16:53 Тәңіршілдік турасында | |
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ Түрік қағанаты VI ғасырдың екінші жартысында Шығыс пен Батыс арасын жалғаған Жібек жолына иелік етіп, Еуразия кеңістігінде ғасырға жуық уақыт салтанат құрды. Түрік қағанаты ішкі-сыртқы саяси, экономикалық, әкімшілік және діни мәселелердің орын алуына байланысты біртіндеп әлсірей бастады. Әсіресе, Қытайдың Сую династиясы түркілерді іштен ірітуге көп күш жұмсады. Әуелгіде Шығыс және Батыс болып әкімшілік аумаққа бөлінген Түрік қағанаты 604 жылы ресми түрде Шығыс Түрік қағанаты және Батыс Түрік қағанаты болып ыдырады. Түрік қағанатының әлсіреуіне және екі қағанаттың жауласуына сыртқы күштердің әсерімен қатар олардың бір бөлігі Тәңір сенімін ұстанып, бір бөлігі будда дініне өте бастады. Шығыс Түрік қағанаты Тәңір сенімінде қалып, Батыс Түрік қағанаты билеушілері будда дінін қабылдады. Өз дәуірінің алып империясы саналған Түрік қағанаты ыдырағанмен, оның орнына тарихтың әр кезеңінде Шығыс Түрік, Батыс Түрік, Хазар, Бұлғар, Түркеш, Қарлық, Ұйғыр, Қырғыз, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Моғол-Татар т.б. қағанаттар құрылды. Бұл мемлекеттердің халқының негізгі діні түркілердің әу бастағы Тәңір сенімін ұстанды. Сыртқы ықлпалдастықтың әсерінен аракідік өзге діни сенімдерге бет бұрған немесе басқа діннің атрибуттары еніп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Десе де, орта ғасырлық дереккөздерде аталған түркі қағанаттары тұрғындарының басым көпшілігі Тәңірге иланғанын жеткізеді. Өзге діндердің ықпалына ұшыраса да, ту бастағы діни нанымы Тәңір сенімінің сарқыншақтарын қатар ұстанып, оларда синкретті діни дүниетаным қалыптасты. Қалай дегенде де, түркілердің басым бөлігі ислам дінін қабылдағанға дейін олардың көпшілігі Тәңір сенімін ұстанғаны белгілі. Түркілер иланған Тәңір сенімі теологиялық өлшемдерге салып қарағанда, қандай нанымға жататынын кесіп-пішіп айту қиын. Бүгінгі күнге келіп жеткен мәліметтердің әртүрлі болуына байланысты, Тәңір сенімі хақында бірізді (консенсус) ғылыми тұжырым қалыптаспаған. Оның көптеген себептері бар. тәңір сенімін ұстанушылар тарихтың әр кезеңінде әртүрлі ықпалдасудың нәтижесінде бұл нанымның түпнұсқасын сақтай алмаған. Сондықтан, бүгінгі күнгі ғылыми айналымдағы тарихи деректерде Тәңір сенімі ала-құла күйде көрініс береді. Орта ғасырлардағы көшпелі түркілердің Еуразия даласындағы тарихи үдерістерге белсене араласуы, олардың мәдени бет бейнесін ғана өзгертіп қойған жоқ, діни дүниетанымының ала-жаңқа күйге түсуіне әсер етті. Тіпті, кейбір түркі тайпаларының тым оқшау өмір сүруі де діни нанымы дамымай, керісінше, дағдарысқа түсуіне негіз болды. ғаламдық ықпалдастықтың немесе тым қатты оқшауланудың әсерінен Тәңір сенімінің түпнұсқасы сақталынбағаны аңғарылады. дегенмен, Тәңір сенімі хақында аз да болса, тарихи мәліметтер баршылық. Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген Конфуций өз шығармаларында Тәңір сөзінің баламасы ретінде «Тянь» сөзін негізге алған. И.Кафесогулының пікірінше, сол дәуірде қытайларға «Тәңірі» түсінігі әскери қуаты мол түркілер арқылы енген. Түркілер саяси қуаттылығының арқасында отырықшы халықтарға әсер етіп, өз діни сенімдерін де халықаралық деңгейге көтерген. Ал, түркілердегі Ұлы Жаратушы деп саналған «Тәңірі» сөзі ескі шумер тілінде «Dingir» (Дингир) деп аталған. Тәңір тақырыбына қалам тартқан зерттеушілердің көпшілігі түркілердегі «Тәңір» сөзі мен шумер тіліндегі «Dingir» (Дингир) сөзінің тілдік ұқсастығына тоқталып өтеді. Дегенмен, зерттеушілер Қосөзен (Месопатамия) өңірін мекендеген шумерлерге де «Dingir» (Дингир) сенімі Орталық Азиядан келгендігі айтылады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
