10:55 Шұғылалы шешендік | |
ТОРАЙҒЫРДЫҢ АҒАСЫ ШОҢМЕН АРАЗДАСЫП ТАБЫСУЫ Шоңның малжанды, парақорлығына өкпелеп Торайғыр үйіне бармай қойыпты және Шоңның жұмсауымен Боздақ бидің ұрылары алып кеткен бір айғыр үйір қысырақты қуа барып, жартылай өндіртіп қайтса, оған ағасы Шоң қанағаттанбай, інісін биге қайта жіберген: - Басқа жақсылардың аттары жетпегендей сенің атыңды Торайғыр қойған екен. Айғыр болмасаң, қайта айналып екінші келер ме едің?! – депті Боздақ би. Торайғыр сөзден тосылып, аулына қайтып келіп Шоң биге: «Сен малжандысың. Сол үшін Боздақтан сөз естідім», - деп тіпті ағасымен қатыспай қойыпты. Оның үстіне «елден пара аласың, пара алу дұрыс емес» деп ағасына тақуалық айтқан. * * * Шоңның елден пара алатындығын бетіне басып, інісі Торайғыр ұялта береді. Содан Шоң басқа елге көшіп ауатын болады. Мұны естіп Шорманның немере ағасы Бәйкісі шешен және бір би (Бүкіл Сәти айналасын Шорман ержеткенше басқарып келген кісі екен) келсе, нелер инабатты адамдардың – «туысқандар, бет ашқандарың ұят болады, келісіңдер» деген сөздеріне бет бақтырмай отыр екен Шоң. Бәйкісі сәлемдескеннен кейін: - Сенбісің, Шоң, Торайғыр мақтап жүрген, Осы ма бар өнерің сақтап жүрген? Екеуін алыстамай табысып қал, Көп дұшпан жан-жағыңда қаптап жүрген. Ғаділдік шариғатпен сөз айтасыз, Жақсы бол, жаман болма деп айтасыз. Өзіңнің тұла бойың толған ауру. Біреудің шоқанына ем айтасың, - депті. Сонда Торайғыр: - Қанды қалпақ кисе де Қиыспайды туысқан Оңғандықтың белгісі – Өзі ұрсысып табысқан. Оңбағанның белгісі – Өткен істі қуысқан, - деп түрегеліп келіп ағасы Шоңның қолын ұстап табысыпты. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |