22:48 Шұғылалы шешендік | |
ТАПҚАН ҚУАНАДЫ, ТАНЫҒАН АЛАДЫ Тайкелтір он бес жасында Қаракесек еліне ұзатқан апасының үйіне барып жатса, сол ауылдың үстінен ұдайымен үш күндей топтанған адамдар өтеді, бірақ кейін қайтқаны болмайды. «Бұл қалай?» - деп сұрағанда, апасы айтыпты: - Белгілі Қаздауысты Қазыбектің тұқымынан алшынбай деген үлкен азулы би бар еді, сол бидің жалғыз баласының өлгеніне бүгін үш күн болды. Елдің адамдары биді уатамыз, көңіл айтамыз деп топтасып барып жатыр, бірақ би басын көтермей жатып алыпты. Содан барған адамдар қайтып кете алмай бидің маңайында жүрсе керек деп түсіндіріпті. Сонда Тайкелтір: «Е, оның тұрмайтын несі бар, мен барып тұрғызайын», - деп атына мініп жүріп кетіпті. Тұп-тура бидің ордасына кіріп келсе, төрде сәлделері шаңырақтай қырық молда отыр екен. Қырық молданың сексен көзі Тайкелтірді жаратпаған пішінмен атып жіберердей болады. Бала еш нәрсені сезбеген адам секілді жатқан бидің жанына кеп отырып: - Молдалардың көзінен қорқам, Қайғылы атамның сөзінен қорқам, Туған әкемнің өзінен қорқам, Айтпай кетуге болмады, Әкем Айдабол сізге жіберіп еді. Бір ел ат басындай алтын тауып тұр, Екінші ел оны танып тұр. Бермеймін деп тапқаны, Аламын деп танығаны, Бүлінгелі халық тұр. Біріне-бірі көнбесе, Батырлар қанжар жанып тұр. Айласы құрып әкемнің, Деді: «Сізге барып кел, Аузына қарап алшынның Құлағыңды салып кел. Айтқанын ұғып жұбымен Миыңа мықтап алып кел. Осымен кеп ем мен сізге, Қисайған қыңыр қалып тұр. Ерсілі-қарсылы сенделіп, Түк бітірмей халық тұр. Мен кеттім хош бол, би ата, Молдалар маған налып тұр, - деп тұра жөнеліпті. Сонда Алшынбай жатқан күйінде: «Бұған таласатын не бар? «тапқан қуанады, таныған алады». Тапқан бір тоғыз сүйінші алсын, таныған түгендеп алтынды алсын», - депті. Сонда бала жұлып алғандай: - Төреңізге құлдық, Айтқаныңа көндік. Төсекте жатып дәл үш күн, Құдайды елмен жеңдік. Тоқтаулы сөзге түйінді, Болар ма екен теңдік? Сен еңіредің, халық шулап, Еріп жүр бәрін көрдік. Жұрт бүгілсе, сен шалқаң, Дұрыс па мұндай менмендік! Өз айтқан төрең-балаңды Таныған құдайға бердік, Сен тапсырдың қуанып, Таныған құдай сүйініп Әкетті бағлан жасыңды. Алшынбай десе алшайып, Жата бермей жантайып, Көтер жұртқа басыңды. Бұрынғының ізінен, Тағдырдың құрған тезінен Барасың қайда жол тауып! Қабыл алсаң өзіңді, Мақұл көрсең сөзімді, Түрегеліп құр сауық. Егер мақұл көрмесең, Айтқаныма көнбесең, Жата бер солай жер қауып, - депті. Сонда Алшынбай керегеден ұстап түрегелгенде керегенің үш көзі сынып кетіпті. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
