12:04 Шұғылалы шешендік | |
ЕЛ НАМЫСЫ – ЕР НАМЫСЫ Орта жүзден Ұлы жүзге мал алып қайтуға барымташы барып, түн жамыла жылқы үйіріне килігеді. Осы сайыста Орта жүздің бір адамына найза қадалады. Жаралы адам жолшыбай өліп, сүйегін елге әкеліп қойған соң Орта жүз ұлы жүзден құн сұрайды. Ұлы жүз оған көнбейді. «Орта жүздің өлген адамына құн төлей берсек, малымыз жете ме және біздің кісіміз іздеп барып өлтірген жоқ», - деп бет бақтырмайды. Орта жүздің адамдары «Үш жүзге билік айтқан ағаның баласы ғой», - деп Төле биге жүгінуге келеді. Даугерлердің арасынан жоғары отырған біреуі дауының жөнін айтады. Тыңдап болып, Төле оң қолын созады. – Бұл қалай, - деп екінші талапкер сөйлейді. Төле сол қолын созады. - Апырмай, мына кісі сөзін жеткізіп айта алмады ма? – деп үшінші кісі сөйлейді. Мұны тыңдап болып Төле үстіңгі ернін шығарады. «Бұған да жауап бермеді» деп өтртінші біреуі сөйлейді. Мұны да тыңдап болған соң, Төле астыңғы ернін шығарады. Даугерлердің бар сөз білемін деген төртеуі жауап алмаған соң, елге қайтады. Билер келгеннен кейін жұрт жиылып, Төленің жауабын сұрайды. Билер «паң адам екен, басын да көтермеді» дейді. Жиналған жұрт: - Апырай, бұл қалай, үш жүзге билік айтқан адам еді ғой, бір ауыз жауап бермегені ме? Өздерің не айтып едіңдер? – деп сұрайды. Билер әңгіменің қалай өткенін түгел баяндап айтып береді. Сол кезде көптің арасынан ұзын бойлы, қара торы, қыр мұрынды, зор кеуделі бір жігіт кербез сөйлейді: - Жоқ, Төле би жауап бермеймін демепті. Бұдан басқа менімен сөйлесуге жарарлық адамың бар болса, сөйлеп көр деген екен. Ана ишарасы – бұрынғы сөйлесушілерге берген сыны. Ілгергі екі би сөйлегенде, екі қолын созғаны – сендер ұзын сойыл, ұр да жық, қара барымтаның адамысыңдар, сөз сөйлеп құн аларлық адам емессіңдер, мұнан басқаларың сөйлеп көріңдер, - дегені екен. Кейінгі екі адам сөйлегенде екі ернін шығарғаны – сендер ағайынды шағыстырып, өсек айтып, ат мініп, ас ішерлік қана адамсыңдар. Мұнан басқа жөн білетінің бар болса, сөйле дегені екен. Бұлардан басқа жібі түзу сөйлеуші болмаған соң, бітімді далаға берсін бе?... Бұл сөйлеген кәдімгі Едіге батыр екен. Сол жерде отырған жұрт: Төленің жатып айтқан жұмбақ ишарасын, мұнда отырып шешуге жараған сен алдына барып сөйлесіп, сөз алуға да жарайсың. «Ел намысы – ер намысы», - деп Төлемен сөйлесуге Едігені аттандырады. Едіге үлкен билік сөз сөйлеп, Төле лайықты сый көрсетіп, бітім жасап қайтады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |