін қорғау үшін екі таудың ортасына темірді балқытып, шойыннан қорған тұрғызғандығы туралы илаһи хабарлар (Кәһф сүресі, 83-98) жеткен. Сол себепті біз Ескендір Зұлхарнайын мен Оғыз қағанды бір тұлға деп санайтын түрікшілдікке негізделген теорияны ғылыми жорамалдардың бірі деп қана қабылдаймыз. М.Қашқари «Лұғат ат-Түрік» еңбегінде пайғамбарды түркілерде «иалабаш», «Тәңирнин әлчиси – иалаваш, ханның әлчиси – иалафар» - «Тәңірінің елшісі – йалабаш, ханның елшісі – йалафар» деп атайтынын жеткізеді. Қарақан дәуірінде тұңғыш рет тәржімаланған Құран-кәрімде де «пайғамбарды» «йалабаш» деп берген (Мәтінде: «Мұхаммед Тәңірі Елаужы турур» (Фатих, 29) деп келген). Осыған қарағанда, түркілерде әзелден пайғамбар туралы түсінік болған тәрізді. Бірақ түркілерге келген пайғамбар кім? – дегенге келгенде, нақты жауап беру қиын. Озған пайғамбар туралы деректі растайтын қосымша дереккөздер табылмағандықтан. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбасындағы аңызды абсолютті шындық ретінде қабылдауға болмайды. «Оғызнама» дастанындағы діни оқиғалар желісі қосымша тарихи фактілермен дәлелдеуді қажет етеді. Сол себепті түркілердің тәңір сенімі монотеистік дін бе? Түркілерге пайғамбар келген бе? – деген заңды әрі тарихи сұрақтың әзірге нақты ғылыми концептуалды жауабы жоқ. Тәңіршілдік тақырыбнда ұзақ жылдар бойы зерттеу жасаған Г.Аюпов «Шар-и Ассам» атты ислами дереккөзінде Тәңір сенімінің жиырма бес пайғамбары болғанын атап өтеді. Олардың аты-жөні: 1. Аман; 2. Амият; 3. Үміт; 4. Бурах; 5. Тахин; 6. Ғоссан; 7. Еркіл; 8. Сайус; 9. Сокун; 10. Доюл; 11. Салақ; 12. Тәпкир; 13. Анук; 14. Геддат; 15. Китин; 16. Гадук; 17. Лайчур; 18. Нарун; 19. Камун; 20. Қишақ; 21. Қыпшыл; 22. Кимдун; 23. Ясан; 24. Явек; 25. Құр. Сонымен қатар, монография авторы «Шар-и Ассам» кітабында аталған пайғамбарлардың сипаттары мен қай дәуірде өмір сүргендігі туралы азды-кем мәлімет берілгенін көрсетеді. Г.Аюпов тапқан бұл дерек тәңіршілдік тақырыбындағы тың жаңалық екені сөзсіз. Алайда ғылыми айналымда «Шар-и Ассам» атты еңбектің маңыздылығы жөнінде зерттеушілер тарапынан салмақты пікірлер айтылмаған. Бұл еңбектің түпнұсқасын қарап шығып, ондағы деректерді ғылыми тұрғыда сараламайынша Тәңір сенімінің жиырма бес пайғамбары туралы кесінді ой-тұжырым айту қиын. Сол себепті бұл дереккөз және ондағы келтірілген мәліметтердің ғылымилығын анықтауды алдағы күндердің еншісіне қалдырамыз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
