16:13 Ұстазымның мерейі | |
ҰШЫРҒАН БАПТАП ҰЯДАН Жалғанда ғой өзіңді өмір атты биікке самғатқан ұстазыңды мақтан етіп, қадір тұтқаннан асқан абырой жоқ шығар. Бұлай деу, әсте, құр айтылған пафос емес, жеме-жемге келгенде, қарапайым адами шындық екені сөзсіз. Кей-кейде осынау құрмет-сыйластықты тауқыметтің күйбеңімен естен алыстатып аламыз. Өзімнің де ұстаз болғаныма он тоғызыншы жылға айналып бара жатыр. «Мұғалімім» деп қараған мені қазіргі таңда шәкірттерім «мұғалім» дейді. Ал мектеп түлегі ретінде ұядан баптап ұшырған сынып жетекшімді ұмыту мүмкін емес екен. Осынау игі де аяулы жанның бірі – биылғы жылдың 25 қарашасында асқаралы алпыстың үстіне шығып отырған Гүлбадан Сейітжанқызы Қасенова. Осыдан алпыс жыл бұрын аймағымызға қарасты Қашыр ауданының Қаратерек ауылында жарық дүние есігін ашқан Гүлбадан Сейітжанқызы 1962 жылы Ермак орта мектебінің бірінші сыныбына барды. Жалпы орта білім курсын тәмамдағаннан соң Павлодар педагогикалық институтында оқып, жоғары білімді орыс тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі мамандығына ие болды. 1979 жылдан бастап 2006 жылға дейінгі аралықта Лебяжі ауданы Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде абыройлы еңбек атқарды. Аталмыш жылдар арасын Гүлбадан апайдың пеедагогикалық жолының жұлдызы жанған шақ деп әбден айтуға болады. Себебі ол оқытқан шәкірттердің бірнеше легі осы кездерде шарықтады. Тағдырдың жазуымен шығар, маған орыс тілінен сабақ берді. Содан болар, ресми ұлтаралық қатынас тілін жетік меңгердім. Ол ол ма, мектеп бітіргенше дейін үш жыл қатарынан сынып жетекшім де болды Гүлбадан апай. Өзіне сондай жарасымды қаталдығымен қатар аналық мейірімімен де мені де, менімен тетелес оқыған сыныптастарымды да нұрландырды. Жеке өмірімізге сондай қажет болған орыс тілінің қыр-сырын үйретумен қатар әйгілі Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Некрасов, Горький һәм басқа да әйгілі тұлғалардың тағылымдық еңбектерін бойымызға дарытты. Басқасын қайдам, ал өзім осынау шәкірттік шақтарды өмірбақи еш ұмытпаспын. Оның үстіне осындай тамаша ұстазыммен он жыл қатарынан терезесі тең ұстаз да болғанымды еш бүкпесіз мақтан тұтамын. 2006 жылы аудан орталығы Аққу елді мекеніне қоныс аударған ұстазым мұғалімдік қызметін Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінде жалғастырып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанша дейін бақандай алты жыл тағы абыройлы жұмыс атқарды. Ұлы Отан соғысы ардагері Қаблен ақсақалдың ұлы Қабдол-Хамитпен шаңырақ көтеріп, отанасы атанған Гүлбадан Сейітжанқызы Мұрат атты ұлдың һәм Маржангүл есімді қыздың анасы атанды. Екі баласына өнегелі тәрбие беріп, жан жарымен ұлды ұяға қондырды, қызды қияға самғатты. Өз алдына үйлі-баранды болған балаларында қазіргі таңда әрбірінде қос-қостан жоғары білімдері бар. Айталық, ұлы Мұрат С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің заң факультетін және Инновациялық Еуразиялық университеттің қаржы факультетін тәмамдап, қазір сот атқарушы бөлімнің бастығы қызметінде жүрсе, қызы Маржангүл алдымен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің химия факультетін, кейіннен Алматыдағы Асфандияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің денсаулық және фармациядағы менедмент факультетін бітірді. Әже атанған Гүлбадан апай Шерхан және Мүсілім есімді немерелерінің қызығын көріп отыр. Қоғамдық өмірде де асқан белсенділігімен көзге түсіп жүрген Гүлбадан Сейітжанқызы «Нұр Отан» партиясының мүшесі болды. Зейнеткерлікке шыққанына екі жыл болып қалғанына қарамастан, Г.Қасенованың бойындағы өміршеңдік асыл қасиеттердің толастамас лебін сонадайдан сеземін. Мерейіңіз үстем болсын, ұстазым! Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы [i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет | |
|
Всего комментариев: 0 | |