23:34
Тәңіршілдік турасында

ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ

Тәңір сеніміне қатысты деректерді талдағанда, діни сенімді монотеистік әрі тарнцендентті діни нанымға жатқызуға кедергі келтіретін элементтердің де ұшырасатынын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, тарих үдерістеріндегі әртүрлі ықпалдастықтың нәтижесінде Тәңір сенімінің бастапқы түпнұсқасы сақталынбаған. Бұл сеніміндегі кәлам ілімі, құлшылық негіздері, құқықтық үкімдер трансформацияға ұшырап отырған. Сонымен қатар, Тәңір сенімі өзіне тән діни элементтері бойынша сәмауи діндерден біршама ерекшеліктерге ие. Атап айтар болсақ, Тәңір сеніміндегі діни мансаптылардың (тойын, қам, бақсы, құшынаш, елті т.б.) функциялары, эсхатология, демонология түсініктері және құлшылық негіздері мен құқықтық үкімдерінде айтарлықтай өзгешеліктер бар. алайда, бұл өзгешеліктер Тәңір сенімінің монотеистік әрі тарнйендентілігіне көлеңке түсіре алмайды. Теология ғылымында сәмауи діндердің ұқсастықтары мен ерекшеліктеріне қатысты мынадай концепция қалыптасқан:

Біріншіден, Алладан келген діндердің барлығының сенім негіздері бір. Алла Тағала адамзатқа жіберген елшілері мен нәбилерінің бәріне бір дінді үйреткен. Яғни, күллі илаһи дін – Ұлы Жаратушынікі һәм елшілер мен нәбилер әкелген діндердің ақидасында (Құдайдың заты мен сипаты, пайғамбар, тағдыр, о дүние, ақырет, періште, ібіліс, жын т.б. түсініктері) айырмашылық болған емес.

Екіншіден, Алла Тағаланың елшілері мен нәбилері әкелген діндердің сенім негіздері бір болғанмен, Жаббар Хақ олардың құлшылық рәсімдерін әртүрлі етіп бекіткен. Мәселен, яһудилер мен мұсылмандардың намаздары бір-біріне ұқсамайды. Христиан дініндегі ораза мен исламдағы оразаның да ережесі әртүрлі. Тәңір сенімін ұстанушылар бақсы-құшынашпен бірге құлшылық жасаса, ал ислам дінінде жындармен байланыс жасауға тыйым салынды т.б.

Үшіншіден, илаһи діндердің ақидасы бір болса да, олардың фикһтық үкімдері, яғни қоғамдық қатынасты реттеу ережелері әр қилы болып келеді. оған Ұлы Жаратушы тарапынан рұқсат етілген. Фикһ – дінге негізделгенмен, фуқаһалар уақыт пен кеңістіктің алғышарттары мен сұранысына қарай ережелерді өздері жасайды. Ислам мәзһабтарындағы иждиһадтардың әртүрлі болуының себебі осында жатыр.

Егер, Тәңір сенімі илаһи дін болса, онда оның сенім негіздерінде сәмауи діндердің ақидасымен алабөтен өзгешелік болмаған деп болжауға негіз бар. алайда, Тәңір сенімінде өзге діни ережелерге ұқсамайтын өзіне тән – саяси басшы қағанның алтын ұрықтан жаратылуы, қамдар мен бақсылардың жындармен байланысуы, әлемнің жаратылысы, эсхатология және демонология туралы түсініктері, қоғамдық қатынасты реттеуші құқықтық жүйесі т.б. элементтер ұшырасады. Бұл – Тәңір сенімінің белгілі бір діни ерекшеліктері бар екенін көрсетеді.

Әуелі «Тәңір сенімі монотеистік дін болса, бұл діннің пайғамбары кім?» деген сұрақ туындайды. Бұл жөнінде нақты жазба дерек кездеспейді. Қасиетті жазбаларда да түркілерге келген елші немесе нәби турасында нақты мәлімет жоқ. Десе де, Құран кәрімде аты аталған 25 пайғамбардан өзге де Хақ елшілерінің болғандығы жөнінде: «Сондай-ақ, саған бұрынғы елшілерді баян қылдық, сондай-ақ, елшілерден саған баян етпегеніміз де бар» («Ниса» сүресі, 164-аят), «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ» («Фатр» сүресі, 24-аят), «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар» («Жүніс» сүресі, 47-аят) деген аяттар кездеседі. Бұл илаһи дерек бізге белгісіз, бірақ, әу баста әрбір қауымға монотеистік сенімді үйретуші расул немесе нәбилердің келгенін аңғаруға болады. Сонымен қатар, Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде адамзат баласына «Жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші жіберілгендігі» келесі бір хадисте «Екі жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші жіберілгендігі» айтылады. Негізінде, бұл илаһи мағлұмат қисынды және мәнді. Неге десеңіз, Ұлы Жаратушы мына әлемді адамзат баласы үшін сынақ алаңы ретінде жаратқан болса, Оның ескертусіз сынаққа тартуы әсте мүмкін емес. Сол себепті, Құдай тағала түркілерге де таухидті паш еткен пайғамбар жіберген болуы мүмкін деп топшылауға негіз жоқ емес. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: