22:35
Тәңіршілдік турасында

ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ

Тәңір сеніміндегі монотеистік нанымның бүгінге жеткен белгілері нақты әрі толымды болмауына байланысты бұл жөніндегі зерттеушілер әрқилы пікір айтқан. Кейбір зерттеушілер натуризм, паганизм, фетишизм, зороастризм т.б. діни сенімдердің атрибуттары ұшырасатынын айтса, келесі бір зерттеушілер Тәңір сенімін монотеизмге жақын діни сенім деп біледі. Бір сөзбен айтқанда, теологияда Тәңір сенімі туралы ортақ тұжырым қалыптаспаған. Дегенмен, Орхон-Енисей тас жазуларындағы: «Көк Тәңірі аспан мен жерді жаратқанда, арасына адам баласын жаратты» немесе «Онгин» жазбасында: «Тәңірге қызмет еттім, (Тәңір) жарылқады» деген жолдар көне түркілердің бір Тәңірге сенгендігін білдіретін тәрізді.

Х ғасырдың алғашқы жартысында (922 жылы) Сыр бойына келген Ибн Фадлан оғыз түркілерінің қиналған сәтте «басын көкке созып, «бір Тәңірі» деп мінәжат қылатынын» хабарлайды. Белгілі түрік зерттеушісі Хикмет Танью «Түркілердің дін тарихы» атты монографиясында түркілердің бір Тәңірге ғана табынатынын, Тәңірге құрбандық шалатынын айта келіп: «олардың пайымынша, Көк (Тәңірі) ұлы һәм құдіретті еді», - дейді. Хикмет Танью осы еңбегінде Тәңір сеніміндегі Ғұндардың қағаны мөде тәңірқұтының көп құдайшылдыққа қарсы шығып, бір құдай сенімін дәріптеп, пұтқа табынушылармен он жыл бойы соғысқанын алға тартады. Ал, Жан-Поль Ру түркілердің империялық қуаты артқан тұста, бір Тәңірге табынғанын жеткізеді. Бірақ, Тәңір сенімін бұлайша саяси-діни тұрғыдан бағалау, сыни пікірді тудырады. Десе де, Тәңір сенімінің дамуы мен құлдырауындағы тарихи себептерді әсте жоққа шығаруға да болмайды.

Б.огел «Исламнан бұрынғы түрік мәдениеті тарихы» атты монографиясында түркілер сенген Тәңірдің ирадасы (қалауы) шексіз екенін алға тартып, Тәңірдің абсолютті мәнге ие екенін тұжырымдайды. Оған Орхон-енисей тас жазуындағы қағандардың «Тәңірдің қалауымен билікке келдім» деген сөздерін дәлел ретінде көрсетеді. Шыңғысхан дәуірінде өмір сүрген плано Карпини да «Татар елі тек бір Тәңірге сенеді» - дейді. Басқа да деректер Шыңғысхан шеріктерінің Көк Тәңіріне табынғанын, олар шабуылға шыққанда да «Мәңгі Көк Тәңірінің күшіне» сенгенін» хабарлайды. Сонымен қатар, араб саяхатшысы Әбу Дуләф өзінің шығармасында Оғыздардың қалалары бар екенін, оны тастан, ағаштан, қамыс пен храмнан тұрғызғанын, оларда пұттардың жоқ екенін жазып қалдырған.

Тәңір сеніміндегі түркі-моңғолдардың құрған соңғы қағанаты – Шыңғысхан империясы еді. Тарихтағы Тәңір сенімінің белді өкілі Шыңғысханды зерттеген тарихшылар оның бақсының қасиетіне жүгінгенін, Бұрхан-Халдун тауын киелі санағанын, Қарақорымды (Өтукен) құтты қоныс санағанын айтады. Жувейнидің жеткізуіне қарағанда Шыңғысхан бір Тәңірге иланған. Қысылтаяң шақтарда, қатарынан бірнеше күн Тәңірге жалбарынғанын жеткізеді. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» көрсетілген деректерге қарағанда, ол ислам дінінің бес парызының төртеуін (иман, намаз, ораза, зекет) хақ деп қабылдаған. Тек «қағбаға қажылық жасауға қатысты: «Тәңір неге бір жерді ғана қасиетті етіп жаратқан?» деп күмәнданған.

Ш.Л.Монтескье Шыңғысханның Исламдағы бесінші парызға «Неге тек Қағба ғана қасиетті?» деген мәселеге терең ойға шомғанына қарап, «Татарлар үйде тұрып көрмегендіктен, ғибадатхана дегенді де білмеген» деп, діни догманы отырықшы һәм көшпелі мәдениет тұрғысынан бағалайды. Ал құндылықтарды отырықшылық немесе көшпелілік деп жіктеу еуроцентристік өлшем. Теологияда діни догманы отырықшылық немесе көшпелілік деп жіктеу мүлде сын көтермейді. Бұл жерде «Заңдар рухы туралы» авторының тұжырымы біржақты айтылған деп түсінуіміз керек. Дегенмен, Тәңір сеніміндегі Шыңғысханның исламның таухид сенімін және өзге де діни ритуалдарын шүбәланбастан қабылдауы, екі сенім арасында белгілі бір ұқсастықтық бар екенін көрсетеді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: