11:14
Шұғылалы шешендік

АСАУБАЙ ШЕШЕН       

Асаубайдың ақындық шеберлігі өрге басып, бүкіл елі аузына қарайды. Ақыры, шешендігімен даңқы жұртқа тараған Айдапсалұлы бірде Қуандық Құлтума ақынмен қағысып, өнер сынасыпты.

Кезекті алғаш Құлтума алып, былай деген екен:

Сенің таың сұрасаң,

Қаңжығалы Асаубай.

Асау болып кетіпсің,

Бас білмеген асаудай.

Сөзің өткір көрінед,

Қайралған баптап қашаудай.

Неғып шыдап жүрді екен,

Шаш орнына бас алмай.

Сөйлеушіге сөз бермей,

Айтысушыға кез келмей,

Бетіңменен кетіпсің

Ешкім сенен аса алмай.

Кез болған соң жиында

Айтысайын деп отырмын,

Қорқып сенен қаша алмай.

Сонда Асаубай айтыпты:

Уа, түбің Алтай-Тоқа Қуандық,

Сенің атың Құлтума.

Озық ақын болсаң да,

Онша маған ұмтылма,

Жетік ақын болсаң,

Жақсы сөзбен былпылда.

Міне, бұл Асаубай мен Құлтума айтысының кіріспесі ғана, оның негізгі бөлігін ел арасындағы көнекөз қариялардан сұрастырып, іздеп табу міндеті тұр алда.

Құлтумамен кездескеннен кейін Асаубай Керей Тіленші бимен де айтысқа түседі. Сөзді алғаш Асаубай бастап, Тіленші биге:

Тоғайға бұққан танадай

Жан-жағыңа қарамай.

Жапалақша жалпимай,

Қарақұсша ақлпимай,

Жолсыз жерге жанаспай,

Тұр орнын бер талтаймай, -

депті.

Тіленші іркілместен былай депті:

Уа, мен де сендей

Терезем теңдей.

Сен әлі тірі жүр ме едің,

Әкеңше сүтке күйіп өлмей.

Арғын адасып кеткен,

Қыпшақ қыдырып кеткен,

Керейім кентке ие болған,

Сауғаны мыңдаған бие болған,

Қарадан шығып Есенейім,

Халыққа таң болған.

Бекентайым дұшпанға

Қалқан болған.

Сонда Асаубай шешен:

Уа, сенің күлейін дегенің Қарлық,

Кедейлік пайғамбардан қалған жарлық.

Әкемнің кедейлікке көнбеймін деп

Сүтке күйіп өлгені нарлық.

Аспанда ай Арғын емес пе?

Жұлдыздай Қыпшақ емес пе?

Қойдай Керей, қозыдай

Уақ емес пе?

Арғынның бір тайпа елін

Аралап көрсең

Ішінде хан-патшадай

Жігіттері бар емес пе? –

деген  екен.

Ақиқатында, Асаубай – Тіленшіден өзге шешендерге айтыстарда жол бермеген ақын. Оның ғибратты сөздері де нәрлі, оларда кейінгі ұрпаққа тәлім аларлықтай терең мағына бар. Мәселен, Асаубайдың ғибрат сөздері мына төмендегідей болып келеді:

Жау қашырар көптеген,

Көпшіліктен мықты өтпеген.

Батыр да болса жау алмас,

Жалғыз жүріп бақ алмас,

Елінен шығып шеттеген.

Жақсы болар жігіттің,

Қасынан халқы кетпеген.

Болар жігіт жасынан,

Халқы кетпесе қасынан,

Дұшпанның сөзі өтпеген.

Жұрт алдына шыққан жоқ

Дүние жиып ептеген.

Ескі киіп, аз ішіп,

Бірін-бірін септеген.

Өзі сүйтіп жүрсе де,

Халықтың мінін көп көрер.

Сырттан айтып жамандап.

Кісі қалмас сөкпеген.

Аяғын, тайса бір істен

Ақыл айтушы көп болар,

Өз ақылы өз басына жетпеген.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Асаубай шешен осы аталмыш жерлерде тіршілік еткен. Ол 1845 жылы Құсмұрын дуанынан жер сұрап алып, Қанжығалылық күрлеуіттің бірнеше үйін бастап, Ерейментаудан көшіп кетеді. Онымен бірге Шәңкі, Елтін, Артықбай сынды шешендер де қоныс аударып, қазіргі Қостанай облысының Урицк ауданының жеріне барған екен. Асаубай сол жерде 1902 жылы дүниеден қайтқан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 76 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: