20:40 Тәңіршілдік турасында | |
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ Түркілер Тәңірге «Көк» атауын қосып айтқаны белгілі. Кейбір зерттеушілер «көк» ұғымын тікелей космогония, яғни ғарыштық құдірет мағынасында айтылған деп түсінеді. Ежелгі гректер де Құдайдың аттарын Сатурн, Юпитер, Плутон деп ғарышпен байланыстырған. Қазіргі уақытта да базбір ислам топтары (салафилер) Алла Тағаланың мекені көкте деп біледі. Жалпы, «Көк Тәңірге» қатысты зерттеушілер әртүрлі пікір айтады. Қ.Сартқожаұлы «Көк» терминін талдай келіп, Тәңірге айтылатын «Көк» қарапайым аспан емес, киелілік пен қасиеттілікті білдіреді деп түйіндейді. Ғ.Есім тәңір сенімін дін емес дей келіп, «Көк Тәңірі» терминін талдағанда, «Көк» дегеніміз өну деген ұғымға саяды», - дейді. Түрік зерттеушісі Х.Танью түркі аңыздарындағы көк бөрі ұғымын талдай келіп, Тәңірдің періштесі (түркіні құтқаратын) бөрінің түсі көк емес, сұр болатынын алға тартып, «көк бөріні» - көктен келген, яғни Тәңірден келген деп түсінетінін айтады. Г.Клоусонның айтуынша «Аспанды» білдіретін «Құдай», яғни Алла ұғымын білдірген. С.Мамедованың пікірінше «Көк» сөзі түркі жазбаларында «асқақ», «күшті», «қуатты» мағыналарында қолданылған. Қ.Сартқожаұлының пікірінше «Тәңірді «Аспан» деп аудару түркология ғылымындағы қателік екенін, ол «Құдай» деген мағына беретінін айтады. Біздің пайымдауымызша да түркілер «көк» деп – шексіздікті түсінген. «Көк Тәңірі» деп құдіреті түгесілмейтін Ұлы Жаратушыны атаған тәрізді. Түркілердегі Тәңір ұғымы ислам дініндегі Алла түсінігіне қайшы келсе, Хақ дінді қабылдаған мұсылман түркілер бұл сөзді қолданбаған болар еді. Түркі деректемелеріне жататын «Оғызнама», «Қорқыт ата кітабы», Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік», Ахмет Иүгінекидің «ақиқат сыйы», Махмұт Қашқаридің «Лұғат ат-Түрік», Қ.А.Ясауидің «Диуани хикмет», «Құпия шежіре», Әбілғазының «Түрік шежіресі», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашидиінде», Өтеміш қажының «Шыңғыснамасында» т.б. шығармаларда Алланың орнына «Тәңір» сөзі қолданылған. Қазақ халқының исламдануының шырқау шегі саналатын ХІХ ғасыр өкілі Хакім Абай да: «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі», - деп жырлап, Тәңір сөзін Алланың орнына қолданады. Яғни, парсылар өз тілдеріндегі Жаратушы мағынасын білдіретін «Худайды» Алланың баламасы ретінде атайтыны секілді «Тәңір» ұғымы бір Жаратушы мағынасын бергендіктен де, мұсылман үмбетінің ішінде түркі халықтары «Алла» сөзінің баламасы ретінде «Тәңір» сөзін жиі айтқан деп тұжырымдауға болады. Жалпы, түркі халықтарының фольклорында Тәңірдің басқа атаулары да кезігеді. Атап айтар болсақ, Тек, Үзе, Иду, Үлген, Ачу, Баят, Уган, Кучлу, Бәнгу, Бір-хан т.б. атауларды түркілер Тәңірі ұғымында қолданған. Тәңір сенімі туралы позитивті пікір айтып жүрген зерттеушілердің пікірінше оларды Тәңірдің әсем атаулары мен сипаттары деп қабылдауға болады. Айталық, «Тек» - бір (әл-уаһид), «Үзе» - жоғары (Әли), «Иду» - ие (Мәликул мулк), «Өлген» - үлкен, ұлы (әл-Ғазим), «Ачу» - қаһарлы (әл-Қаһар, әл-Қудра), «Баят» - әуелгі (әл-Әууал), «Чалаб» - үстем (әл-Жаббар), «Уган» - жаратушы (Халиқ), «Кучлу» - құдіретті (әл-Қудра), «Бәнгу» - мәңгілік (әл-Ахир) деген мағыналарға саяды. Мысалы, Орхон-Енесей жазбаларында жалғыз Тәңір, «Үзе» сөзі «Айдаһар жылының жетінші айында жоғарыдағы Тәңірі күшті ер қағанды тастап кетті», «Құдіретті Тәңірі жоғарыда» деп өтеді. Махмұт Қашғаридің «Лұғат ат-Түрік» атты еңбегінде «Иду» сөзі «идхимизярлығы» - «Идудің бұйрығы» деп қолданылған. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу Білік» шығармасында «Баят» және «Уған» деп атаулары «әуелі ол жоғарыдағы Уған қамын ойлады», «Ұлы Жаратушы Уған» деп жырланады. И.В.Стеблеваның көзқарасынша көне түркілердегі Тәңір рухының «Жаратушы», «Қамқоршы», «Түзетуші», «Жазалаушы» функциялары болған. Яғни, Тәңір ұғымының да жоғарыда аталғандай әсем атаулары мен сипаттары болған сияқты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
