23:39
Шұғылалы шешендік

АРЫСТАННЫҢ БЕЛГІСІ

(Нұрғожа биге арғын Шоқай би айтқан дейтін сөздер)

Арыстанның белгісі –

Айналып кетсе артына,

Ақырмайды деп еді.

Нар түйенің белгісі –

Бүйрегін суырып алса да,

Бақырмайды деп еді.

Қас жақсының белгісі –

Қанша уайым-қайғы көрсе де,

«Аһ» ұрмайды деп еді.

Ну қарағай құласа,

Орнына орман-шыршалар,

Жапырақ шығып гүлденіп,

Бұтақ шығып бүрленіп.

Қиядан ұшқан қыран құс

Қонақтап өтпес демеңіз.

Айдын шалқар суалса,

Бұлақ болар сарқырап,

Теңіз болар жарқырап,

Аққу жүзіп бетінде,

Тұрақтап өтпес демеңіз.

Тұлпар орға жығылса,

Артында қалған құлын-тай

Құнан-дөнен болғанда,

Тұлпарлық етпес демеңіз.

Ақсұңқар торға шырмалса,

Ұяда қалған балапан,

Қара қанат болғанда,

Дуадақ ілмес демеңіз.

Қарызыңыз өнсе бітеді,

Шам жарығы сөнсе бітеді.

Қанша қызық дәурен сүрсең де,

Дүние қызығы өлсе бітеді.

 Арыстан айға шауып мерт болса,

Артында қалған нәсілі,

Айға шаппас демеңіз.

Атаның салған жолына,

Баласы түспес демеңіз.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 13 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: