22:49
Тәңіршілдік турасында

ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының келтірген дерегіне қарағанда, түркілерде Озған (Оғыз қаған) атты пайғамбар келген көрінеді. Оның айтуына қарағанда, түркілерге жаңа пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) діні туралы хабар жеткенде, бабаларымыздың бір тобы араб түбегіне сапар шегіп, Мұхаммедпен (с.ғ.с.) жүздесіп, өздерін: «Озған (Оғыз қаған) пайғамбардың үмбетіміз деп таныстырғанда Алла елшісі түркілердің бұрынғы пайғамбарын терістемеген көрінеді. Сондай-ақ, белгілі фольклортанушы Шәкірт ыбыраевтың жинаған аңыз-әңгімелерінде де түркілерге келген озған атты пайғамбардың есімі ұшырасады.

Көне дәуірден түркі халықтарында Озған пайғамбар немесе Оғыз қаған туралы «Оғызнама» атты дастан жеткен. Бұл дастанның бүгінгі күнге аздаған ерекшеліктері бар Исламға дейінгі және Исламнан кейінгі екі нұсқасы ғылыми айналымға енген. Екі нұсқаның мәтінінде кейбір атаулар мен терминдердің өзгешелігі болғанымен, жалпы екі нұсқаның желісі бір. Көптеген зерттеушілер осы шаққа дейін «Оғызнаманың» әдеби һәм тілдік қырын зерттеумен шектелген. Тек кейбір зерттеушілер ғана Оғыз қаған қиялдан туған образ емес, оның тарихи тұлға екенін болжайды. Мәселен, Н.Я.Бичурин Оғыз қағанды ғұндардың тәңірқұты мөде екенін айтады. Такинф әкейдің бұл болжамын түрік зерттеушісі Ахмет Кабаклы да жақтап, ол да мөде мен Оғыз қағанды бір кейіпкер деп біледі.

Жалпы, Оғыз қағанның боразын Құрандағы Ескендір Зұлхарнайын, Шыңғыс хан, Бұқа хамен, Жәнібек ханмен теңестірген басқа да зерттеушілер болған. Дегенмен, біздің Бичуриннің болжамына тоқталуымыздың өзіндік себебі бар. иакинф әкей Оғыздың өз әкесі Қараханды жеңіп таққа отыруын, мөденің әкесі Туманды өлтіріп билікке келуіндегі ұқсастықты алға тартып, екеуін тарихи бір тұлға деп болжайды. Сонымен бірге, екі тұлға жарты әлемді жаулап алған ұлы жиһангер болатын. Мысалы, тарихи еңбектерде Мөденің Шығыстағы Тынық мұхиттан Каспий теңізіне дейінгі аралықтағы 36 мемлекетті жаулап алғандығы айтылады. Әбілғазы да өзінің «Түрік шежіресінде» Оғыз қағанның бір тәңірге сенуді дәріптеп, Моңғол, Татар, Шүршіт, Қытай, Тұран, Үндістан, Иран, Шам, Мысырға жорық жасап, жаулап алғандығын жеткізеді.

Шынында да, «Оғызнама» дастанындағы кейіпкер кім ол пайғамбар ма, әлде әлемді жаулаушы жиһангер ме? Оғыздың туыла салып, анасына Тәңір-Тағалаға иман келтірмейінше, емшегін ембейтінін айтуы, пайғамбарлық сипат екені талассыз шындық. Себебі бүкіл пайғамбарлар «исмат» (күнәсіз, пәк) сипатымен ғұмыр кешеді. Тіпті, Оғыз қағанның тілі шығысымен «Алла, Алла» деуі, Көр хан мен Көз ханның қыздары кәпі болғандықтан, олармен төсектес болмауы, дінсіз әкесін жеңіп таққа отырғаннан кейін, кәпірлерге қарсы ғазауат жасауы, оның шынында да пайғамбар болуы мүмкін екенін аңғартады.

Одан бөлек Оғыз қағанның образын Құран-кәрімдегі Ескендір Зұлқарнайынмен ұқсатушы ғылыми тұжырымдар да кезігеді. Мәселен, XVI ғасырда өмір сүрген рүстем Паша жазған «Тауарих Әли-Осман» атты шығармада Құран-кәрімдегі Зұлқарнайынның Оғыз қаған екендігі айтылады. XVII ғасырдың атақты тәпсірші ғалымы Вани Мехмет Ефенди «арайсул-Құран» атты шығармасындағы Кәһф сүресіне жасаған түсіндірмесінде Батыс пен Шығысты бағындырған Зұлқарнайынның «Оғызнама» дастанындағы күллі әлемді жаулап алушы Оғыз қаған екенін тоқталады. Сондай-ақ, Нәшридің «Китаб-и Жиһаннамасында» Шығыс пен Батысты жаулап алушы Оғыз қаған Құран-кәрімде өтетін Ескендір Зұлқарнайын болуы мүмкін», - дейді. И.Х.Данышменд «Түркілік мәселелері» атты зерттеуінде Құран-кәрімдегі Зұлқарнайынның түркі билеушісі Оғыз қаған екеніне еш күмәнданбайтынын жеткізеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 7 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: